• 01-08-2025

BRICS инвесторларымен ынтымақтастық артады. LIVE

Бразилияның Рио де Жанейро қаласында БРИКС-тің 17-саммиті аяқталды.

Төрткүл дүниенің назарын аударған жиынға Қазақстан алғаш рет серіктес ел ретінде қатысты. Біздің делегацияны ҚР Премьер министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастап барды. Екі күндік іс-шара әлемдік БАҚ өкілдерінің де назарын аударып, ұйымға қызығушылықты арттырды. Жаһандық медиа «Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путиннің Риоға келмеуінен БРИКС-тің маңызы түсіп кетті» деп сынап жатыр. Екі күндік саммит несімен есте қалды?

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Ресей президентінің келмеуі Халықаралық қылмыстық соттың шешіміне байланысты болса, Қытай төрағасы Риода былтыр қарашадағы Үлкен жиырмалықтың жиынына қатысқан. Биыл мамыр айында бразилиялық тарапты Бейжіңде қабылдағаны тағы бар. Бірақ Қытай сыртқы істер министрлігі оның биылғы кездесуге қатыса алмауы ұйымға қолдауының еш әлсірегенін білдірмейді деді. Ал кездесудің өзіне келетін болсақ жиын Дональд Трамптың «БРИКС елдеріне 10 пайыз баж салығы салынады» деген пікірінен кейін қыза түсті. Бұл Бразилия басшысы Лула да Силваға ұнамағаны анық. Сондықтан ол Ақ үй қожайынының әрекетін орынсыз деп сынға алды.

Луис Инасиу Лула Да Сильва, Бразилия президенті:

- «BRICS — бұрынғы қырғиқабақ соғыс кезіндегі «блоктарға қосылмау қозғалысының» мұрагері. Қазіргі таңда көпвекторлы саясатқа қауіп төніп тұр. Климат пен сауда салаларында көп қиындықтуындады. Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болмаған ірі қарулы қақтығыстарға куә болып отырмыз. Ядролық соғыс қаупі күшейді. Жақында НАТО-ның қорғаныс шығындарын арттыруды шешті. Бұл әлемде қарулануды үдетуі мүмкін. Осы мәселелерді келіссөз арқылы шешу жолдарын іздеудің орнына оған қарсы әрекет ету оларға тосқауыл болады».

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Осыдан кейін Бразилия басшысы «Трамптың тарифтерін жауапсыз қадам», ал «БРИКС-ті ешкімге қарсы ұйым емес» деп, АҚШ президентіне тойтарыс берді. Басқосуда тараптар Таяу Шығыстағы ахуалды талқылап, Израиль әскерлерінің Газадан кетуін талап етті. Палестина жеріндегі әскери қимылдар мен Иранға шабуылдарды қатаң сынап, халықаралық ұйымдарды реформалау керектігін алға тартты.

Осы ретте дамушы елдерге бағытталған Жаңа даму банкінің жұмысына оң баға берілді. Жиынға онлайн қатысқан Ресей президенті Владимир Путин доллардан өзге валюталарда сауда жасаудың қажеттілігін баса айтты. Бұдан бөлек тараптар Жасанды интеллектіні қолдануға қатысты ортақ декларация қабылдап, технология саласында бәсекелестікті сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстандық тараптың саммитке қатысуы қалай өтті? Мұрат Нұртілеу бастаған делегация қандай мәселелерге тоқталды?

BRICS инвесторларымен ынтымақтастық артады

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Қазақстан BRICS саммитіне алғаш рет серіктес ел ретінде қатысып, жаһандық мәселелерге қатысты нақты ұстанымдарын жеткізді. Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатын, климаттық дағдарыс пен денсаулық сақтау салаларындағы бастамаларын атап өтті. БҰҰ құрылымдарын реформалауға үндеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы қыркүйекте Нь ю-Йоркте өтетін БҰҰ-ның 80 жылдығына арналған саммитте өзінің стратегиялық тұжырымын ұсынатынын жеткізді. БРИКС инвесторларын Қазақстанға шақырып, жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, азық-түлік қауіпсіздігі мен логистика салаларында тығыз байланыс орнатуға дайын екенін айтты. Климатқа қатысты өзекті мәселелер мен Қазақстан тәжірибесіне тоқталды.

Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі:

- «Климат пен денсаулық сақтау саласы баршамыздың дамуымыз бен қауіпсіздігіміз үшін аса маңызды. Декларация қабылдаудан бұрын нақты әрекетке көшетін кез келді. Қазақстан Бразилияның COP 30 конференциясын өткізуін қолдайды. 2024 жыл тарихта тіркелген ең ыстық жыл болды. Бұл су тапшылығы мен табиғи апаттар арта түсетінін білдіреді. Сондықтан Қазақстан Париж бойынша климаттың өзгеруімен күрес бойынша іс-шараларды одан әрі жүзеге асыруға күш салады.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Осымен қатар Мұрат Нұртілеу елімізде салынатын АЭС пен оның халықаралық консорциум негізінде жүзеге асуын тілге тиек етті. Қазақстан Бразилияның Амазул компаниясымен ынтымақтастықты арттыруға ниетті екенін жеткізді. Амазул ядролық энергетика, радиология және тағам қауіпсіздігінде елеулі жетістігі бар бірлестік. Министр сондай-ақ 2026 жылы БҰҰ-мен бірлесіп өткізетін Өңірлік экологиялық саммитке BRICS елдерін ресми түрде шақырды.