• 14-03-2025

Елде 30 млн гектар жерді құнарландыру көзделіп отыр

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !

Қазақстанда 90 млн гектардан астам жер эрозияға ұшыраған. Яғни, топырақтың құнарлылығы төмендеп кеткен. Бұл Ауыл шаруашылығы үшін өзекті проблемалардың бірі болып отыр. Сондықтан алдағы жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі 30 млн гектар жерді құнарландырмақ. Бұл туралы бүгін Сенат қабырғасында өткен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның кезекті отырысында айтылды.

Азат Сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

Топырақтың құнарлылығын арттыру үшін диқандарға жеңілдетілген несие беруді жоспарлап отырмыз. Олар ол қаражатқа минералды тыңайтқыштар алып, еншісіндегі жерді өңдейді. Бұл өнім көлемін арттыруға да септігін тигізеді.

Биоәртүрлілікті сақтау тұжырымдамасы әзірленіп жатыр

Жиында орман алқаптарын ұлғайту мәселесі де қаузалды. Ресми статистикаға сүйенсек, бүгінде ел аумағының 5 пайызында ғана жасыл желектер бар. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, ормандарды отау, табиғи апаттар, орман ресурстарын қалыпқа келтіруге тиісті көңіл бөлмеу жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін. Жиында көтерілген тағы бір өзекті тақырып — сирек кездесетін жануарлардың популяциясын сақтау және көбейту. Қазір аталған бағыттарда кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүйелі жұмыстар іске асырылып жатыр. Соның аясында Сенат депутаттары орман шаруалығы мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, топырақты қорғау саласын реттейтін заң жобаларына бастамашы болды. Сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар биоәртүрлілікті сақтау тұжырымдамасын әзірлеп жатыр.

Нұрсұлтан Тілектес