
Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Басқосуда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері туралы заң жобасы мен оның аясында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекс, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске енгізілетін ілеспе түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды.
МӘМС жүйесін ауқымды өзгерістер күтіп тұр
Күн тәртібіне сәйкес алдымен жиында Жоғары аудиторлық палатаның жаңа мүшесі тағайындалды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл қызметке Рахымжан Ділдаевты ұсынды. Ол Әулиеата университетін заңгер, экономист-қаржыгер мамандықтары бойынша аяқтаған, Ресей академиясында білім алып, еңбек жолын 1998 жылы бастаған. Осылайша, 20 жыл бойы Кірістер комитеті мен Қаржы министрлігінің құрылымдарында түрлі лауазымда жұмыс істеген. Дауыс беру барысында депутаттар аталған азаматтың кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Содан соң «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Үкіметтің бастамасымен әзірленген құжатта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарналар төлеу үшін табыстың жоғарғы шегін ұлғайту ұсынылған.
– Заң жобасы негізгі үш бағыттан тұрады. Біріншіден, 2027 жылға қарай кепілдендірілген көлемдегі тегін медициналық көмек пакетін екі есе, яғни 57%-дан 32%-ға қысқарту, сәйкесінше міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетін 68%-ға ұлғайту көзделеді. Екіншіден, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың МӘМС қорына төлейтін жарнаның жоғары шегін 10 еселенген, ең төменгі жалақыдан 50 есе арттыру қарастырылған. Үшіншіден, жергілікті бюджет есебінен жұмыссыздар мен әлеуметтік дағдарыс деңгейіне жататын азаматтар үшін МӘМС қорына жарна төлеу көзделіп отыр, – деді депутат Асхат Аймағамбетов.
Осы орайда ол Әлеуметтік-мәдени даму комитеті заң жобасын жұмысқа қабылдауға және оған қорытынды әзірлеуге дайын екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ палата депутаттары «2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын жұмысқа қабылдады.
ПИК қызметіне жаңа талаптар қойылады
Мәжіліс тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты үш құжатты қарады. Заң жобалары жөнінен Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева баяндама жасады.
– Өкінішке қарай, Үкімет 2019 жылдан бері жүргізіп келе жатқан тұрғын үй қорын басқару жүйесін реформалау мақсатына жете алмады. Мұның объективті және субъективті себептері бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы сәуірде Үкіметтің кеңейтілген отырысында реформаға шынайы баға беру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты жіберілген қателіктер мен істердің нақты жағдайын ескере отырып, депутаттық корпусқа кондоминиумдарды басқарудың құқықтық негізін қайта қарау тапсырылды. Бұл заң жобасы осы тапсырманы орындау үшін әзірленді. Құжат екі негізгі мәселені шешеді. Біріншіден, реформа жүргізілген 6 жыл ішінде институт ретінде жойылмаған пәтер иелері кооперативтері қызметінің ашықтығына қойылатын талаптарды енгізу. Екіншіден, тұрғындардың кондоминиумды басқару нысандары мен шарттарын таңдауы үшін барынша еркін құқықтық орта құру. Ол үшін заң жобасында кондоминиумды басқаруда мүлік иелерін біріктіру және тікелей бірлескен басқару түрі енгізілді, – деді Е.Смышляева.
Бұл ретте ол тұрғындарға есеп бермегені және үйге қажетті құжаттарды ұсынудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілетінін атап өтті. Тағы бір маңыздысы, заң жобасы күшіне енсе, тұрғын үй-коммуналдық тарифтер айлық есептік көрсеткіш бойынша есептеледі. Жалпы, құжаттар көппәтерлі үйлерге қызмет көрсетуді жақсартуға және осы салада заңнаманы жетілдіруге бағытталған.
– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша енгізілген түзетулерге сәйкес пәтер иелері кооперативтері бұдан былай шаруашылық жүргізудің дербес нысаны болмайды. Енді олар ортақ мәселелерді (мысалы, аумақты тазалау, лифтілерді пайдалану) ыңғайлы басқару үшін бірнеше үйді біріктіретін бизнес құрылымдар ретінде қарастырылады. Сонымен қатар пәтер иелері кооперативтері міндетті түрде қайта тіркеуден өтіп, жаңа жарғылар алып, коммерциялық емес ұйым аясында қатаң түрде жұмыс істеуі қажет, – деді заң жобасы төңірегінде қосымша баяндама жасаған Нұртай Сабильянов.
Айта кетейік, ұсынылған өзгерістер депутаттардың өңірлерге жұмыс сапарлары барысында атқарушы органдар, сарапшылар, жергілікті қауымдастықтармен толық талқыланған. Осыны негізге алып, жұмыс тобы құжатты қабылдауды ұсынды. Нәтижесінде, әр заң жобасына жеке-жеке дауыс беріліп, қабылданды.
Шағым азаймады, кезек кемімеді
Жыл басында Мәжіліс депутаттары өңірлерге барып, тұрғындармен кездесіп, толғандырған мәселелерін сұрап білген еді. Сапар қорытындысында сайлаушылардан мыңнан аса арыз-шағым жинақталып, Үкіметке жолданды. Жалпы отырыста Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев халық көтерген мәселелер бойынша қандай жұмыстар қолға алынғанын баяндап берді.
– Биыл сайлаушылар шамамен 700 өзекті мәселе көтерді. Оның 46%-ын әлеуметтік мәселелер қамтиды. Тағы 31%-ы – ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика, өнеркәсіп, т.б. салаларға қатысты. Денсаулық сақтау саласы – Үкімет жұмысының басым бағытының бірі. Салада біраз жұмыс атқарылды. Өткен жылы бала өлімі 8,3%-ға, ал ана өлімі 11,3%-ға азайды. Халықтың нысаналы топтарын онкоскринингпен қамту 16%-ға өсті. Нәтижесінде қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткіші 2,8%-ға төмендеді. Өңірлерде медициналық қызметкерлердің жетіспейтіні рас. Бұл мәселе кезең-кезеңмен шешіліп келеді. Үкімет «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба аясында 467 нысанның құрылысы аяқталды. 188 нысан жыл соңына дейін іске қосылады, – деді вице-премьер.
Е.Көшербаевтың баяндамасын мұқият тыңдаған қатысушылар құзырлы органдарға сауал қоюға асықты. Мәселен, Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев су тасқынына қарсы дайындықтың деңгейіне байланысты мәселе көтерді.
– Былтыр еліміздің тең жартысы су астында қалды. 10 облыста төтенше жағдай жарияланды. Оның салдарын жоямыз деп Үкіметтің резервінен 46,9 млрд теңге бөлінді. Жергілікті бюджеттен де есепсіз қаржы кетті. Биыл Қазақстанда бірде-бір елді мекен су астында қалмайтынына сендіріп, елге тыныштық сыйлай аламыз ба, жоқ па? Өйткені сіздер 1 223 елді мекен су астында қалуы мүмкін деген ақпарат тараттыңыздар, – деді депутат.
Бұған жауаптылар былтырдан бері Үкіметте жедел штаб жұмыс істеп тұрғанын, мониторинг жүргізіліп жатқанын, жағдайдың бақылауда екенін айтып сендірді.
– Тәулік бойы Төтенше жағдай министрлігі, облыс әкімдері жағдайды бақылап отыр. Алгоритм бекітілген. Өзімнің өңірден келгеніме бір ай болған жоқ. Апта сайын тиісті министрліктермен су тасқынына, қар көшкініне байланысты жедел штабтың отырысына қатысып отырдым. Әр облыста осындай штаб бар. Әр өңірдің жағдайына қарай қаражат бөлінген, тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді. Техника мен құтқарушылар дайын отыр. Мемлекеттік материалдық резервте қажетті заттар бар, – деді Е.Көшербаев.
Ал Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайхановтың жауабына сүйенсек, қарғын су жайласа, қоймалар су қабылдауға сақадай сай. Тіпті дамбылар, дренаждық жүйелер арнайы жөндеуден өткен.
Талқылау барысында депутат Елнұр Бейсенбаев сайлаушылардың сұрақтарының басым бөлігіне сырғытпа жауаптар мен формальды ұсыныстар берілгенін айтып, Үкіметті сынады.
– Республикалық деңгейдегі 355 нақты сауалдың небәрі 76-сына ғана тиісті жауап алдық. Ал қалған 79% Үкіметтің жауаптары мүлдем мардымсыз әрі дәйексіз болды. Демек жылдар бойы қордаланған, қаншама жанның тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін ауқымды мәселелер тағы да шешусіз қалды деген сөз. Денсаулық сақтау саласына МӘМС-тің енгізілгеніне 5 жылға аяқ басса да, жаңа жүйенің жыры бітпей отыр. Үш жылда үш министр ауысқанымен, медициналық сақтандыру мәселесінде нақты үш мәселе де шешілмеді. Шағым азаймады, кезек кемімеді, сапа жақсармады. Жұмыссыздықтың азаймауы тағы бар. Цифрланған заманда статистиканы бұрмалау ауруын жасырғанмен тең. Мысалы, Үкіметке сенсек, кейінгі 15 жыл бойы жұмыссыздық 4-5 пайыздық өзгермейтін көрсеткіште тұр. Ал шындығында, елімізде жұмыссыздардың саны 10–12 пайыз, яғни миллионнан асады, – деді Е.Бейсенбаев.
Сондай-ақ ол сайланған ауыл әкімдерінің құзыретін арттыру мәселесінің әлі де өте өзекті екенін, Үкіметтің көші-қон бағдарламасы мүлдем іске аспағанын, жалақыдағы теңсіздік пен инфрақұрылым мәселесі халықтың әл-ауқатына кері әсер етіп жатқанын тілге тиек етті.
Шешімін тапқан мәселелер бар
Депутаттар тарапынан сын-пікір айтылған соң, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов өңірлерге сапары кезінде ең жиі көтерілген мәселелерге тоқталып, кейінгі кезде шешімін тапқандарын тізбектеді.
– Зиянды өндірісте жұмыс істейтін адамдардың жағдайы жылдар бойы айтылып келді. Былтыр сол түйткіл шешімін тапты. Оларға қосымша әлеуметтік төлем төлеу мәселесін заңмен бекіттік. Бұл шахтада, карьерлерде, металлургиялық цехтарда зиянды әрі қауіпті жұмыс істеп жүрген жүз мыңдаған жұмысшыны қамтыды. Депутаттар ауыл-аймақты аралағанда балалардың құқығын қорғау мәселесі жиі көтерілді. Әсіресе балабақшаларға талаптарды күшейту керек деген өтініштер айтылды. Соған байланысты депутаттар Үкіметпен бірге тығыз жұмыс істеп, балабақшаларға лицензия беру тәртібі қайтарылды. Таяу күндері ғана біз осы мәселе бойынша тиісті заңды қабылдадық, – деді Е.Қошанов.
Жұртшылықты алаңдатқан тағы бір өзекті мәселе ауылдардағы дәрігер тапшылығы еді. «Amanat» партиясы бұл мәселені сайлауалды бағдарламасына енгізген. Сөйтіп, арнайы заң қабылданған. Сол заң бойынша ауылға жұмыс істеуге баратын медицина қызметкерлері үшін 9 млн теңгеге дейін төлем белгіленген. Қазір мыңдаған дәрігер ауылға барып, осының игілігін көріп отыр.
– Тұрғындар онкологиялық ауруларға скринингтің қолжетімділігіне байланысты мәселе көтерді. Жалпы, ауруды ерте кезеңде анықтау – үлкен проблема. Осы мәселені де заңмен реттедік. Енді онкологиялық ауруларға тегін скрининг жүргізіледі. Бұл – мыңдаған адамның өмірін сақтап қалу деген сөз. Ендігі кезекте Үкіметпен бірлесіп, осы жұмысты әрі қарай жалғастыруымыз керек. Жұмыс шашетектен. Мәселен, моноқалаларды дамыту жайы да назардан қалып қоймауы керек. Жергілікті маңызы бар жолдар, медициналық сақтандыру, жұмыспен қамту, баға өсімі, кибералаяқтық, баспана қолжетімділігі, интернеттің сапасы, тағы да сол сияқты мәселелер бар. Мемлекеттік органдар оларды дереу шешу қажет, шара қолдану керек, – деді Мәжіліс төрағасы.
Палата отырысының қорытындысында «Акваөсіру туралы» негізгі және оған ілеспе екі заң жобасы мақұлданды. Онда жаңа өндірістерді құру не кеңейтуге, аквашаруашылықты тұрақты дамытуға, олардың қауіпсіздігіне баса назар аударылған. Оған қоса бірқатар негізгі ұғымдар мен терминдер нақтыланған.