• 14-03-2025

Алматылық әскерилер ардагер әжелерді құттықтады

Алматы гарнизонының әскери қызметкерлері де соғыс ардагерлері Ольга Савенко мен Екатерина Барановаға арнайы барып құттықтады, деп хабарлайды 24kz.

Ольга Савенко байланысшы болып, Берлинге дейін жеткен. Ал Екатерина Баранова дала госпиталінде фельдшер болып, талай жаралы жауынгерді құтқарып қалған.

Әскерилер алдымен Екатерина Баранованы құттықтап барды. Алғысқа толы сөздерін айтып, гүл сыйлады. Алдағы шілде айында ардагер 100 жылдық мерейтойын атап өтеді.

Екатерина Александровна Ресейдің Курск облысында дүниеге келіп, сол жерде медициналық училищені тәмамдаған. 1943 жылы майданға шақыртылады. Сталинград, Курск, кейін Польша жерлерінде әскери медицина бөлімдерінде фельдшер болып қызмет атқарған.

Екатерина Баранова, соғыс ардагері:

- Біз жеңісті Чехославакияның Карловы Вары деген қаласында қарсы алдық. Соғыстан кейін де сол жердегі әскери госпитальда қызмет еттік.

Екатерина Баранова офицер жұбайымен әскери емханада танысып, соғыстан кейін Алматыға көшіп келеді. Ал 9 мамырда Ольга Савенко Жеңіс күнін ғана емес, 102 жас мерейтойын да атап өтпек. Ол 1923 жылы Алматыда дүниеге келген. 18 жасында Ленинградтағы әскери байланыс училищесін тәмамдап, бірден майданға аттанған. Соғыстан кейін туған қаласына оралып, жарты ғасырдан астам уақыт телеграфта жұмыс істеді.

Ольга Савенко, соғыс ардагері:

- Мен көпбалалы отбасында өстім. Алты бауырым бар еді, бәрі соғыста қаза тапты. Майданда болдым, бірақ аман қалдым. Өкінішке қарай, туған бауырларымды қайта көре алмадым.

Алматы гарнизонының қызметкерлері майдангерлерге Қорғаныс министрінің арнайы құттықтауын жеткізіп, сый-сияпат табыстады. Бұл нәзік жандардың бойында болаттай беріктік, ерлік пен төзімділік қатар ұштасқан.

Нұртас Қабақов, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы:

- Бұл кісілерге тілейтініміз –денсаулықтары мықты болсын. Алда келе жатқан Жеңіс мерекесін бірге қарсы алып, сол кісілерді мақтан тұтып, артта келе жатқан сарбаздарға, жауынгерлерге осы кісілердің өсиетерін айтып кетуіміз керек.

Бүгінде Алматыда жиырмадан астам ардагер тұрады. Алматы гарнизонының әскери қызметкерлері оларға құрмет көрсетіп, қолдау білдіруді қасиетті парыз санайды.

Авторлары: А.Садуақас, С.Жұмабаев