• 13-03-2025

Италияда құрылысшы робот құрастырылды

Италияда құрылысшы робот пайда болды.

Озық технология Генуя қаласындағы құрылыс алаңында сынақтан өткен.

Робот Консерт деп аталады. Көп шаруаны механикалық қолымен тындырады. Ол оператордың басқаруымен де, өз бетімен де жұмыс істей алады. Негізінен адамның күші жете бермейтін, икеміне келмейтін және үнемі қайталанатын қиын іс-әрекеттерді жасайды.

Николаос Цагаракис, Италияның технология институты робот техникасы зертханасының жетекшісі:

- Жүйенің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін роботқа 3Д линза, ультрадыбысты және басқа да көп құрылғы орнатылды. Осылайша ол жанындағы адамды көріп тұрады. Бұл соғылып қалудан қорғайды.

Консерт бұрғылау, құм төсеу, бояу, ауыр заттарды тасу сияқты сан алуан жұмыстарды атқара береді. Оның механикалық қолын тапсырма мақсатына орай қайта құрылымдауға болады. Құрылысшы робот қала орталығындағы үйді бастан-аяқ салып шығуға қатысып, сынақтан сәтті өтті.

Николаос Цагаракис, Италияның технология институты робот техникасы зертханасының жетекшісі:

- Бұл роботтар және қауіпті жерде жұмыс істеу үшін өте ыңғайлы. Мұндай істер адамға үлкен қиындық тудырар еді. Әсіресе жаңа технологиялық түрлі табиғи апаттар жағдайында үйінділерді тазарту, блоктарды аршу кезінде көмегі орасан болмақ. Оны алыстан басқарып немесе автономды түрде жұмыс істетіп, еш кедергісіз әрекет етуге толық мүмкіндік бар.

Ғалымдар құрылысшы робот атқара алатын тапсырмалар ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта ол жасанды интеллектінің арқасында өз жұмысына баға беріп, тиісті нәтижеге жету үшін түзетулер енгізу қабілетіне ие болмақ. Автор-мамандардың қазіргі міндеті — жаңа өнімге ресми куәлік алу. Құжат қолға тиген соң құрылысшы робот жаппай сатылымға шығарылады.

Ернат Рахметолла, Тамерлан Ким