
Отандық анимация тағы бір тың туындымен толықты. Миллиондаған қазақ баласы «Алтын адам» мультфильмі арқылы төл тарихымен тереңірек танысуға мүмкіндік алады, деп хабарлайды 24kz.
Бұл шығарманы ересектер де қызығушылықпен қабылдайтыны сөзсіз. Туынды 5 маусымнан бастап ел кинотеатрларында көрсетіледі.
Алуа Ералықызы, тілші:
- «Алтын адам» анимациялық фильмінің басты кейіпкері – жас сақ жауынгері Аңқыл. Аңызға айналған «Өмір шырағын» табу үшін ол Хан Тәңірінің асқар шыңына сапар шегеді. Бұл жол – тек биікке өрлеу емес, өз-өзімен күрес, сенім мен шыдамның сыналатын сәті. Жол бойы Аңқыл достар табады, қауіптермен бетпе-бет келіп, өмірдің шын бағасын ұғынады.
Тілек Төлеуғазы, «Алтын адам» толықметрлі анимациялық фильмінің режиссёрі:
- Балалардың патриоттық сезімін оятатын, отаншылдық, дос жаңағы адалдық, ізгілікке бастайтын сондай туынды. Енді бұның насихатталуы жақсы болса, таралуы жақсы болса, әрине, балалар «Алтын адамдағы» Аңқыл кейіпкер сияқты болғысы келеді. Соған ұмтылғысы келеді. Керек болса, бұның екінші нұсқасын жасауға болады.
Шығармашылық ұжым 1 жылдан аса еңбек етіпті. Фильмнің кейіпкерлеріне жан бітірген дубляж актёрлері де бұл жобаға тыңғылықты дайындықпен келген. Олар ұлттық тарихты дәріптейтін сапалы дүние жасауды азаматтық парыз деп біледі.
Айдан Аймауыт, дубляж актёрі:
- Жалпы осы «Алтын адам» мультфильміне дауыс бермес бұрын «Алтын адам» туралы бірінші зерттеу керек. Неге дауыс бересің, соның рөліне кіру керек болады. «Алтын адам» мультфильмінен көп заттарды түсіндім. «Алтын адам» туралы үлкен мәлімет білдім.
Жабық көрсетілімге жиналған көрермен фильмнен ерекше әсер алғанын айтады. Олар үшін бұл – шетелдің туындыларын ғана емес, тарихты бейнелейтін қазақ анимациясын көруге мүмкіндік.
Жұлдызай Сағалиева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Қызым 6 жаста, екінші қызым 4-те, ұлым 2-де. Көбінесе шетелдік мультфильмдерді көреді. Телефоннан болсын, теледидардан болсын. Бұндай мультфильмдер көп болса екен деймін. Біздің қазақ киносы дамыса екен деймін.
Фильм Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілді. 60 жыл бұрын алғашқы қазақ мультфильмі жарық көргенімен, бұл сала ұзақ уақыт тоқырауды бастан кешірді. Соңғы жылдары отандық анимация қайта жанданып, көрерменге жаңа мазмұн, жаңа кейіпкерлер ұсынуда. «Қазақфильмнің» бұған дейін түсірген «Мұзбалағы» ерекше ілтипатқа бөленді. Бесінші маусымда «Алтын адам» прокатқа шығады. Көркем тілмен өрілген тарихи сюжет, ұлттық рухты көтеретін терең идея – бәрі де жас көрерменнің жүрегіне жол табары сөзсіз.
Авторлары: Алуа Ералықызы, Эдуард Кон