• 27-07-2025

Қазақстанда оқиғалық туризм дамып келеді

Backstreet Boys алғаш рет Астанада концерт береді. Мәдени іс-шара 21 қыркүйек күні Астана-Арена стадионында өтеді. Поп жұлдыздарының қатысуымен өтетін арнайы кешке 40 елден турист келеді деп күтіліп отыр. Жауаптылар аталған шара « оқиғалық туризмнің ілгерілеуіне ықпал етеді», – дейді. Елде туризмнің бұл түрі қалай дамып келеді?

Кейінгі жылдары елде халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар көбейіп келеді. Әлемдік жұлдыздар да туристер де ат басын Астанаға бұрып отыр. Айталық, өткен жылы елордаға 1,5 млн турист келген, оның 350 мыңы шетел азаматтары. Жауаптылар: «Биыл бұл сан 1,7 млн-ға жетеді», – дейді. Оған себеп елордада өтетін ауқымды шаралар.

Артем Квашук, «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының басқарма төрағасы:

- Жылдың бірінші тоқсанында елордаға 300 мың турист келді, оның 68 мыңы шетелден келген қонақтар. Астана бүгінде саяси және іскерлік орталық қана емес, сонымен қатар белсенді мәдени және оқиғалар алаңына айналып отыр. Backstreet Boys концерті сияқты ауқымды іс-шараларды өткізу қалаға төлем қабілеті жоғары туристерді тартады, бұл экономиканы ынталандырады және халықаралық қызығушылықты арттырады.

Иә, бас қалада өтетін Backstreet Boys-тың концерті талайды елеңдетіп отыр. Концертке билет сату 14 шілде күні сағат 12:00-де басталады. Тикетон платформасында 10 түрлі төлем жасау тәсілі қарастырылған

Мәлік Хасенов, «Астана Концерт» компаниясының продюсері:

- Backstreet Boys тобының әлемдік турымен салыстырғанда Астанадағы концерт билеттері өте қолжетімді болады. Билеттердің бағасы 40 мың теңгеден басталады. Мұндай топтың концертінен ерекше эмоциялар алуға болады деп ойлаймын. Біз алыпсатарлармен, әділетсіз баға қоюмен күресеміз. Бір қолға 4 билеттен ғана сатылады. Яғни толық ашықтықты қамтамасыз етеміз.

«Күзге салым елордада өтетін концерт елдегі мәдени туризм мен креативті индустрияны дамытуға серпін береді», – дейді жауаптылар.

Әлішер Тұрсын, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры:

- Бұл шара MICE-туризмнің аясына кіреді. Ал MICE-туризмге салынған әрбір 1 теңге экономикаға 3 теңге болып қайтады. Бұл ғылыммен дәлелденген. Аталған концерт аясында Қазақстанға 40-тан астам елден турист келеді деп күтіліп отыр.

Бүгінде елордада 300-ге жуық қонақүй бар. Оның 9-ы бес, 100-ден астамы төрт немесе үш жұлдызды. Былтыр бас қалада 128 халықаралық іс-шара өткізілді. Биылғы меже 200-ден асады. Бұл өз кезегінде оқиғалық туризмді дамытуға серпін береді.