Ұлттық банк ел экономикасында айналыста жүрген артық ақшаны тазалауға шындап кірісті. Сол үшін ең төменгі резервтік талаптарды күрт көтерді. Бұл шаралар нарықтан инфляциялық қысымды алып тастап, ұлттық валютаға деген сенімді нығайтады.
Елдің валюта нарығы қазір өте сезімтал. Кез келген болмашы факторлардың өзі, тіпті сатып алушылар мен сатушылардың көңіл-күйі де бағаға әсер етіп жатыр. Сондықтан инфляция деңгейін ұстап тұру үшін Ұлттық банк нарықты басы артық ақшадан тазарта бастады. Бүгінде нарық айналымда жүрген 4 трлн теңгеден тазарды.
Сарапшылар баға саясатына байланысты ахуал қалыпты болатынын айтып отыр. Кейбір басылымдар мұны Ұлттық банктің базалық мөлшерлемеге қатысты қатаңдатылған саясатымен байланыстырады.
KASE биржасында елдің ұлттық валютасы да жоғарылап, сессияны бір доллар үшін 507,25 теңге белгісімен аяқтады (4,8 теңге нығайды). Кейінгі аптада доллар – 2,47%, бір айда – 3,71%, ал үш айда — 6,3%-ға арзандады.
Сарапшылар қараша айында биржадағы сауда-саттық «доллардың тұрақты ұсынысы» белгісімен өткенін айтады. Сауда-саттық көлемі де 400 млн доллардан асты. Бұл теңгеге қуатты қолдау болды.
Ұлттық банк мұны екі фактордың үйлесімімен түсіндіреді: оның бірі ішкі нарықтағы белсенділіктің артуы босла, екіншісі – базалық мөлшерлеменің 18 пайызға дейін көтерілуіне байланысты ірі портфельдік инвестициялардың ағыны.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, мөлшерлеменің көтерілуі теңгені шетелдік инвесторлар үшін тартымды еткен. «Лондондағы, Нью-Йорктегі, Абу-Дабидегі инвестициялық қорлар долларды теңгеге айналдырады, біздің облигацияларымызды сатып алады. Бұл нарықтағы доллар ұсынысын арттырады», дейді Ұлттық банк төрағасы. Оның ақпаратынша, портфельдер көлемі айтарлықтай өсті, бұл нарыққа қосымша доллар беріп, теңге бағамын күшейтті. Мысалы, қазан айының аяғында айырбастау пункттері жоғары бағамды көрсетсе, қарашаның аяғында валюта нарығындағы жағдай ұлттық валютаның пайдасына қарай өзгерді. Осылайша, теңгенің долларға бағамы нығая түсті және 2 желтоқсандағы сауда-саттықтан кейін 507,96 теңге белгісіне жетті. Қарашада өсім 3,3%-ға жетті. Бұл – жыл басынан бергі ең жоғарғы өсім.
Қаржы сарапшысы Ерлан Ибрагимнің айтуынша, жоғары базалық мөлшерлеме тек қана дамыған нарықта нәтижесін беретінін айтады. Ал біздегі қазіргі жағдай қысқа мерзімді сипатқа ие. Оның айтуынша, Ұлттық банктің қолында теңге бағамын біраз уақытқа дейін ұстап тұратын ресурс бар. Бірақ кейбір жағдай бұған сақтықпен қарау керектігін ескертіп жатыр. Біз мұны 2014 жылғы девальвацияның алдындағы ахуал кезінде байқап қалдық. Сол кезде Ұлттық банк теңге бағамын ұстап тұрып, кенеттен құнсыздандыра салды да, соның салдарынан ұлттық валюта күрт құлдырады.
«Өкінішке қарай, менің теңге бағамына қатысты болжамым позитивті емес. Мен мұны көпшілікке қолжетімді деректерге, макро және микроэкономика мен басқа да көптеген қаржылық жағдайға негіздей отырып айтып отырмын», дейді ол.
Сарапшының пікірінше, теңгенің қазіргі нығаюы – уақытша құбылыс. Оған әсер ететін факторлар көп. Оның ішінде мемлекеттік институттардың валюта сатуы, салық кезеңі, Ұлттық банктің жоғары мөлшерлемесі, тағы басқа да жағдайларды атап өтуге болады. «Әзірше экономиканы қуатты дамытады деген факторларды көріп тұрған жоқпын. Импорт экспортқа қарағанда жылдам өсіп жатыр. Шикізат нарығы да құбылмалы. Мұнай секторынан басқа инвестициялардың бағытында өзгеріс те жоқ», дейді ол.
Е.Ибрагимнң сөзінше, валюта бағамын болжау қазір мүмкін емес. «Теңгенің бүгінгі жағдайы – құрылымдық өзгеріс үшін уақыт ұтуға мүмкіндік. Мүмкіндікті уыстан шығарып алсақ, бағам қайтадан экономиканың осал тұстарының айналасында қалады. Егер қазіргі кезең реформалардың бастапқы нүктесіне айналса, онда теңге сыртқы күйзелістердің қыспағынан ешкімнің демеуінсіз-ақ өзі шығады», дейді сарапшы.
АЛМАТЫ