• 13-03-2025

Қытайлық маркетплейстер қазақстандықтармен тең мөлшерде ҚҚС төлеуге міндетті болуы мүмкін

Қазынаға түсетін салық көлемін ұлғайту жыл басынан бері ең көп талқыланған мәселелердің біріне айналды. Енді ірі шетелдік ойыншыларды, атап айтқанда , қытайлық онлаин-дүкендерді де ҚҚС-ты толығымен төлеуге мәжбүрлеу жайлы мәселе қозғалуда.

Сонымен, депутат Азат Перуашев жаңа ұсыныс айтты – яғни отандық кәсіпкерлер сияқты сыртқы сауда алаңдарын ҚҚС-ты толық төлеуге мәжбүрлеу. Оның айтуынша, 2023 жылы шетелдік маркетплейстер Қазақстанға 505 миллиард теңгенің тауарын өткізсе, бюджетке небәрі 24 миллиард, яғни тауар айналымының 4,8 пайызы түскен. Бұл қазақстандық бизнес төлейтін ақшадан 2,5 есе аз.

«Егер қазақстандық бизнесмендер барлық алымдарды есепке алғанда 16,3%-ға дейін, ал кейбір жағдайларда 62%-ға дейін салық ауыртпалығымен жұмыс істейтін болса, ал шетелдік онлайн дүкендер іс жүзінде салықты айналып өтеді. Бұл әділетсіз жағдай туғызып, отандық бизнестің нарықтан ығысуына әкеліп соғады», — деп түсіндірді депутат.

Ол өз есебі бойынша, шетелдік компаниялардың ҚҚС-ты толық төлемеуі салдарынан Қазақстан бюджеті 60 миллиард теңгеден астам шығынға ұшырағанын атап өтті.

Сонымен қатар, Перуашев бажсыз сауданың шегін азайтуды немесе тіпті нөлге келтіруді ұсынды. Депутат негізінен отандық онлаин-саудагерлерді қолдау шараларын енгізу қажет деп санайды және онымен келіспеу қиын.

Қазір қазақстандық сатушылар салықты толық төлейді – кедендік баж салығынан бастап, әлеуметтік аударымдарға дейін. Сонымен қатар, қытайлық маркетплейстер ешқандай ауыртпалықсыз көп көлемде тауар импорттайды, бұл әділетсіз бәсекелестік тудырады. Аспан асты елі өкілдері өз үкіметінің дотациясы арқасында шығынға батса да сауда жасай алады. Олар бағаны айтарлықтай төмендете отырып, демпингке төтеп бере алмаған жергілікті кәсіпкерлерді нарықтан ығыстырып жібереді.

Қытайлық сатушылардың қарқынды экспансиясы Қазақстанға ғана әсер еткен жоқ. Кейбір елдерде өз кәсіпкерлерін қорғау мақсатында Temu және басқа да платформаларға тыйым салу немесе елеулі шектеулер енгізу туралы айтылып жүр. Ресейде, Украинада және Еуроодақта да осыған ұқсас салық шараларын енгізу қарастырылуда.