• 27-07-2025

Жетісу облысындағы 193 нысанда пандус мәселесі шешіледі

Жетісу облысында кейінгі үш жылда 1120 әлеуметтік нысанның басым көпшілігіне пандустар орнатылды.

Дегенмен, бұл мәселе ауылдар мен кәсіпкерлік нысандарда әлі күнге шешімін таппай отыр. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін жауаптылар қалай шешпек?

Аймақта мүгедектігі бар жандардың құқығын қорғайтын «Ерлік» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Роза Ақжаркенова бастаған белсенділер 10 жылдан бері пандус мәселесін көтеріп жүр. Айтуынша, арнайы баспалдақ саларда соны пайдаланатын мүмкіндігі шектеулі жандардың пікіріне сүйену керек. Себебі көп жағдайда жеке кәсіркерлік нысанындағы баспалдақтар талапқа сай болмай жатады. Сонымен қоса көп жерде сигналдық түймелер мен көтергіштер, көру немесе есту қабілеті нашар адамдарға арналған ақпараттық белгілер орнатылмайды.

Роза Ақжаркенова, қоғамдық бірлестік жетекшісі:

- Қазір үкімет тарапынан больницаларға мектептерге ақша бөлініп жатса, шағын және орта бизнестегі магазинге моншаға банктерге, өкінішке орай, әзірге кіріс-шығыс туындайды. Көбіне штрафпен болса да, өкінішке орай, жұмыс жасалынбай жатыр. Енді соңғы біздің жұмысымыз – сотқа беру.

Жетісу облысында мүгедектігі бар 25 мың адам тұрады. Оларға жағдай жасау үшін жергілікті билік соңғы үш жылда 670-ке жуық әлеуметтік нысанның кіреберісін мүгедек арбасына бейімдеген. Биыл тағы 193 нысанға пандустар мен қажетті құрылғылар орнатылмақ. Ол үшін бюджеттен 250 млн теңге бөлінді. Ал кәсіпкерлік нысандарына жауаптылар полициямен бірігіп зерделеу жүргізіп жатыр.

Ермек Мизамбаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- 2024 жылдың қортындысы бойынша 100 нысанға 10,2 млн тг көлемінде жеке секторға айыппұл салдық. Ал жылдың басынан бастап бізде 18 нысанға 1,5 млн тг көлемінде айыппұл салынды. Бүгінгі күні біз ол азаматтарға 1 айдан 3 айға дейін арнайы хабарлама береміз. Ол азаматтар осы мерзімде үлгермесе арнайы департаментпен бірге шағым жазып айыппұлдарын салып жатырмыз.

Жетісу облысында мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ететін 2027 жылға дейінгі арнайы бағдарламасы қабылданды. Жоба аясында тағы 1120 нысанға пандус салынбақ.

Мерей Бает, Гульнар Жантасова, Олжас Байбосынов