
Қилы кезеңде Қиыр Шығыстан жер аударылған кәріс жұртының біразы Тобыл өңіріне сіңісіп, бүгінде осы топыраққа тамыр жайып, өсіп-өнген көп этностың біріне айналды. Қазір облыста шамамен 3 800-дей кәріс ұлтының өкілі тұрады.
Бүгінде облыстық ассамблея аясында жұмыс істеп жатқан Корей этномәдени бірлестігі осыдан 35 жыл бұрын құрылған. Содан бері аталған бірлестік өкілдері өңірде көпке үлгі боларлық талай игі іске мұрындық болып, достық пен ынтымақты, бірлік пен адал еңбекті ту етіп ұстап келеді.
«Қазақ жеріне, қазақ халқына алғысымыз шексіз. Бүгінде біз өз тілімізді үйренуге тырысып, ұлттық бастауларымызға, тарихымыз бен мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге қайта үңіліп жатырмыз. Этномәдени орталықтың жанынан корей тілін оқытатын жексенбілік мектеп жұмыс істеп жатыр. Қазіргі жастар корей тілі мен мәдениетіне ынтық. Сондықтан жексенбілік мектепке келушілер көп, оның үстіне мұнда тегін оқытады. Мұның сыртында, Қазақстан корейлері қауымдастығы әзірлеген қазақ тіліннің оқу бағдарламасы бар. «Lingua ҚКҚ» деп аталатын бұл бағдарлама қазақ тілін тереңдетіп оқытуға арналмағанымен, тұрмыстық деңгейде сөйлеуге үйретеді. Қазақ тілін біз мектепте, университетте оқимыз, сөздік қорымыз мол, бірақ сөздің қосымшасын дұрыс айтпай қалам ба деп қысылып, сөйлеуге қорқамыз. Жағдаяттық қазақ тіліне оқытатын біздің бағдарлама осы қорқынышты жеңіп, адамды әрі қарай сөйлеп кетуге үйретеді», дейді облыстық корей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ульяна Ким.
Бірлестік өкілдері өңір дамуының қай саласында болмасын белсенді. Мысалы, Қостанайдың сәулетін кіргізіп, ажарын ашқан көпқабатты заманауи зәулім үйлердің көбін ағайынды Кимдер басқарып отырған құрылыс компаниясы тұрғызған.
Қашанда тиянақты ісімен, ауызбіршіліктің күшімен ерекшеленетін Корей ұлттық орталығы тындырған игі істің бәрін тізбелеп шығу мүмкін емес. Алайда былтыр жұртты алашапқын еткен алапат су тасқыны кезінде қауіпті жерлерден эвакуацияланған тұрғындарға материалдық көмек көрсетіп, ел басына түскен ауыртпалықты көппен бірге көтеріскен ұлттық бірлестіктердің ішіндегі ең белсендісі болғанын айта кеткен жөн.
«Былтыр наурыздың 25–26-ларында облыстың оңтүстік аудандарында су тасқыны басталды деген суыт хабар жетісімен, үлкен жүк көлігіне шұғыл азық-түлік тиеп жібердік. Одан кейін Жангелдин ауданына 6 электр генераторын, екі мотопомпа, сәбилерге арналған памперс сияқты сол уақытта нағыз керек дүниелерді жөнелттік. Кейін Тобыл өзені таси бастады. Біздің волонтёрлеріміз қиын сәтте Қостанайға кіретін үлкен көпірді аман алып қалу үшін күресіп жатқан 500 адамға палау сатып алып, ыстық тамақ тасыды. Корей орталығының құрылтайшылары, «БК строй» құрылыс компаниясын басқарып отырған ағайынды Кимдер төтенше жағдайдан кейін құрылған өңірлік қорға 10 млн теңге аударды», дейді У.Ким.
Корей орталығы Қазақстан мен Оңтүстік Корея елінің арасындағы екі жақты достық, әріптестік қарым-қатынастың нығаюына да көп септігін тигізіп келеді. Бүгінде осы бағытта жасалған меморандумдар аясында көптеген игі жоба жүзеге асырылып жатыр.
Ульянаның айтуынша, Оңтүстік Кореяда мемлекеттік білім грантын алу өте қиын, тіпті, мұндай игілікке жергілікті корейлердің өздері де оңайлықпен қол жеткізе алмайтын көрінеді. Алайда Сеул, Пусан университеттері жыл сайын Қазақстанда тұрып жатқан корей жастарына тегін мемлекеттік білім гранттарын бөліп отырады. Мұның сыртында, екі ел арасындағы халықаралық келісімшарт аясында біздің хирург дәрігер, хирург медбикелер жыл сайын іріктеуден өтіп, Сеул клиникаларында тегін тәжірибеден өтіп келеді. Жергілікті корейлер Оңтүстік Корядан әртүрлі саладағы жаңа технологияларды әкеліп осы жерде кәсіпен шұғылданып жатыр. Оның ішінде «ақылды» құрылғылары бар жылыжай әкеліп, жеміс-жидек, көкөніс өсіріп жатқандар көп.
«Бұрын ағайындарымыз, көбіне, жастар, тарихи отанымызға қайта бастағанда, Қазақстан корейлерінің келешегіне алаңдаушы едік. Қазір бұл үдеріс саябырсыды. Ол жақта жаңа технологияны, жаңа әдістерді меңгерген жастардың біразы өңірге қайтып оралып, осы жерде кәсіп ашып, еңбек етіп жатыр. Тағдырдың тәлкегімен қоныс аударған түрлі этнос өкілдерін қазақ халқы бауырына басып, қамқорлық танытты. Алғыс айту күні – осы топырақты мекендеген сан ұлттың басынан өткен қасірет пен ауыртпалықтан сабақ алатын күн, ықылас пен мейірімге тағзым ететін күн», дейді бірлестік жетекшісі.
Қостанай облысы