Мұнай бағасы нарыққа қалай әсер етеді? Айбар Олжай
Спикер Айбар Олжай, экономист ...
Мекке мен Мәдинада қазақ қажыларына тиесілі 10 қонақ үй болған.
Бұл XIX және XX ғасырдағы жайт. Жергілікті жұрт мұндай қонақжайларды тәкия дейді. Соның төртеуі “Әл Харам” мешіті маңында орналасқан.
Құлшылыққа барғандар түнейтін қонақүйлердің бірін алғаш болып Құнанбай қажы салдырған дейді. Таяуда сол сырты мәрмәр таспен қапталған “тұз тәкияның” орыны табылды.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Меккедегі дәл осы көшемен бір кездері қазақтың кіл зиялысы, жақсы мен жайсаңы жүрген. Солардың ішінде бұдан 155 жылдай бұрын, яғни 1870 жылдың мұғдарында үлкен қажылықпен келген Құнанбайдың да ізі қалған. Қажының осы көшенің бойына салдырған тәкиясы “Әл Харам” мешітіне ең жақын әрі ең көркемі саналған. Сондықтан оған тек қазақ халқы емес, тұтас түркі жұрты тұрақтаған деседі.
Мекке халқы “тұз тәкия” атап кеткен 3 қабатты және 20 бөлмелі қонақүй қағбаға қол созым жердегі мына зәулім ғимараттың орнында болған. Ол кезде мешіт маңында тегін жай салу былай тұрсын, сыртын мәрмәр таспен қаптаудың өзіне қыруар қаржы сұралған. Соған қарамастан, қазақ сұлтаны қолға алған істі соңына дейін атқарып, мол сауапқа кенеледі. Ғалымдар Құнанбайдың бұл жақсылығын “жомарттық пен мырзалық белгісі”, дейді. Сондықтан әйгілі тәкия атауын қазақ қажылары ғана емес, жергілікті жұрт та ұмытпаған. Зерттеушілер бұл маңда тағы бір қазақ қонақүйі болғанын да айтады. Екеуі бір кезеңде салынып, мыңдаған мұсылманның ұлы парызын өтеуіне сеп болған.
Аманкелді Әбдіхалық, дінтанушы:
- Сол Құнанбай қажы салдырған қонақүй артымда тұр. «Dar al Tawhid InterContinental». Осы жерде болған. 150 метр жерде Мырқыбайдың тәкиесі болған. Ол тәкиеде 1999 жылы бірінші рет қажылыққа келгенде сол жерде жатқанмын. Бірақ ол кезде Мырқыбайдың тәкиесі екенін білген жоқпыз. Ол туралы деректер кейін шықты. Мырқыбайдың туған шөбересі Сейітов Зұлқарнайын деген атамыз. Сол атамыздың кітабын оқығаннан кейін бұл Мырқыбайдың тәкиесі екені көзім жетті.
Осы күні “Әл Харам” маңындағы сұлулық көздің жауан алады. Құлшылық етем деушілерге барлық жағдай жасалған. “Бірақ бұдан ондаған жыл бұрынғы көрініс басқаша еді. Көркем ғимараттар көп кездесе бермейтін”. Сол заманды көзбен көргендердің бірі Мекке тұрғыны Хикмет Сонар осылай дейді. Құранды жатқа айтатын қария Құнанбай қажы іргесін бекітіп, шаңырағын биіктетіп кеткен қонақүйде бірнеше рет аялдаған. Оның айтуынша, тәкия өткен ғасырдың 80-90-шы жылдарына дейін сәнін жоғалтпай тұрған. Кейін Саудия үкіметінің меншігіне өтіп, өзгеріске ұшырайды. Мешіт ауласын кеңейту, кешенді жаңғырту жұмыстары басталғаннан кейін көне ғимарат сүрілген.
Хикмет Сонар, Мекке тұрғыны:
- 45 жылдан бері Меккедеміз. Ол кезде Құнанбай тәкиесі «тұз тәкие» деп аталды. Ал Мырқыбайдың меймандарға арналған тұрағы “кәфе тәкие” делінетін. Сол жерге мен жастайымда көп тоқтайтын едім. Дәретімізді алып, Әл Харамда намаз оқитын едік. Мен сол тәкиеде қызмет ететін екі қазақ қарияны көргенмін. Сөйлескен болатынбыз. Әлгі қарттардың әңгімесі нағыз қазына болатын. Қазір сол орын мешітпен бірігіп кетті. Сауабы салған адамдарға барып жатады.
Десе де қазақ қажыларының сауап үшін салған нысандары 1 ғасырдан аса уақыт исі мұсылман баласының игілігіне жарады. Бұған қатысты құнды деректерді дінтанушы ғалым Аманкелді Әбдіхалық жинақтап жүр. Тарихи еңбектерді жан-жақты зерделеген ол Жиддадағы бас консулдық өкілдерімен бірлесіп, Меккедегі қос қазақ тәкиясы жайлы жаңа мәліметтерді жарыққа шығарды.
Аманкелді Әбдіхалық, дінтанушы:
- Бұл қасиетті Меккеде қазақтардың салған 4 тәкиесі болған. Нұрлы Мәдинада 6 тәкиесі болған. Барлығы 10. Бабаларымыз салып кеткен. Солардың ішіндегі ең кереметі осы Құнанбай қажының салдырған тәкиесі болған.
Жалпы тәкия сөзі араб тілінен аударғанда тегін құлшылыққа арналған қонақүй деген мағынаны білдіреді. Осындай мейман тұрақтайтын бірнеше орынның қазаққа тиесілі болғанын араб тарихшылары жоққа шығармайды. Ол жайында ресми құжаттар баршылық. Айта кетейік, “тұз тәкияға” 20-ғасырдың басында Шәкәрім де аялдаған деген сөз бар. Қажылық парызын өтеп болған соң ол қонақүйді өз атына аударып алуға талпынады. Алайда кенет сырқаттанып, елге жедел қайтуына тура келеді. Сөйтіп, іс аяқсыз қалады. Өзге де қазақ тәкияларының тағдыры осыған ұқсас, тікелей мұрагерлері жоқ қазір.
Рауан Мыңбай