• 27-07-2025

АҚШ пен ЕО сауда қатынасы ушығып барады

АҚШ президенті еуропалық тауарларға 30 пайыздық баж салығын енгізсе, трансатлантикалық сауда-саттық доғарылуы мүмкін.

Бұл туралы АҚШ-пен келіссөз жүргізуші Еуроодақтың басты өкілі мәлімдеді. Негізі Еуропа Америкамен сауда соғысын қаламайды, өйткені ол екі тарап үшін де тиімді емес. Бірақ мәселе шиеленісе түсуі әбден мүмкін.

АҚШ президенті әлеуметтік желіде жариялаған хатында 1 тамыздан бастап Еуроодақтан келетін импортқа 30 пайыздық баж салығын енгізетіні туралы жазған еді. Бұл келісімге аз қалды деп дәмеленген Еуропа елдерінің үмітін су сепкендей басты. Еуроодақтың сауда бойынша комиссары жаңа тарифтердің айтарлықтай әсер етіп, күніне шамамен 4,5 миллиард еуроны құрайтын трансатлантикалық сауда-саттықты тоқтататуы мүмкін екенін айтты.

Марош Шефчович, Еуропалық Одақтың сауда министрі:

- Еуроодақ ешқашан күрестен бас тартпайды. Әсіресе атқарылған ауқымды жұмыс пен келісімге қол жеткізуге аз қалғанын ескеретін болсақ. Бірақ мәмілеге келу үшін қос тарап та дайын болуы керек.

Данияның Сыртқы істер министрі жағдайды ушықтырып алмауға шақырғанмен қарымта беруге дайын болу керектігін ескертті. Франция президенті сауда қысымына қарсы әрекет ету үшін жақында қабылданған заңды пайдалануға үндеді. Германия канцлері болса, тарифтік белгісіздіктің кесірінен экспорт көлемі азайып, айына шамамен 1 миллиард еуроға шығын келетініне нзар аударды. Сарапшылар жаңа баж салықтарынан Еуроодақ елдерінің экономикасы бастапқыда шатқайақтап қалуы мүмкін деп отыр.

Лусио Миранда, EXPORT USA консалтингтік компаниясының президенті:

- Жаңа жағдайға бейімделу үшін экономикаға уақыт қажет. бұл, ең алдымен, шикізаттан бастап соңғы өнімге дейін бәрінің қымбаттауына алып келеді. Яғни өндірушілердің шығыны артып, табыс көлемі төмендейді деген сөз. Бұдан шағын және орта кәсіпорындар көп зиян шегеді.

Еуроодақ елдерінің сауда министрлері Брюссельде өткен келіссөздерінен кейін мәселені 1 тамызға дейін диалог арқылы шешуге тырысатындарын мәлімдеді. АҚШ президенті де сауда серіктестерімен келіссөздер жүргізуге дайын екенін жеткізді.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Жоқ, біз олармен келіссөз жүргіземіз. Бүгін таңертең бір телебағдарламаны көріп отырсам: «Ол келісім қашан жасалады?» деп сұрап жатыр. Келісім жасалды. Мәселен, еуропалықтар оның шарттарын өзгерткісі келеді. Біз диалогқа әрқашан ашықпыз.

Трамп осыған ұқсас ескертуді Азияның экономикалық алпауыттары әрі стратегиялық одақтастары – Жапония мен Оңтүстік Кореяға да жасаған болатын. Сондықтан оның бұл жолғы талабы ешкімді таңқалдырмады.

Ғалымжан Қараманұлы