
Өткен аптада Астанада Үндістандағы « Prasar Bharati» мемлекеттік хабар тарату агенттігінің бас директоры Гаурав Двиведи бастаған делегация бір топ журналиспен кездесті. Басқосудың басты мақсаты – осы жылы 1-4 мамыр аралығында Мумбай қаласында өтетін Әлемдік аудиовизуалды және ойын-сауық саммиті (WAVES) жайында мәлімет беру.
WAVES – медиа және ойын-сауық (M&E) саласын біріктіретін бірегей платформа. Оның мақсаты – Үндістандағы медиа және ойын-сауық индустриясына жаһандық назар аударуды және осы секторда үндістандық таланттардың шетелдік әріптестерімен байланыс орнатуын мақсат ететін жетекші халықаралық форум. Бүгінде M&E индустриясы жедел қарқынмен дамып келеді. Былтыр оның әлемдік нарығы шамамен 2,96 трлн долларға жеткен. Ал Үндістанның M&E индустриясы 2029 жылға қарай 50 млрд долларға жетуі мүмкін.
Г.Двиведи қазақстандық журналистермен кездесуінде WAVES саммиті медиа және ойын-сауық секторының дамуына серпін беру үшін түрлі елден келген ұлттық делегацияларды, жаһандық және үндістандық сала көшбасшыларын, саясаткерлерді, индустрия өкілдерін және жаңашылдарды бір алаңға жинайтынын жеткізді. Қазақстанның медиа саласы мамандарын да осы саммитке белсенді қатысып, өзара тәжірибе алмасуға шақырды.
«Мұнда саланың болашағы, мүмкіндіктері мен сын-қатері талқыланады. Жаһандық M&E секторы кино, теледидар, радио хабар тарату, баспасөз, жаңалықтар, жаңа медиа, жарнама, анимация, визуалды эффектілер (VFX), ойындар мен киберспорт, толықтырылған/виртуалды/кеңейтілген шынайылық (AR/VR/XR), музыка және басқа да салаларды қамтиды», деді ол.
Медиа маманының сөзінен ұққанымыз, бүгінде жедел қарқынмен дамып келе жатқан Үндістанның M&E индустриясында да алдына қойып отырған мақсаты зор. Атап айтқанда, Үндістанды жаһандық контент орталығы ретінде қалыптастыру және контент экспорттаушысына айналдыру, Үндістанның әртүрлі мәдени мұрасын қамтитын бай зияткерлік меншік экожүйесін құру, үнді медиасының жаһандық нарықтағы үлесін арттыру, өз елдерін ірі жаһандық инвестициялық нарық ретінде қалыптастыруды көздейді. Сонымен қатар үнді және халықаралық серіктестердің стратегиялық әріптестіктері мен ынтымақтастықтарын дамыту, нарықты кеңейту, бірлескен контент өндіру және өзара толықтыратын мүмкіндіктерді пайдалану сынды үлкен мақсаты бар.
Г.Двиведи WAVES мүмкіндіктерін пайдалану қай мемлекетке болсын пайдалы екенін айтады. Мәселен, қазақстандық мадиа мамандары да жаһандық нарықтарға және аудиторияларға шығу арқылы жаңа іскерлік байланыстарды орнатуға және Craft2Commerce (өнерден бизнеске) трансформациясына ықпал етуге, әріптестік пен ынтымақтастық орнату арқылы бизнестің өсуіне, білім алмасу және үздік тәжірибелерді енгізу арқылы саланың тиімділігін арттыруға, жаһандық индустрия көшбасшыларымен байланыс орнатуға, басқа да мүмкіндіктерге қол жеткізбек. Сонымен қатар WAVES саммиті аясында байқаулар мен көрмелер, іскерлік кездесулер, т.б. іс-шаралар өтеді.