• 14-03-2025

Талдықорғанда мұсылман зиратын су басты (видео)

Сенбі, 9 наурызда Талдықорған маңындағы Еңбек ауылының тұрғындары мұсылман зираты аумағының су астында қалғанын айтып, дабыл қақты. Бұл зират қала аумағына кіреді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Журналист Сандуған Дүйсенова Instagram желісіндегі парақшасында Еңбек ауылынан 7 км қашықтағы мұсылман зиратының жағдайын көрсетті. Оның айтуынша, жауын-шашын салдарынан шамамен 20 бейіт су астында қалған, бірнешеуі опырылып, ортасына түсіп кеткен.

Журналист аталған зиратта туыстары жерленген адамдарға үндеу жасап, келіп тексеруін өтінді.

Талдықорған қаласы әкімдігі Instagram желісінде Еңбек ауылы маңындағы мұсылмандар бейітіне жайылған еріген қар суының алдын алу жұмыстары туралы пікір білдірді.

Әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, Өтенай ауылдық округінің әкімдігі шұғыл шаралар қабылдап, бейіт басында еріген қар суының алдын алу жұмыстарын жүргізген.

Округ әкімі Руслан Малтаевтың мәліметінше, 8 наурызда бейіт басынан 14:00-ден бастап қар суын сорып алу жұмыстары жүргізіліп, оған арнайы 2 техника және 8 адам жұмылдырылып, 150 метрге жуық арық арнасы қазылды. Қазір еріген қар суыдың 97 пайызы бейіт басынан сорылып алынып шығарылды. Аталмыш жағдай округ әкімдігінің бақылауында екені хабарланды.