
Түркістан облысының полиция қызметкерлері қоғам тыныштығын қамтамасыз ету жолында тәулік бойы тынымсыз еңбек етуде .
Түркістан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, құқық бұзушылықтың әр түріне тосқауыл қою, ірілі-ұсақты қылмыстардың алдын алу және қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету — осындай жауапкершілікті талап ететін міндеттерді полиция қызметкерлері әрдайым абыроймен атқарып келеді. Жуырда Жетісай ауданында Полиция департаментінің бастығының орынбасары Бағланбек Айтпаевтың қатысуымен өткізілген профилактикалық шаралар нәтижесінде бірқатар құқық бұзушылықтардың алдын алу мүмкін болды.
Профилактикалық есепте тұрған азаматтардың мекенжайлары бойынша жүйелі тексерулер жүргізіліп, оларға құқықтық түсіндірме жұмыстары өткізілді. Сонымен қатар жол қозғалысы ережесін өрескел бұзудың 227 жағдайы анықталып, жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында 71 автокөлік айып тұрағына қойылды. Рейд барысында полиция қызметкерлері жүргізушілер мен жолаушылармен тілдесіп, заң шеңберінде кеңес беріп, жол ережелерін сақтау қажеттігін түсіндірді. Сонымен бірге полиция көліктерінің техникалық жағдайы мен қызмет көрсету сапасы да мұқият тексерілді.
Учаскелік полиция инспекторлары аудан аумағында тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталған рейдтік жұмыстарды күшейтті. Арнайы бақылау аясында пробация қызметі есебіндегі азаматтардың, сондай-ақ аймақта жүрген шетел азаматтарының белгіленген талаптарды орындауы жіті қадағаланды. Мұндай профилактикалық іс-шаралар халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында облыстың барлық аудандарында тұрақты түрде жүргізілетін болады. Осылайша полиция қоғамның қауіпсіздігін нығайтып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы өз миссиясын адал атқаруда.