• 14-03-2025

"Жетісу" футбол клубының директоры сотталды

Талдықорған қалалық соты "Жетісу" футбол клубының директоры Қалмұхамет Дөңсебаевқа қатысты үкім шығарды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Антикордың Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің хабарлауынша, ол оқу-жаттығу жиындарын өткізу кезінде клуб футболшыларының тамақтануына бөлінген 31,9 млн теңге мөлшерінде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

"Залалдың толық өтелуіне және ауыр сырқаттың болуына байланысты Дөңсебаевқа мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойы тыйым салына отырып, 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді", — делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енді.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың маусымында желіде "Жетісу" футбол клубының директоры, сонымен қатар жергілікті әуе компаниясының басшысы болған Қалмұхамет Дөңсебаевтың ұсталғаны туралы ақпарат шықты. Оны сот растады.