
Иорданияның Амман қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтіп жатыр. Құрлық додасын алдымен грек-рим күресінің шеберлері бастап, 10 салмақ дәрежесінде медальдарды бөлісті . Өкінішке қарай, елімізден барған балуандарға Азия чемпионатының алтыны бұйырмады.
«Классиктер» 2019 жылы Үндістанда өткен құрлық біріншілігінен де алтын жүлдесіз қайтып еді. Былтыр Бішкек кілемінде 1 алтын, 2 күміс, 1 қола олжалаған-ды.
Омар Сатаев (82 кг) ересектер арасында Азия чемпионатына алғаш рет қатысып, күміс медальді місе тұтты. Финалдық белдесуде Иран балуаны Мұхаммед Әзиз Нагхаусиге есе жіберді. Мұхаммед былтыр 23 жасқа дейінгілер арасында өткен әлем чемпионатында топ жарды. Жасөспірім шағында да Азия чемпионатында дара шыққан саңлақ. Тәжірибелі балуан жерлесімізден 3:1 есебімен басым түсті. Омар ширек финалда Оңтүстік Корея, жартылай финалдық белдесуде Жапония балуанын жықты.
Еншімізге екінші күміс медальді 130 кг салмақта белдескен Әлімхан Сыздықов салды. Былтыр Париж Олимпиадасының ширек финалына жетіп тоқтаған Әлімхан да Азия чемпионатының алтыны жолында Иран балуанына есе жіберді. Фарид Шабан Хедайати жерлесімізді айқын басымдықпен жеңді. Әлімхан 2021 жылы Алматыда өткен Азия чемпионатында күміс жүлдегер, 2022 жылы Моңғолияда өткен құрлық додасында чемпион атанды, 2023 жылы Астана төрінде өткен біріншілікте қола медаль еншіледі.
Грек-рим күресінен Азия чемпионатының қола медалін Ибрагим Магомадов (77 кг) пен Шәміл Ожаев (87 кг) иеленді. Қалған алты салмақ дәрежесінде сынға түскен балуандар жүлдеден тыс қалды. Былтырғы Олимпиададан кейін грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельниченко қызметінен кетті. Бас бапкер лауазымына ешкім тағайындалған жоқ. Иорданияға балуандарды аға бапкер Нұрым Дүйсенов бастап барды.
Өзбекстан балуандары грек-рим күресінен 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль олжалады. Өзбекстандық қандасымыз Айтжан Қалмаханов 63 кг салмақ дәрежесінде жеңіске жетті.