• 14-03-2025

Әуежай қызметкерін кепілге алған күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Бүгін Алматы әуежайын дүрліктірген қаскөйге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полицияның мәліметінше, күдікті бұған дейін де істі болған. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал кепілге алынған өрімдей қызды құтқарып қалған ержүрек азаматтың ерлігі еленді. Президент Жарлығымен қиын-қыстау жағдайда көрсеткен батырлығы үшін Мұса Әбдірайым «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Жалпы бұл жантүршігерлік жағдай неден басталды? Оқиға қалай өрбіді? Әріптесім Ернұр Медет бүге-шүгесіне дейін баяндайды.

Ернұр Медет, тілші:

Оқиға күндіз 11:45-тер шамасында дәл осы ұшуға дейінгі тексеру аймағында болған. 67 жастағы азамат арнайы құжат тексеру бекетінен ешқандай құжатын көрсетпей өтіп кеткен көрінеді. Ал мұндағы қызметкер қыз одан отырғызу талонын сұраған сәтте, бірден қалтасындағы пышағын шығарып, 24 жастағы бойжеткенді кепілдікке алыпты.

Бейнежазбадан қыздың шашынан тартып, желкелеп жатқанын байқауға болады. Шу шыққан соң құқық қорғау қызметкерлері де айналаны қоршап, ер адаммен келісімге келуге тырысқан. Алайда ол ешқандай мәмілеге көнбепті. Бойжеткенді туысқандарын шығарып салуға келген 52 жастағы Мұса Әбдірайым құтқарып қалды. Ол қыздың орнына өзін кепілдікке алуын сұрап, өмірін бәйгеге тіккен.

Мұса Әбдірайым — 5 баланың әкесі. Шымкент қаласында дүниеге келген. Алматыда тұрып жатқанына 30 жылдан асыпты. Жас күнінде спортпен айналысып, ережесіз жекпе-жектен ел чемпионы атанған екен. Бүгін білектілігі мен жүректілігінің арқасында бойжеткеннің өмірін арашалап қалды.

Мұса Әбдірайым, қала тұрғыны:

Өзімнің парызым деп есептедім қыз баланың алдында. Қыз баланың шырылдаған дауысын естігенде жан түршігіп, қалайда бір сол қызды шетке алу мақсат ойда сол ғана болды. Басқа ешқандай ой болған жоқ.

Қазір қызметкер қыздың жағдайы бірқалыпты. Ал күдіктінің әуежайға не үшін келгені, неліктен мұндай әрекетке барғаны анықталып жатыр.

Руслан Қозыбақов, Алматы әуежайының желілік полиция бөлімінің басшысы:

ҚР Қылмыстық кодекстің 293 бабының 3-бөлігімен, яғни «бұзақылық» және «суық қару қолданумен» сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Уақытша ұстау изоляторында қылмыскер әшкереленді. Қалған ақпаратты ҚР Қылмыстық Процессуалдық кодекстің 201-ші талаптарына сәйкес берілмейді.

Полицияның мәліметінше, күдікті бұған дейін де істі болған. Автобуста телефонмен тілдескен әйелді дауыс көтеріп сөйлестің деп шапалақпен тартып жіберіпті. Сот оған бұл әрекеті үшін 1 жылға шартты жаза кескен. Ал 67 жастағы күдіктінің осы жолғы қылмысы дәлелденсе, 5 жылдан 10 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ернұр Медет