• 31-03-2025

ШҚО-да су бөгеті апатты жағдайда тұр

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Шығыстағы Марқакөл ауданындағы Ортатерек су бөгеті апатты жағдайда тұр. 1984 жылы салынған гидронысан бүгінге дейін бірде-бір рет жөнделмеген. Салдарынан шлюздері мен темір шүмектері тозған. Сыйымдылығы 3 млн текше метр бөгетте қазір 350 мың текше су ғана бар. Бүтін бір аудан егін мен бау-бақшасына және күнделікті тіршілік нәрін алып отырған маңызды нысанды тілшіміз Олжас Керейхан барып көріп келді.

Су бөгетінде қазір ауыстыратын дүние көп. Былтыр гидронысан аудан әкімдігінің қарамағына өткен. Осыдан соң жергілікті бюджеттен 14 млн теңге бөлініп су ағатын шүмектер беікітіліп, қос канал жөнделді. Қазір мұз құрсап, қар басып жатқан бөгет сәуірден бастап қауіп төндіреді.

Айбек Қонақбаев, су реттеуші:

Судың көлемі 350 мың текше метр тұр.Сол енді тасығанда 750 мыңға барады. Содан суды ағызамыз да жаздай 400 мың текше метр ұстап отырамыз. Одан ары ұсталынбайды. Бұл су қоймасына жөндеу керек болып тұр. Жөндеу көрмеген. Бұның астында қазір қанша батпақ, қанша балдыр жиналып тұрғанын да ешкім білмейді.

Былтыр жазда гидролог мамандар бөгетті техникалық тексеруден өткізіп, апатты деп таныған. Ал толық жаңғырту үшін шамамен 2 млрд теңгеге жуық қаржы керек. Бірақ бұл болжам ғана. Нақты қанша қаражат қажет екені әлі анықталмаған. Бұл су бөгеті Марақакөл үшін ерекше маңызға ие. Аудан орталығына ауыз су осы тоспадан келеді. Жазда бау-бақшамен қоса 500 гектар шабындыққа да су жібереді.

Рүстембек Кемешов, Марқакөл ауданының әкімі:

Қазір біз бұған жөндегенге құжаттама әзірлеп, жоба жасатып жатырмыз. Биыл жоба жасасақ, келесі жылы жөндегенге кірісеміз. Бүгінгі күні Ортатерек су қоймасының басына кезекшілік қойдық. Күнделікті бақылаудамыз.

Қарғын суға дайындық пысықталып жатыр

Бақылау тек су қоймасына емес таудан арындап ағатын өзендерге де қажет. Күн райы күрт жылынса, етектегі елге қауіп төнбес үшін аудан аумағындағы 72 су өткізіш құбыр, 12 арық және 35 канал қардан тазаланып жатыр.

Айдын Байсейітов, Марқакөл ауданы әкімдігінің ТЖБ бас маманы:

Аудан көлемі бойынша техникалардың бәрі қазір де дайын. 80 тонна иннерттік материал бар. Үш тонна бензин, 3 тонна дизель отыны бар. 2 мың дана қап алдық.

Өңірдегі өзен-көлдердегі мұзды арнайы мамандар тоқтаусыз жарып жатыр. Өйткені таудағы қардың көбесі енді сөгіле бастады. Күн райы күрт жылынса ағысы қатты қарғын су келеді. Сол кезде өзендердің өзегінде мұз кептелмеуі тиіс.

Олжас Керейхан