• 19-03-2025

Жеңісті Берлинде қарсы алған сарбаз сұхбат берді

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қызылорда облысынан 150 мың сарбаз аттанып, олардың тек 60 мыңы ғана елге оралды. Бүгінде Сыр өңірінде көзі тірі екі ардагер ғана қалды. Солардың бірі – 101 жастағы Тілеуберген Тобабергенұлы. Қан майданда екі мәрте ауыр жарақат алса да, жеңісті Берлинде қарсы алған майдангермен әріптесіміз Нұрлан Жақыпбеков арнайы жолығып, сыр сұхбат құрды.

Тілеуберген Тобабергенұлы 1924 жылы Қазалы ауданының №2 ауылдық кеңесіне қарасты Жамбыл колхозында дүниеге келген. 18 жасында майданға аттанып, 291-атқыштар полкі құрамында болған. Ол Беларусь, Польша, Чехословакия елдерімен қатар Кенигсберг және Калининград қалаларын азат етуге қатысып, Жеңісті Берлин қаласында қарсы алды. Оқ пен оттың ортасында жүріп, екі мәрте ауыр жарақат алған жауынгер соғыстан кейін елге оралып, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Бүгінде 101 жасқа толған қария әр берген батасында елдің амандығы мен тыныштығын тілеп келеді.

Марал Түзбаева, Т. Тобабергенұлының қызы:

- Бейбітшілік болсын дейді, біздің көрген бейнетімізді, зұлмат соғысымызды келешек балдар көрмесін, тыныштық заман болсын деп өзінің тілегін айтып отырады ғой. Көненің адамдары бұрынғы таза тамақтар жегесін шығар, күшті болды. Әзірге де бұл кісі жаман емес, жақсы. Тек кәрілік қой жеңетін.

Тілеуберген ақсақал тоқсан жастан асқанша мал жайғап, бау-бақшаның күтімін жасаған. Бүгінде Қазалы ауданының ерікті жастары қарт жауынгердің үйіне жиі бас сұғып, шаруасына көмек береді екен.

Ербол Әбілқайыр, Әйтеке би кентінің тұрғыны:

- Бүгінгі бейбіт күнді сыйлаған аталарымызды ешқашан ұмытпаймыз. Қазіргі таңда көктем айы болғандықтан, егіннің маусымы келе жатыр. Сондықтан үй жағына бау-бақшасын егуге жерін тазалап, қол көмегімізді беріп жатырмыз.

Былтыр мерейлі 100 жасқа толған майдангерге Қазалы ауданының жаңа ықшамауданында салынған үйден 3 бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Ал биыл Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне 5 миллион теңге көлемінде біржолғы қаржылай көмек беріледі.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев