• 23-03-2025

Трамптың арнайы елшісі Киевтің президент сайлауын өткізуге дайын екенін мәлімдеді

Украинада кезекті президент сайлауы 2024 жылы өткізілуге тиіс болатын. Алайда бұл елдің заңы бойынша әскери жағдай кезінде қандай да бір дауыс беру шараларының өтуіне тыйым салынған, деп хабарлайды BBC-ге сілтеме жасаған Kazinform.

"Олар бұған келісті, Украинада сайлау болады", — деді Стив Уиткофф Такер Карлсонға берген сұхбатында.

Уиткофф сонымен қатар Украинаның НАТО мүшесі болмайтынын атап өтті. Бірақ украиналықтармен "бесінші пункт" жөнінде әңгіме болды. Оның талаптары бойынша, НАТО-ның әрбір мүшесі өзге мүшелерден көмек алады. Бұл ретте әңгіме Украина НАТО мүшесі болмаса да осындай көмекті алуға құқылы ма, деген сауал төңірегінде өрбіді.

"НАТО-ға келер болсақ, Зеленский мен оның "оң қолы" Ермак НАТО-ға мүше болмайтынын мойындады деуге болады", — деді арнайы өкіл.

Еске салсақ, бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Дональд Трамптың Ресей мен Украинаның 30 күндік мерзімге бітімге келу идеясын қолдап, әскерилерге Украинаның энергетика инфрақұрылымына соққы жасауды тоқтатуға бұйрық бергенін жазған едік.