• 13-03-2025

Ұлттық құрылтайдың алғашқы екі секциясында жүзден аса ұсыныс түсті

Бурабайда Ұлттық құрылтай секцияларының екінші бөлігі басталды.

Бұл жолы қатысушылар әлеуметтік-экономикалық даму мен ғылым-білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылайды. Әзірге құрылтай хатшылығы алғашқы екі секцияның жұмысын қорытындылады. БАлғашқы екі секцияда қанша ұсыныс айтылды? Түстен кейінгі талқылаулардан не күтеміз?

Бекзат Аманов, тілші:

- Биыл қатысушылар өте белсенді. Кейбіреуі бірнеше ұсыныспен келіп, маңызды мәселелерді ортаға салып жатыр.

Секция жұмыстары да қарқынды. Мұны алғашқы екі секцияның қорытындысынан байқауға болады.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Ұлттық құрылтай хатшысы:

- Бүгін Бурабайда төртінші Ұлттық құрылтай өз жұмысын бастады. Барлығы 100-ден астам құрылтай мүшесі қатысты. Бүгін түске дейін “Азаматтық қоғам” және «Мәдениет. Өнер. Руханият» тақырыбында екі секция жұмысын жасады. Нәтижесінде жүз жиырмадан аса ұсыныс келіп түсті. Ол ұсыныстар қызу талқыланып, тиісті ой-пікірлер айтылды. Барлық ұсыныс Құрылтай хатшылығы арқылы мұқият зерделеніп, қаралады.

Ал ендігі назар түстен кейінге жоспарланған талқы алаңына ауады. Бұл секциялар шамамен жарты саған бұрын басталды. Өте маңызды қос бағыт талқыланып жатыр. Ғылым-білім және өңірлердің әлеуметтік экономикалық дамуы күн тәртібінен түспейтін тақырыптар. Сол үшін бұл бағытта да белсенділік жоғары болатыны анық. Отырыстың қазіргі қарқыны қандай?

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- Халқымызда келісіп пішкен тон келте болмас деген аталы сөз бар. Бүгінгі келелі кеңестегі ұсыныстар да мұқият зерделеніп, түптің түбінде ел дамуына елеулі үлес берері сөзсіз. Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысы ертең Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтеді. Негізгі мәселелер мен шешімдер сол жиында айтылады.