• 21-03-2025

Қосшыда елімізде теңдесі жоқ мәдени-спорт кешені ашылды

Қазақстанда баламасы жоқ жаңа комьюнити орталығы енді Қосшы қаласында бар.

Қоғамдық мәдени-спорт кешені елорда іргесіндегі шаһарда бой көтерді. Мұнда оқушылар робототехника, қолөнер, ән айту, графикалық дизайн жасау сынды үйірмелерге тегін қатыса алады. Ал демалыс күндері Қосшы тұрғындары осы орталықтағы кинозалда сүйікті фильмдерін де көру мүмкіндігіне ие болды. Айта кету керек, заманауи нысан толық жеке инвестициялар есебінен тұрғызылып, мемлекеттік меншігіне берілген.

Бұл Қосшы қаласындағы 8,5 мың шаршы метр аумақты алып жатқан алып кешен 1 жылдың ішінде салынған. Қоғамдық мәдени-спорт кешені жеке инвестиция есебінен тұрғызылып, мемлекеттің меншігіне берілді. Мұнда оқушылар қолөнер, тігін, хореография сабақтары мен робототехника үйірмесіне тегін қатыса алады.

Інжу Орал, оқушы:

- Сызықтық бойымен жүретін роботты істедік. Осы сызықтармен түп-түзу өтуі керек. Бір апта бұрын Астанада республикалық жарыс өтті. Біз соған қатысып, екінші орын алып, енді Алла қаласа 16 сәуірде Түркияға ұшамыз. Дайындық негізінен жақсы өтіп жатыр. Роботты істеп, дайындалып жатырмыз.

Кешен бір мезгілде 1000-ға жуық адамды қабылдай алады. Жоба құны 9,6 млрд теңге.

Алмаз Шарман, Б. Өтемұратов қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы:

- Қазақстанда еш жерде жоқ. Қосшының тұрғындарына, қонақтарына мұнда көптеген жаңалықтар болады. Кітапхана бар, спорттық, мәдениеттік көп мәселелерге арналған жарық, кең, керемет ғимаратты кіргізіп отырмыз.

Бүгін Наурыз мейрамы қарсаңында Қосшы халқының игілігіне берілген нысанды Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев аралап көрді. Қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы туындыларын тамашалап, орталықта тәлім алатын өрендерге білім әлемінде зор жетістіктер тіледі.

Ермек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Бұл жерде сәби болсын, қарт болсын жаңа ақсаладарымыз келіп отыр. Қоғамдық мәдени-спорт кешені деп жазылып тұр, дәл солай болсын. Жаңа кішкентай қолөнер шеберлері өздерінің кішкентай шеберханаларын ашайын деп отыр. Бұл деген ұлттық өнеріміді сақтап, дамытып, жастар оны көріп рухани жағынан да үлкен мәселелер шешіледі деп айтуға болады.

Қоғамдық мәдени-спорт кешенінде түрлі жастағы келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Волейбол, футбол, теннис алаңдары да қарастырылған. 233 орынға шақталған кинозал да бар. Айта кету керек, бұл орталық Болат Өтемұратов қорының Қосшы қаласының тұрғындарына тарту еткен алғашқы әлеуметтік нысаны емес. 2023 жылы бұл шаһарда 1,5 мың оқушы білім алатын заманауи мектеп ашылған болатын. Енді алдағы уақытта елорда іргесіндегі қалада емдеу мекемелері де салынады – дейді, аймақ басшысы.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

- Емхана, аурухана қазір бой көтеріп жатыр. Биыл күз айында емхананы іске қосамыз. Ол 1 мың адамды қабылдай алады. Келесі жылдың басында 350 жататын орны бар аурухана қабылданады. Тек қана Қосшы емес, 7 ауданды қамтитын орталық осы жерде бой көтереді.

Жуырда өткен Ұлттық құрылтай барысында Президент Қосшы қаласында халықаралық деңгейдегі колледж ашуды тапсырған болатын. Бұл нысанның құрылысы биыл жазда басталады деп жоспарланған. Жаңа білім ошағы 2027 жылы ашылады деп күтіледі.

Риат Шони, Бағдат Қайыркен