• 21-11-2025

Байлығы 228 млн долларға бағаланатын кәсіпкер «Ақтөбе» футбол клубына инвестор болады

Qazaq Stroy компаниясының негізін қалаушы әрі мажоритарлық акционер Нұрлан Артықбаев « Ақтөбе » футбол клубының жаңа инвесторы атанбақ, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ақтөбе» клубын жекешелендіру туралы келісім жасалғаны белгілі болды. Команданың жанкүйерлері құрамдағы өзгерістер мен футбол интернатының ашылу мүмкіндігі жөнінде болжай бастағанымен, бұл бағыттағы нақты ақпарат әзірге жарияланған жоқ.

Клубтың болашағына қатысты ұйымдастырушылық мәселелер мен инвестиция көлемі 2026 жылдың қаңтарында талқыланбақ.

Естеріңізге сала кетейік, қараша айының басында «Ақтөбені» жеке меншікке беру туралы алғашқы мәлімет шыққан еді. Облыс әкімі Асхат Шахаров шешім жыл соңына дейін қабылданатынын айтып, бірақ нақты инвестордың кім екенін жарияламады.

Осылайша, «Ақтөбе» соңғы жылдары жеке иелікке өткен клубтардың қатарына қосылып отыр. Бұған дейін «Қайсардың» инвесторы – «TAU Group Ltd» өкілі Исламғали Қозбақов, «Қызылжардың» жаңа иесі – кәсіпкер Сергей Кан, ал, «Жеңіс» клубының инвесторы – кәсіпкер Михаил Ломтадзе болғаны мәлім болды.

Айта кетейік, Нұрлан Артықбаев 2025 жылдың мамырында алғаш рет Forbes Kazakhstan тізіміне енген. Ол 228 млн долларлық байлығымен елдегі ең дәулетті кәсіпкерлерінің қатарына кіріп, рейтингте 44-орынға жайғасқан. Qazaq Stroy компаниясынан бөлек, кәсіпкер «Telecom Systems Ltd» компаниясының иесі. Бұл компания «Қазахтелеком» акцияларының шамамен 10 пайызына ие.