• 13-03-2025

Халықаралық іздеуде болған: адам ағзасын саудалаумен айналысты деген 35 жастағы әйел ұсталды

Адам ағзасын саудалаумен айналысқан халықаралық қылмыстық топтың қызметіне қатысы бар деп айыпталған 35 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды IIM-нің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталы.

Польша құқық қорғау органдары Украина-Польша шекарасындағы теміржол өткізу пунктінде 35 жастағы әйелді ұстады. Ол Қазақстан құқық қорғау органдары тарапынан 2020 жылдан бері халықаралық іздеуде болған.

Ұсталған азамат адам ағзасын саудалаумен айналысқан халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне қатысы бар деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2017-2018 жылдары бұл қылмыстық топ Қазақстандағы медициналық мекемелерде заңсыз трансплантация операцияларын ұйымдастырған. Қылмыстық схемаға Израиль, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан азаматтары тартылған. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, күдікті донорлар мен реципиенттерді қарсы алып, орналастыру, олардың медициналық тексерістен өтуін ұйымдастыру, шығындарын өтеу және құпияны сақтау жұмыстарымен айналысқан.

Сондай-ақ донорларға реципиенттермен туыстық байланыстары туралы жалған ақпаратты жаттатқызған.

Қазіргі уақытта ұсталған күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Тергеу амалдары жүріп жатыр.