• 14-03-2025

АҚШ Украинамен табиғи ресурстар бойынша келісімге қол қоюдан бас тартты

Американың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц 11 наурызда Сауд Арабияда Джидда қаласында өткен кездесуде Украинамен сирек кездесетін металдар жөніндегі келісімге қол қоюды кейінге қалдырды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі РИА Новости порталына сілтеме жасап хабарлайды.

«Келісімді Украина үкіметі мақұлдаған. Сондықтан біз оны талқылауға ұсындық, осылайша олар Вашингтонға нақты нәтижемен оралады», – делінген материалда.

Алайда америкалық делегация келісімді бірден толыққанды құжат ретінде талқылау ұсынған. Алдын ала келісімге қол қоймау мәселесі де көтерілген. Дегенмен бұл ұсыныс Украина делегациясын қанағаттандырмады деп жазады басылым.

11 наурызда Джиддада Украина мен АҚШ делегациялары арасында келіссөздер өтті. Оның қорытындысы бойынша АҚШ әкімшілігі атысты дереу тоқтатуға шақырды. Украина президенті кеңсесі Киев пен Вашингтонның бірлескен мәлімдемесін жариялады. Онда Киевтің АҚШ-тың 30 күнге атысты тоқтату туралы ұсынысын қабылдауға дайын екені айтылған.

Бұл мерзім екі тараптың келісімімен ұзартылуы мүмкін. Сонымен қатар құжатта АҚШ-тың барлау мәліметтерімен алмасу бойынша кідірісті дереу жойып, Украинаға әскери жеткізілімдерді қайта бастайтыны көрсетілген.

Еске салайық, ақпан айының соңында Дональд Трамп Ақ үйде Владимир Зеленскийді сынға алған еді. Украина президенті АҚШ-пен украин жер қойнауын бірлесіп игеру туралы келісімге қол қоюға келген еді. Алайда америкалық көшбасшы Зеленскийден атысты тоқтатуға келісуді және Ресей президенті Владимир Путинге сын айтуды доғаруды талап етті.

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Зеленскийді «демократтар үшін насихат жүргізетін, бірақ алғыс білдірмейтін адам» деп атады. Себебі Украина басшысы өз әрекеттерін ақтап, Ресейді айыптады.

Тіпті АҚШ-қа мұхитпен бөлінгеніне қарамастан, қақтығыстың салдарын сезінетінін айтып, ескерту жасаған. Осылайша Украина делегациясы Ақ үйден шығарылып, соңында келісімге қол қойылмады.