• 21-11-2025

Алматыдағы Орталық музейде домбыра көрмесі ашылды

Күмбірле, қоңыр домбыра. Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музейде Ұлттық домбыра күніне арналған көрме ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Музейде ұлт тұлғаларының қолы тиген 30-ға жуық аспап қойылды .

Биыл Ұлттық домбыра күнінің атап өтіліп келе жатқанына 7 жыл. Бұл жай ғана домбыра емес, ұлттың жан дауысы. Осы музейде халық тарихын күймен жазған қайраткерлердің киелі мұрасы да бар. Секен Тұрысбек 30 жыл серігіне айналған домбырасын осы музейге табыстады. Бұл ұрпаққа деген аманат.

Орталық музейде жалпы саны 200-ден аса ұлттық аспап бар. Соның 60-ы домбыра. Арасында Абайдың жары Ділдәнің тиегі сүйектен жасалған аспабы бар. Әміре Қашаубаевтың Париж төрінде тартқан домбырасын да осы жерден таба аласыз. Экспозициядан тарихи тұлғалардың қолы тиген аспаптарымен қоса көшірмелерін де көруге болады.

Үміт Әшімова, ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің бас қор сақтаушысы:

- Көрменің тағы бір ерекшелігі... Біздің музей атақты тұлғалардың домбырасының көшірмесін жасау туралы бір ерекше жобаны қолға алған болатын. Осы көшірмелер ұлы Абайдың домбырасының көшірмесі, Дина апамыздың домбырасының көшірмесі, Махамбет Өтемісұлының, Сүгір Әлиұлының домбыраларының көшірмелері де осы көрменің орталық негізгі бөлігінде тұр.

Көрме залын күй тербеді. 6000 жылдан бері үзілмей келе жатқан қоңыр үн келушілерді ерекше күйге бөледі.

Секен Тұрысбек, ҚР еңбек сіңірген артисі, күйші:

- Бүгін енді мынау домбыра күні құтты болсын. Баянды болсын, байсалды болсын. Енді қазақтың салты, дәстүрі, күйі, әні, биі, айтысы – қазақ тарихымен бірге жасасып, біте қайнасып келе жатқан бір ұлы құбылыс. Осы Ұлттық музейімізге өткенде Музей күнінде ширек ғасырдан бұрын киіп жүрген құндыз бөрік пен шапанымды ұсынған едім, сыйлаған едім. Енді бүгін домбыра күнінде өзімнің бір домбырамды сыйға тартқым келіп отыр.

Ән бұлбұлы Күләшті сүйемелдеп, қазағым деп көкірегі қарс айырылған Жұбан Молдағалиевтің қолында сөйлеген киелі аспаптарды көруге жұрт арнайы алыстан келіп жатыр. Шанағына қазақтың жыр-дастанын, өр қасиетін жасырған аспап күмбірлеп сала берген кездегі ерекше сезімді тілмен жеткізу мүмкін емес.

Әмзе Естаев, Алматы облысы Ардагерлер ұйымының төрағасы:

- Әр үйде домбыра болу керек. Әр мекемеде болу керек. Наурызда болсын, қандай кезде болмасын, домбыраны тастамауымыз керек. Сонда біздің рухымыз күшті болады.

Ұлттық домбыра күні 2018 жылы бекітілген. Содан бері шілденің алғашқы жексенбісі ұлт үнін ұлықтайтын ерекше күнге айналды. Ал музей төріндегі бүгінгі көрме – сол рухтың көрінісі.

Авторлары: Алуа Ералықызы, Әбен Нарынбаев