• 21-11-2025

Тунисте қалдықтан биоотын жасалады

Зәйтүн майының пайдасы мол. Бірақ өндірісінің зияны да аз емес.

Өйткені қоршаған ортаны ластайды. Тунистегі өнертапқыштар бұл проблеманы шешу жолын тапқан. Олар қалдықты құнды ресурсқа айналдырып жатыр.

Тунис зәйтүн майының әлемдегі ең ірі өндірушілерінің бірі. Алғашқы ондыққа кіреді. Зәйтүн майы Солтүстік Африкада орналасқан бұл елдің экономикасы үшін экспорт бойынша маңызды тауар саналады.

YOUTUBE.COM/BUSINESS INSIDER

Былтыр бір маусымда бір жарым миллиард доллардан аса пайда түскен. Бірақ сонымен қоса өндіріс кезінде жыл сайын бір жарым миллион тоннадай қалдық пайда болады екен. Оның бәрі далаға тасталады. Бірақ жергілікті компаниялардың бірі қоқысты кәдеге жаратудың амалын тапқан.

Ясин Хелифи, BIOHEAT компаниясының негізін қалаушы:

"Біздің компания зәйтүн майының өндірісі кезінде пайда болатын қалдықтарды биоотынға айналдырады. Ол ағаш отынды алмастыра алады. Технологиямыз халықаралық деңгейде патенттелген. Бізде зәйтүн майының өндірісінен кейін қалатын қалдықтарды "фитура" дейді. Оларды қайта өңдемесе, қоршаған ортаға зияны зор болуы мүмкін.

Бұл отынның пайдасы мол дейді жоба авторлары. Ағашпен салыстырғанда, шығыны 4 есе аз. Сондай-ақ жанған кезінде бөлінетін көмірқышқыл газының мөлшері 30 пайызға кем. Маңызды энергетикалық ресурсқа сұраныс артып келеді. Компания клиенттерінің арасында мейрамханалар, қонақ үйлер мен мектептер бар.

Мұхаммед Харрар, мейрамхана иесі:

"Біз қазір ағаш қолданбаймыз. Орнына биоотын жағамыз. Оның шығыны аз. Мейрамханамыз үшін ақша үнемдеуге жақсы".

Қазір компанияның бір ғана зауыты бар. Бірақ келешекте елдің түрлі өңірлерінен өкілдіктерін ашып, өндірісті ұлғайтуға ниетті. Бұдан бөлек жоба авторлары тек зәйтүн майын ғана емес, өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерінен биоотын алу жоспарда барын айтады. Соның арқасында Тунистің отын импортына тәуелділігін азайтуға өз үлесімізді қосамыз дейді.

Жұлдыз Атагельдиева, Райхан Серикова