• 20-06-2025

Оралдағы қазақ драма театры биыл жөнделеді

Оралдағы қазақ драма театрының ұжымы екі жыл бойы өзге өнер ордаларын сағалап жүр, деп хабарлайды 24kz.

Себебі ғимаратты жөндеу жұмыстары әлі аяқталар емес. Осы мерзімде бірнеше мердігер ауысып, жобаның құны, асыра көрсе-тілгені белгілі болды.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші;

- Орал қаласындағы Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының жөндеуге жабылғанына, міне, үшінші жылға кетті. Бұл ескі театрды жөндемек түгілі, жаңа театр салып тастауға жеткілікті уақыт. Алайда осы мерзімде құрылыс қарқын ала қойған жоқ. Әуелі тендер жеңімпазының құжаттары толық еместігі анықталды. Кейін қаралған қаржының асыра көрсетілгені белгілі болды.

Ғимаратты жөндеу 2023 жылдың көктемінде басталған. Бір миллиард 300 миллион теңгенің тендерін 900 миллионға ұтқан мердігер төбе жабынын толық, ал жылу жүйесін жартылай ауыстырған. Содан кейін қаралған қаржының жеткіліксіздігін айтып, қосымша қаражат сұраған. Солай жүргенде мемлекеттік сатып алудағы заңсыздықтар анықталды. Яғни, ғимарат сәулет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, оны жөндеу үшін құрылыс компаниясының арнайы лицензиясы болуы қажет.

Нұржан Тасболатов, Орал қазақ драма театрының директоры:

- Лицензиясы болмай, 8 қараша күні тоқтатылды да, 10 сәуір күні шартты бұзыңдар деп соттың шешімі шықты. Содан кейін тұрмыз ғой бүгінге дейін. Содан кейін қайтадан ғылыми жоба құжаттама қайтадан бастадық. Біз жертөледен бастап қайтадан жасау керек деп бүкіл құжатты қайтадан жасадық.

Бірақ жаңа ғылыми-жобалық құжаттамадан да шикілік шықты. Құқық қорғау органдары жөндеуге бөлінген 2,9 миллиард теңге тым көп деп отыр. Нәтижесінде терезелер мен еден, сыртқы мәрмәр тақталар жаңартылмай, бұрынғыша қалатын болған.

Мұратбек Қасымов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Мониторинг барысында мемлекеттік сатып алу порталында қазақ драма театрында күрделі жөндеу жоспарланған 2,9 млрд теңге мөлшерінде асыра бағаланған смета анықталды. Департамент ұсынысымен уәкілетті мемлекеттік орган аталған жобаны қайта қарап, тиісті өзгерістер енгізілді. 980 млн теңге көлемінде бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуын болдырмауға мүмкіндік берді.

Маусым айынан бастап жұмысқа кіріскен жаңа мердігер жаңбыр сайын су толатын жертөлені жөндеп, іргетасын қымтап жатыр. Сонымен бірге алдағы алты айда инженерлік желілер жаңғыртылып, музыкалық жабдықтар мен жарық қондырғылары жаңартылмақ.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақрап, Э.Аюпов