• 15-03-2025

Жастарға мүмкіндік берген бағдарлама

Ірі қалаларда тұратын, тұрақты жұмысы болғанымен тапқаны пәтерақысы, күнкөрісінен артылмайтын, баспаналы болуға жағдайы келмейтін жас мамандарға, жас отбасыларға қосымша жағдай жасау мақсатында осыдан бес жыл бұрын сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған еді. Содан бері мемлекеттің ұсынған мүмкіндігін сәтті пайдаланған ізденімпаз жастар алғашқы жарнасын жиып, тиімді бағдарламамен үйлі болды.

Жастарға сатып алу құ­қы­ғынсыз жалға бері­летін тұрғын үй бағдарла­ма­сы­мен бес жылға пәтер жалдаған еңбекке қабілетті жастар «жалдамалы пәтерін» жекешелендіре алмайды. Осыны жергілікті әкімдіктер әуел баста ескертіп, жастарға «Отбасы банктің» немесе өңірлерде іске асып жатқан «Елорда жастары», «Алматы жастары» сынды бағдарламаларға қатысып, жеңілдікпен үйлі болуға мүмкіндік тудырды. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерді үлестірерде әлеуметтік салада еңбек ететін жастарға, мәдениет, медицина, білім бағытында еңбек ететіндерге басымдық берілді. Комиссия жалдамалы пәтерге жолдама берерде жастардың әлеуметтік жағдайына, бала санына жіті назар аударды. 10 мыңнан астам жас аталған бағдарламаның шарапатын көрді. Мемлекеттің ұсынған мүмкіндігіне іліккен жастар пәтерін нарықтағыдан әлдеқайда төмен бағада жалдап тұрды. Ай сайын пәтерге 5-15 мың теңге ара­лығында ғана ақы төледі. Осылайша, өзінің жеке баспанасын аңсап жүрген жастар таптырмас мүмкіндікке ие болды. Сол пәтерге төлеп келген ақысын үзбей, «Отбасы банктегі» шотына аударып отырса, осының өзі бес жылда үйлі болуға емін-еркін жететін еді.

Еңбек нарығында өз орнын тапқан жас отбасылардың тезірек аяққа тұ­руына дем берген бастама Астана, Ал­маты, Шымкент қалаларында іске асты. Бағдарлама жарияланған күннен алғашқылардың бірі болып өтініш қалдырғандардың қатарында Бекзат Қалиұлы да бар. Басында Бекзат бойдақ болса, жалдамалы пәтерге көш­кен соң, араға жыл салып отау құрды. Қазір екі баланың әкесі.

– 2019 жылы күзде бағдарлама туралы естіп, сайт арқылы алғашқылардың бірі болып өтініш қалдырдым. Оған 29 жасқа дейінгі тұрақты жұмысы бар азаматтар қатысты. Алғашында үміткерлер аз болған соң, менің де бағым жанды. Содан Алматы қаласы «Ақкент» шағын ауданынан бір бөлмелі пәтердің кілті қолымызға тиді. Жалдамалы пәтерге ай сайын 11 мың теңге төлеп келдім. Тегін тұрдық десек те болады. Бес жылдан кейін үйді босататын болған соң, алдын ала қамданып «Отбасы банкке» қаржы жинай бастадым. Биыл «Наурыз» бағдарламасы бо­йын­ша өтінішім мақұлданып, алашқы жарнаға тұрғын үй бағасының 20 пайызын толықтырдым. Біз алған үш бөлмелі үйдің бағасы 35 миллион теңгенің шамасында шықты. Қазір үйімізді әрлеп-сырлап жатырмыз. Алматы қаласы әкім­дігінің қызметкерлері жалдамалы пәтерді наурыздың соңына дейін босатуға тиіс екенімізді ескертті. Бұйырса, сол мерзімнен кешікпей шығамыз деп отырмыз, – дейді Алматы қаласының тұр­ғыны Бекзат Қалиұлы. Бекзат сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы жұмысын реттеуге, отбасын құруға, баспаналы болуға жәрдемдескенін айтып, ризашылығын білдірді.

Алматы қаласынан жалдамалы пәтер алып, кейін үйлі болғандардың іші­нен Рүстем Қадырбековті де атап өтуге болады. Ол 2021 жылы «Абай» шағын ауданынан 1 бөлмелі, ауданы 35 шаршы метр үйді 5 жылға жал­даған. Бүгінде «Шаңырақ» 5-10-20» бағ­дар­ламасы бо­йын­ша Алатау ауданы «Мәдениет» шағын ауданынан 3 бөлмелі пәтер алған. Алматы тұр­ғыны Әсем Алмабекова да 2020 жылдан осы бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланған. Бір бөлмелі пәтерді сатып алу құқығынсыз бес жыл жалдап тұрған. Алматы электромеханикалық кол­­леджінде жұмыс істейтін маман «Ал­­маты жастары» бағдарламасына қа­тысып, Алатау ауданындағы, «Ақкент» тұр­­ғын үй кешенінен бір бөлмелі пәтер алған.

Мұндай мысалдарды келтіре берсек, көп-ақ. Мысалы, Астана тұрғыны ерлі-зайыпты Динара мен Дәурен Балғазин де бес жыл жалдамалы үйде тұруға мүмкіндік алған. 2020 жылғы маусымнан қаладағы Ш.Уәлиханов көшесінде бір бөлмелі пәтерде тұрып келген. Келісімшарттары жуырда, 26 наурызда аяқталады. Бес жыл жалдамалы пәтердің мүмкіндігін пайдаланған ерлі-зайыптылар «Елорда жастары» бағдарламасымен баспаналы болған. Жалдамалы үйде тұрып келген Астана тұрғыны Мерей Акрапова да дәл осы «Елорда жастары» бағдарламасына қатысып, қоныс тойын тойлаған. Қысқасы, жалдамалы пәтерден кейін өңірлік «Алматы жастары», «Елорда жас­тары» сынды бағдарламаның көмегімен үйлі бол­ғандардың қарасы көп. Жалпы, «Елорда жастары» бағдарламасының пайыздық мөлшерлемесі төмен. Алғашқы жарна ретінде тұрғын үй құнының небәрі 10%-ын құйса жеткілікті. Дегенмен бұл бағдарламаның да өз талабы, шарттары бар, екінің бірі қатыса алмайды.

Тұрғын үй заңнамасының талаптары бойынша босаған үйлер енді баспанаға мұқтаж жандарға берілуге тиіс. Мегаполистерде талай жыл үйлі болуды аңсап жүрген түрлі санаттағы отбасылар көп. Осыны біле тұра тұрғын үйді жалға алған жастардың ішінде орнынан қозғалуға дайын емес отбасылар да аз емес болып шықты. Бастапқы жарнасын жинап үлгермей, бейқам жүргендердің уәжі жалдамалы пәтерді сатып алу мүмкіндігі қаралса деген ұсыныспен үндеседі. Жалға берілетін үйді сатып алып, ақысын жеңілдікпен бөліп төлеу шартымен төлесем дейтіндер кездеседі. Жалдау мерзімін ұзартуды сұрайтындар да бар. Заң жүзінде «жалдамалы пәтерде әрі қарай тұрсам» немесе «ипотека рәсімдесем» деген жас­тардың талабын қанағаттандыру мүмкін емес. Жалдамалы пәтердің кілтін ама­наттағанда, одан бұрын жастар сатып алу, ұзарту құқығынсыз тұрғын үйлерді жалдау шарттарына қол қойған­да бағ­дарламаның талаптарымен түгел танысқан.

Қала әкімдіктері сатып алу құқы­ғынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасының ереже-талаптарын біле тұра, тұрғын үйді босатудан бас тартып отырған тұрғындарға тиісті шара қабылдайтынын хабарлады. Мысалы, Алматы қаласы әкімдігі пәтерді ерікті түрде босатудан бас тартқандардың мәселесі сот тәртібімен қаралатынын айтты. Мұндай шешім қабылдамаса тағы болмайды, қалада пәтер кезегінде тұрған мұқтаж отбасылар көбейген. Астана, Алматы әкімдіктері қазір де қарекетсіз қарап отырған жоқ, әлі өз пәтеріне қоныстанып үлгермегендерге тиімді бағдарламалар ұсынып, барынша бағыт-бағдар көрсетіп жатыр.