• 13-06-2025

Оңтүстік Африкада жаңбыр мен қар қатар жауды

Оңтүстік Африка Республикасында күн күрт суытып, 49 адам ажал құшты. Елде өткен аптаның соңынан бері жаңбыр мен қар қатар жауған. Қолайсыз күн райынан әсіресе Шығыс Каап провинциясы қатты зардап шекті. 58 мектеп пен 20 аурухана қираған. Электр жарығы үзіліп, жолдарда кептеліс пайда болып, көлік апаты көбейді.

Бұл құтқарушылардың жұмысын қиындатып отыр. Метеорологтар қауіп-қатердің сары-қызғылт деңгейін жариялады. Негізі Оңтүстік Африка Республикасында маусым мен тамыз аралығы қыс мезгілі болып саналады. Сынап бағанасы нөл градусқа дейін төмендеген. Нөсер соңы кей аймақтарда тасқынға ұласты. 13 оқушы мен 2 ересек мінген мектеп автобусын су шайып кеткен. 6 бала көз жұмып, 4-і із-түзсіз жоғалып кетті. Құтқарушылар оларды 3 күннен бері іздеп жатыр.

Афиве Саме, жергілікті тұрғын:

- Түнде шырт ұйқыда жатқанда баламның шарылдаған дауысынан оянып кеттім. Ол жыламағанда бәріміз өлетін едік. Тасқын көрші үйді басып қалыпты. Үйдегілердің бәрі опат болды. Ішерге ас, киерге киіміміз қалмады. Аш-жалаңаш болсақ та, тірі қалғанымызға шүкір деп жүрміз.