• 15-03-2025

Өскеменнің автоволонтерлері қайырымдылық жасауға шықты

Наурызнама апталығында Өскеменнің автоволонтерлері қайырымдылық жасауға шықты, деп хабарлайды 24KZ. Көлік иелері мүгедектігі бар жандарды аурухана мен сауда орындарына тегін тасып жүр.

Кәсіпкер Тимур Сәлімбаевтің жұмыс күні көлік тізгінінде өтеді. Ол арасында жолаушы тасымалымен де айналысады. Көмекке зәру зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарды баратын жеріне тегін жеткізуді әдетке айналдырған. Іскер жігіт мұқтаж жандарға материалдық және моральдық тұрғыдан қолдау көрсетуді азаматтық парызым деп біледі. Жүргізушілердің ұйымшылдығынан бөлек, Өскеменде автоволонтёрлер командасы жасақталған. Күн сайын ұлын ем-шараға апаратын Оксана Антипина оларға үлкен үміт артады.

Оксана Антипина, қала тұрғыны:

- Көмек керек болған кезде хабарласа қоямын. Ешқашан бетімді қайтармайды. Бізді күнде тасиды. Мектепке апарып, алып келеді.

Командада 30-дан астам көлік бар. Олар бір күнде жүздеген шақырым жүреді. Еріктілер тобының жұмысын үйлестірумен айналысатын Татьяна Дементьеваның өзі де арбаға таңылған. Сондықтан мүгедектігі бар жандардың күнделікті өмірде қандай қиындықтарға тап болатынын жақсы біледі. Ол әрдайым көмек қолын созуға даяр тұратын елгезек адамдардың барына қуанады.

Татьяна Дементьева, автоволонтёр қозғалысын ұйымдастырушы:

- Қайырымды адамдар өте көп. Командамыз өсіп жатыр. Жоба тұрғындар арасында өте танымал. Көмекке жүгінушілер мен қолдаушылар саны күннен-күнге артып келеді.

Былтыр Өскемен қаласының автоволонтёрлері мыңнан астам шақыртуға шығып, әлеуметтік такси форматында мұқтаж адамдарға көмек көрсеткен. Жол үстіндегі таныстықтың арты достыққа ұласып жатады. Бүгінде автоволонтёрлік қозғалысына сұраныс жоғары. Осыны ескерген жергілікті атқарушы билік мемлекеттік инватакси қызметінің ауқымын кеңейтуді көздейді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин