Қ. Тоқаевтың сапары Бейжіңде жалғасады
Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен ШЫҰ саммитінен кейін Мемлекет басшысы Бейжіңге барды. Сапар ертең де ж ...
Әлем биыл 2 млрд 925 млн тонна астық орады.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметі бойынша, бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Оған дүниежүзінде бидай, жүгері және күріштің элиталық сұрыптарының көптеп егілуі себеп. Әрі Үндістанда егін бітік шықты. Бүл араға неге Үндістанды қыстырдық. Алда әлемдік нарықта астықтың бағасы қалай, қанша болуы мүмкін? Халықаралық шолушымыз Зайнұр Байжігітті тыңдайық. Бүгінде дәнді-дақылдың қандай түрін сатқан пайдалы? Әлемдік нарыққа қайсын шығарсаң табысқа кенелесің?
Әлемде 2,9 млрд тонна астық орады
Кейінгі жылдары Үндістан егістік алқаптарының аумағын аса ұлғайтқан жоқ. Есесіне астықтың сапалы тұқымын егуге баса назар аударып келеді. Нәтижесінде осы күзде қамбаға 117 млн тонна астық құяды. Бұл рекорд. Кезінде импортқа тәуелді болып келген ел бүгінде нарықтың көшбасшысына айналды. Кейінгі 10 жылда Үндістанда астық өндірісі 54 пайызға артқан. «Биліктегілер өнімді еселеу үшін астықтың элиталық, яғни күн райына төзімді сұрпын жасап шығару жұмыстарын жалғастыру маңызды», — дейді.
Шиврадж Сингх Чухан, Үндістан ауыл шаруашылығы министрі:
- Үндістанның азық-түлік қауіпсіздігі бидай өнімділігін қаншалықты арттыра алатынымызға байланысты болмақ. Қазір жаһандық климаттың өзгеруі мен су тапшылығы үлкен қауіп. Яғни, жылдан жылға өнімділікті болжау қиындай түспек. Сондықтан суды аз қажет ететін, бірақ құнарлы сұрыптарын дайындауымыз керек.
Үндістан билігінің бұлайша алаңдауына негіз бар. Өйткені, қазір 1 млрд 400 миллионнан асқан халық саны алдағы 5 жылда тағы 100 миллионға өсуі мүмкін. Демек елде «ас атасы – нанға» сұраныс артады. Сондықтан ел билігі оны өндірумен айналысатын шаруаларға қолдау көрсетіп қана қоймай, ғылымға баса назар аударып отыр.
Әлемде астық нарығы қалай құбылуы мүмкін?
Әлемде бидай нарығында бәсеке жоғары. Бейнеті де, тәуекелі де зор. Жаз бойы баптаған егінің су болмаса өнім де бермеуі мүмкін. Ал бұл қып-қызыл шығын. Демек диқан болуға әркімнің батылдығы жете бермейді Мәселен, әлемдік нарықта ноқаттың орташа бағасы бидайдан 3,2 есе қымбат. Мұнан бөлек, көп мемлекетте баж салығынан босатылған. Сондықтан қазір әлемнің бірқатар елінде диқандар бұршақ пен дәнді дақылдар егуге бет бұра бастаған.
Евгений Қарабанов, Қазақстан бидай одағының ресми өкілі:
- Қазіргі уақытта майлы дақылдар, яғни майлы зығыр бойынша нарықтағы баға жақсы болып тұр. Сондай-ақ бұршақ дақылдарына, яғни асбұршақ, жасымықтың жасыл және қызыл түрлеріне де сұраныс бар. Арпа бойынша да сұраныс жоғары. Бұрын тек Иранға экспорттайтынбыз. Өткен жылы оған Қытай қосылды.
Былтыр әлемде бидай экспорты азайды
Жалпы 2024 жылы әлемде бидай экспорты 48 млрд долларға жуықтады. Алдыңғы көрсеткіш — 61,8 млрд доллар болатын. Яғни былтыр экспорт 22,4 пайыз азайған. Ал бұл нарықтың 63 пайызы Ресей, Аустралия, Канада мен АҚШ және Францияға тиесілі. Қазақстан бұл тізімде 10-шы орынға жайғасты.
Әлемдегі бидай экспорты
2023 жыл — $ 61,8 млрд
2024 жыл — $ 47, 9 млрд
Ең ірі бидай экспортаушы елдер
Ресей
Аустралия
Канада
АҚШ
Франция
Өнім мол, баға қалай болмақ?
Ал бидайға қатысты нарық алдағы уақытта қалай өзгеруі мүмкін? Бұған қатысты сарапшылардың пікірі екіұдай. Биыл әлемде бұрын-соңды болмаған рекордтық 2 млрд 925 млн тонна астық өндірілетінін айттық. Сарапшылардың бірі: өнім мол болғанымен, баға төмен болады деп алаңдаса, енді бірі оның бағасы маусымның екінші жартысында тұрақталуға тиіс, — деп санайды.
Евгений Қарабанов, Қазақстан бидай одағының ресми өкілі:
- Халықаралық астық кеңесінің болжамы бойынша, биыл әлемде былтырғыға қарағанда көбірек астық жиналады. Бұл бағаның түсуіне әсер етеді. Ресей, Украина, Еуропалық Одақ, АҚШ, Канада және Аустралия, қай елді алмасақ та, бәрінде де егін бітік шыққан. Сондықтан диқаншылар асықпай, бидайларын жаңа астық маусымының екінші жартысында сатса, қазіргіге қарағанда пайдасы көбірек болады деп ойлаймын.
Виктор Асланов, Қазақстан диқаншылар одағының төрағасы:
- Қазір бидай нарығына оң немесе кері әсер ететін ешқандай фактор көріп тұрғаным жоқ. Әлемдік нарықтағы баға ұсыныс пен сұранысқа байланысты өзгеріп тұрады. Астық нарыққа көп шығарылса, әрине бағасы арзандайды. Жер бетіндегі халық оны жеп тауысқан кезде, сәйкесінше қымбаттайды.
Алайда әлемдік нарықтағы баға тиімді болған күннің өзінде, сыртқа астық өткізу оңай емес. Сондықтан егін егуден бұрын, оны өткізетін нарық табу маңызды болып тұр. Яғни нарықтың бұл саласында алушы болса, сатушы табылады.