• 16-06-2025

Бұқтырма жағалауындағы электр желісі мемлекетке өтті

Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында көп жылдан бері туризмнің дамуына кедергі келтіріп келген маңызды инфрақұрылымдық түйткіл өз шешімін тапты .

Енді Бұқтырма су қоймасы маңындағы демалыс базалары тұрақты және қолжетімді электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Бұған дейін бұл өңірдегі электр желісі жекеменшік құрылымның бақылауында болғандықтан туризм нысандары тым жоғары тарифтермен жұмыс істеуге мәжбүр еді. Бұл өз кезегінде туристік бизнесті тежеп, сервистік сапаның артуына қолбайлау болған. Жуырда бұл желі мемлекет теңгеріміне өтті. Осы өзгеріс демалыс орындарының иелеріне үміт сыйлады. Енді олар энергия шығындарын оңтайландырып, қызмет бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік алып отыр.

Шығыс Қазақстанда бір жыл ішінде туризм саласына 15 миллиард теңге инвестиция жұмсалды. Былтыр 428 мың адам демалса, соның 18 мыңы шет елден келіпті. Туристер әсіресе суы таяз, құмы жұмсақ Самар ауданындағы Бұқтырма жағалауына үйір. Алайда оларға қолайлы жағдай жасау қиын, дейді мұндағы демалыс базаларының иелері. Полина Жукованың айтуынша, жекеменшік мекеме қолындағы электр желісі бірде өшіп, бірде үйлерге толық жетпей қалады. Сондықтан демалып жатқан жұрттан шағым көбейеді. Оның үстіне тариф удай қымбат. Оны жабу үшін тәуліктік ақыны да көтеруге тура келген.

Полина Жукова, туристік база жетекшісі:

- Электрмен жабдықтау мәселесі жыл сайын ушығып кетті. Кейде аяқасты өшіп қалатын. Демалушылар әкелген тамақтарын қайда қоярын білмей, реніштерін білдіріп жатады. Тариф те қымбат, айына 500 мың төлейтін кез болды. Бұл желі мемлекет қарамағына өтеді дегенді естіп қуанып қалдық.

Енді көпшілікті алаңдатқан мәселе шешім тапты. Жекенің қолындағы электр желісін 110 миллион теңгеге мемлекет сатып алды. Алдағы уақытта әрбір демалыс базасының құжаты техникалық шартқа сай реттеледі. Бастысы, тариф екі есе арзандайды.

Серік Жеңісов, Самар ауданының әкімі:

- Екі ай уақыт ішінде оны біз толықтай құжаттарымен қайта келісім-шарт жасап шығу керекпіз. Бұл бір мәселе екінші мәселе бұл бұрын кооператив болып тұрған, кезде 62-80 теңге аралығында 1 кв-қа беріп отырса, биылдан бастап бұндағы адамдарға 19 теңгеден берілетін болады. Бұл туризмді дамытуда туристік нысанды дамыту үшін мемлекет тарапынан үлкен көмек деп ойлаймын.

Кезекте тағы да бір өзекті мәселе тұр. Бұқтырманың бұл жағалауына жеткен адаммен хабарласу қиын. Ғаламтор да жоқ. Өскеменнен келген Наталья Бабичева әдемі табиғат аясында ұзақ болуды жоспарлағанымен байланыстың жоқтығына алаңдай бастапты.

Наталья Бабичева, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Алыстан келген соң қайткенмен туған-туыс, дос-жаранмен хабарласып отырғың келеді. Кейбіреулер демалып жүрсе де ғаламтор арқылы жұмыстарын жалғастыра бергісі келеді. Алайда не интернет не байланыс жоқ болса, ол мүмкін емес қой.

Аудан әкімшілігінің айтуынша, қазір байланыс операторлары қаржы жұмсап, қажетті шаруаны бастауға әзір тұр. Шілденің басында жоба аяқталып, жағалаудағы жұрт ғаламторға қол жеткізуі тиіс.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Самардағы Бұқтырма жағалауында былтыр 15 мың адам демалды. Егер тұрақты электр желісімен және интернетпен қамтылса, бұл көрсеткіш бұдан еселеп артады. Әрі үлкен жобаларға жол ашылады. Мәселен, бірнеше жыл ішінде мына жерде әдемі саябақ, үлкен амфитеатр бой көтеруі мүмкін.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов