Павлодардағы мұнай-химия зауытында өрт шықты
Оқыс оқиғадан екі адамның денесін күйік шалды. Павлодардағы мұнай-химия зауыты өртеніп, екі адам зардап шек ...
Премьер-министр Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Президенттің энергетика саласына қатысты тапсырмаларының орындалу барысын тексерді. Олжас Бектенов Екібастұзда ГРЭС-1-ді жаңғырту нәтижелерімен, таза көмір технологиясын пайдалана отырып, ГРЭС-2-ні реконструкциялау және ГРЭС-3 стансасы құрылысы жобаларын жүзеге асырудың басталуымен танысты. Мұнда экономиканың өсіп келе жатқан қажеттіліктері, жаңа өндіріс орындарын іске қосу және белсенді цифрландыру аясында саланы дамыту мәселелері бойынша республикалық кеңес өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Болат Нұржанов атындағы ГРЭС-1 және ГРЭС-2 құрамына кіретін Екібастұз энергия торабы нысандарының жалпы белгіленген қуаты 5 мың МВт-қа жетеді, бұл Екібастұзды электр энергиясын өндіруде стратегиялық маңызды орталыққа айналдырады. Жалпы, Павлодар облысы республикадағы электр энергиясының 40%-дан астамын өндіреді.
ГРЭС-1-ді жаңғырту аясында өткен жылдың желтоқсан айында қуаты 540 МВт болатын №1 энергоблок қалпына келтіріліп, пайдалануға берілген. 2026-2028 жылдары отынмен қамтамасыз ету жүйелерін реконструкциялау және жаңа түтін мұржасын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар процестерді автоматтандыру, шығарындыларды бақылау және қандай да бір оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша баяндама жасалған.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен энергетиканы дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте саланың негізгі бағыттары, оның ішінде жаңа қуат көздерін іске қосу, инфрақұрылымды жаңғырту, Батыс аймақтың электр желілерін еліміздің Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру, энергия тиімділігін арттыру және басқа да мәселелер қаралды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, «Самұрық-Энерго» АҚ және «KEGOC» АҚ компаниялары басшылығы, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.
Қазақстанда 227 электр стансасы жұмыс істейді. Станса жабдықтарының орташа тозу деңгейі 56%-ға жетеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі 4%-ға өсті. Жаңа қуат көздерін іске қосу қолданыстағы стансаларды жаңғырту және жаңа генерациялайтын қондырғылар салу есебінен болжанып отыр.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов өткен жылы 771 МВт жаңа қуат көзі, оның ішінде Екібастұз ГРЭС-1-дегі №1 блок қалпына келтірілгенін, Атырау ЖЭО-дағы №6 турбина, Жезқазған қаласындағы ЖЭО-да №8 қазандық ауыстырылғанын, сондай-ақ жалпы қуаты 163 МВт баламалы энергетика жобалары іске қосылғанын мәлімдеген.
«Генерациялайтын қондырғыларды жаңғыртуға, кеңейтуге, реконструкциялауға және жаңарту бойынша жалпы қуаты шамамен 2 ГВт болатын 14 инвестициялық келісім жасалды. Биыл 621 МВт, 2026 жылы – 2,6 ГВт іске қосу жоспарланған. Экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін өтеу үшін 2029 жылға дейін 68 жоба жүзеге асырылады. Жалпы, 2035 жылға дейін жалпы қуаты 4,2 ГВт қолданыстағы стансаларды жаңғырту, реконструкциялау және кеңейту жоспарланып отыр», делінген хабарламада.
Сонымен қатар Ақтөбе, Батыс, Сарыбай жүйеаралық электр желілері KEGOC филиалдарының 220-500 кВ әуе желісін реконструкциялау жобасы аяқталды, оның шеңберінде нормативтік пайдалану мерзіміне жеткен жалпы ұзындығы 2 мың шақырымды құрайтын қолданыстағы 24 электр беру желісіне жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті жаңғырту жұмыстарының барысы туралы айтылды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев еліміздің ірі кәсіпорындарымен экономиканың энергия сыйымдылығын және энергия тұтынуды төмендету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Іске асырылған бірқатар жоба аталды. «КарЦемент» кәсіпорнындағы сорғы жабдықтарын жаңғырту электр энергиясының үлестік шығынын 15,4%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Қазақстан электролиз зауыты электролизерлер мен оқшауланған электр қазандықтарын күрделі жөндеуден өткізіп, электр энергиясын тұтынуды 4,5%-ға азайтты. Ақтөбе мыс компаниясы газ поршенді қондырғылар жұмысын оңтайландыру және отын қоспасын беруді реттеу арқылы электр энергиясының шығынын 2%-ға қысқартты. Сондай-ақ бюджеттік сектордың энергия тұтынуына мониторинг жүргізілуде. Цифрландыру шеңберінде Мемлекеттік энергетикалық тізілім энергия үнемдеу саласындағы Бірыңғай ақпараттық жүйеге трансформациялануда.
«Президент энергетиканы өзін-өзі қамтамасыз ететін әрі бәсекеге қабілетті ел құрудың негізгі бағыттарының бірі ретінде атады. Бұл табысты цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу – оған тікелей тәуелді болатын жаңа әлемдегі тұрақты ілгерілеудің негізгі факторы. Бұл жерде Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанда орасан зор мүмкіндіктер бар. Сонымен қатар жоспарланған жобалардың уақтылы орындалмауы экономиканың дамуын тежейді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Біз белсенді түрде жұмыс істеуіміз керек. Бірқатар ірі жоба қазірдің өзінде электр қуатын қажет етіп отыр», деді Олжас Бектенов. Маңызды жобалар қатарында Семей, Өскемен және Көкшетау қалаларында заманауи көмір станцияларын іске қосу, Екібастұз қаласындағы заманауи ГРЭС-3 станциясының құрылысы атап өтілді.
Кеңес соңында бірқатар тапсырма берілді. Биыл KEGOC Батыс аймақтың электр желілерін БЭЖ-бен біріктіру үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауы қажет, жұмыс 2027 жылы аяқталуы тиіс. Аталған жоба тұтынушыларды электрмен жабдықтау сенімділігін арттырады. Премьер-министр көмір химиясын дамытуға баса назар аударып, жоғары өңделген өнім өндіру үшін көмірді өңдеудің инновациялық технологиясын белсенді пайдалануды тапсырды.