• 21-11-2025

СҚО-да судағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Солтүстік Қазақстан облысында судағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп хабарлайды 24KZ. Өңірде бірнеше күннен бері аптап ыстық басылмай тұр. Осыған байланысты құтқарушылар рейдтерге шығып, өзен-көлдерді дронның көмегімен бақылауға алды. «Өйткені, адамдар рұқсат етілмеген жерлерге жиі барып шомылады», – дейді мамандар.

Петропавлда жұмыс күні болса да, халық жаппай шомылып жатыр. Қала шетіндегі Алакөл көлінде ине шаншар орын жоқ. Ыстықтан ығыры шыққан адамдар демалып жатса, құтқарушылар күннің астында дамыл таппай жүр.

Биыл құтқарушыларға осындай 4 дрон берілді. Мамандар қазір өзен-көлдердің жағалауын осы техниканың көмегімен қадағалайды. Ұшу аппараттары Төтенше жағдайлар департаментіне тікелей қосылған.

Ризабек Темірбеков, облыстық ТЖД басқармасының аға офицері:

- Шомылу маусымы басталғаннан бері біз дрондар арқылы су айдындарында 30 заңбұзушылық анықтағанбыз. Ол қазіргі уақытта өте ыңғайлы болып отыр. Есіл өзенінің бойында шалғай жатқан су айдындарында дрондардың ұшуы ТЖД тікелей суреттерді, заңбұзушылықтарды жеткізіп отырғаны өте ыңғайлы болып отыр.

Биылғы жаз солтүстікқазақстандықтарды «еркелетіп» жатыр. Өңірде бірнеше күннен бері аптап ыстық тұр. Осыған байланысты құтқарушылар мен полиция қызметкерлері күшейтілген жұмыс кестесіне көшіп, күн сайын рейд ұйымдастырады.

Әділ Шәймергенов, қалалық ПБ аға инспекторы:

- Егер де қала тұрғындары рұқсат етілмеген жерде шомылып ұсталса, бірінші кезекте біз ескерту жасаймыз. Ал екінші рет ұсталса, оған айыппұл саламыз. 2 АЕК мөлшерінде.

Өңірде шомылу маусымы басталғаннан бері су айдындарындағы қауіпсіздік ежелерін бұзған 83 адам жауапқа тартылды. Облыс бойынша шомылуға рұқсат етілген 60 орын бар.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков