• 18-03-2025

"Бұл – айтулы жетістік!": Тоқаев бокстан үш дүркін әлем чемпионы атанған Назым Қызайбайды құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық боксшы Назым Қызайбайды тарихи жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Назым Қызайбайды отандық бокс тарихында тұңғыш рет үш дүркін әлем чемпионы болуымен құттықтаймын. Бұл – айтулы жетістік!

Сербияда өтіп жатқан әлем біріншілігінде үздік нәтиже көрсеткен ұлттық құрама мүшелеріне алғыс айтамын. Спортшы қыздарымыздың алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік білдіремін", — деп жазды мемлекет басшысы Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Айта кетейік, бокстан Сербияның Ниш қаласында әйелдер арасында өткен әлем чемпионатында Назым Қызайбай финалдық кездесуде ресейлік Юлия Чумгалакованы 5:0 есебімен жеңіп, үш дүркін әлем чемпионы атанды.

Назым осыған дейін 2014 және 2016 жылғы әлем біріншілігінде топ жарған еді.

Назым Қызайбай Қазақстан тарихында бокстан үш дүркін әлем чемпионы атанған – алғашқы боксшы. Ерлер арасында да әлі ешкім мұндай жетістікке жеткен емес.