• 02-04-2025

Биыл елде 9 инвестициялық жоба қолға алынады

Елдегі жеңіл өнеркәсіп нарығының 6%-і ғана отандық кәсіпкерлердің үлесіне тиесілі, деп хабарлайды 24kz.

Қазір мақта-текстиль кластерін түзу жұмысы жалғасып жатыр.

Иә, биыл 9 инвестициялық жоба жүзеге асады. Бұл отандық өндіріске қалай әсер етеді?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Былтыр жеңіл өнеркәсіп нарығы 4,3 млрд долларға жетті. Ал отандық өндірушілердің үлесі 6% шамасында. Көрсеткішті арттыру үшін 9 инвестициялық жоба қолға алынбақ. Соның арқасында 600 жұмыс орны құрылады. Мақта-текстиль кластеріне жататын жаңа нысандар Ақтөбе, Түркістан өңірлерінде бой көтереді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі салаға көңіл бөлініп жатқанын айтады. Жыл сайын өндірісті дамыту қоры арқылы жобаларға жеңілдетілген қаржылай қолдау көрсетіледі. «Оның пайыздық мөлшерлемесі төмен, шарттары да қолайлы», - дейді мамандар.

Жеңіл өнеркәсіпке қолдау керек

Алайда жеңіл өнеркәсіп өкілдерінің өзі мемлекеттік қолдауды аса сезінбей жатқанын мәлімдеді. Сала үш бағытты қамтиды. Қазір ел аумағында 1411 кәсіпорын бар. Оның 803-і тігін, 481-і тоқыма, 122-сі былғары өнімдер өндіреді. Сандар сенім ұялатқанымен, жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті Салтанат Әбдікәрімова осы мың жарымға жуық кәсіпорынның 11-і ғана үлкен, 23-і орта, қалғаны шағын нысандар екенін айтады. Олар Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, тіпті ресейлік өндірушілермен бәсекелесе алмайды. Себебі бұл елдерде жеңіл өнеркәсіп айтарлықтай дамыған. «Салықта жеңілдік бар. Бізге де мемлекеттік қолдауды жетілдіру керек», - дейді. Қазір ішкі нарықты шетелдік өнімдердің жаулап алғаны рас. Отандық өнімнің сапасы жоғары болғанымен, баға жағынан бәсекеге қабілетсіз. Сондықтан қауымдастық жетекшісі кәсіпкерлердің аяққа тұруы үшін корпоративті табыс салығы мен қосымша құн салығынан 5 жылға дейін босатуды сұрайды. «Бұл отандық өнім құнын қолжетімді етуге, ішкі нарықтағы тауар үлесін арттыруға және бизнесті жаңа инвестициялық жобаларға ынталандыруға ықпал етеді», - дейді сарапшы.

Салтанат Әбдікәрімова, Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті:

- Біз импорттаушы елдермен бәсекелесе алмаймыз. Өкінішке қарай, өз сауда желісінде немесе басқа серіктестерімен ортақ желіде өнімін ұсынып отырған брендтер саны онға жетпейді. Сауда орнын жалдау да арзан емес. Соған қарамастан, кәсіпкерлеріміз жұмыс істеп жатыр. Біздегі жалақы төмен. Сол себепті жұмысшыларды тарту қиынға соғып тұр. Жалақыны көбейтіп, реттелгенімізше, бізді салықтан босату керек. Мысалы, 2023 жылы жеңіл өнеркәсіп саласынан бюджетке 16 млрд теңге салық түсті. Оның 13 млрд-ы ҚҚС.

1400 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны бар:

803 – тігін

481 – тоқыма

122 – былғары өнімдері

Салада маман тапшы

Оның үстіне жеңіл өнеркәсіп саласында маман тапшы. Сарапшы жыл сайын мың шақты жұмыссызды мемлекет есебінен тігіншілікке баулу үрдісі барын айтады. Алайда, олар бұл салада еңбек етуге дайын болмай шығады. Өйткені төленетін жалақы мардымсыз. Мемлекеттік білім беру гранты да бар. Оған қызығатын жастар көп емес.

Шикізат сырттан келеді

Жеңіл өнеркәсіп өнімдері көбіне мемлекеттік тапсырыс аясында өндіріледі. Өйткені жалпыхалықтық сұранысқа ие емес, көтерме сатып алушылар да жоқтың қасы. Ал мемлекеттік сатып алуға барлық кәсіпкер қатыса алмайды. Сонда да кәсібін дөңгелетіп, нәсіп көруге тырысып жатыр. Былтыр елде 2 млн тонна киім, 1400 тонна аяқ киім өндірілді. Жалпы жеңіл өнеркәсіп иелері жылына 200 млрд теңгенің өнімін шығарады. Көрсеткіштің төмендігіне шикізат тапшылығы да себеп боп тұр. Оның бәрі сырттан жеткізіледі.

Салтанат Әбдікәрімова, Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті:

- Біз жыл сайын мақта экспорттап отырмыз. Бір ғана кәсіпорын бар, оны өңдеп отырған. Алайда, текстиль саласын қолдауға бағытталған жеке шаралар жоқ. Саланы жекелей дамыту керек. Бізде химия саласы да дамып жатыр. Енді неге мата өндіре алмай отырғанымыз таң қалдырады. Шикізат бар, оны өзіміз пайдалануымыз қажет қой.

Киім экспорт 2,5 есе өсті

Отандық өнімнің дамымай тұрғанына тағы бір себеп бар. Көбіне импорттық киім-кешек пен аяқ киім біздің елге жасырын жеткізіледі. Демек, оның бағасы да арзан болуы заңды. «Тұтынушылар қытайлық маркетплейстерді жақсы меңгеріп алған», - дейді мамандар. Шикізаттың жоқтығы мен сұраныстың аздығы отандық жеңіл өнеркәсіп тауарларын арзандатуға мүмкіндік бермей тұр. Дегенмен, бірді-екілі кәсіпорын өнімін сыртқы нарыққа шығарып отыр. Былтыр экспорт көлемі 2,5 есе өскен.