• 21-11-2025

Мемлекетке тәуелді ойын: Футболға құйылған қаржы көлемі белгілі болды

Салық төлеушілердің ақшасы қайда кетіп жатыр?

Қазақстанда футболдан элиталық дивизион командалары арасындағы ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Дәстүр бойынша «Дядя Ваня» аймақтық дене шынықтыру және спорт басқармалары маусым бойы командалардың қажеттілігіне қанша мемлекеттік қаражат жұмсағанын есептеп шықты. Сaravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты жалғастырады.

Ресми емес рейтингке мемлекеттік сатып алу арқылы бөлінген барлық қаражат кіреді. Яғни, негізгі құрамдар ғана емес, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер орталықтары, футзал, әйелдер және жастар командаларына арналған шығындар да есептеледі. Ақша клубтардың есепшоттарына түскен, ал оның қалай жұмсалғанын анықтау тек аудит тексерісі арқылы мүмкін болмақ.

«Қайрат»: аз бюджетпен үлкен нәтиже

Жаңа әрі бұрынғы чемпион «Қайрат» ФК биыл да бюджет қаражатын ең аз пайдаланған үш клубтың қатарына кірді. «Сары-қаралар» командасы белгілі қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа тиесілі. Биыл алматылық клуб әкімдіктен 750 млн теңге алған. Қаражат «Қайраттың» балалар-жасөспірімдер және жастар командаларының республикалық турнирлерге қатысуын қамтамасыз етуге жұмсалған.

Клубтың маусымдық бюджеті ресми түрде жарияланбаған. Белгілісі, 2019 жылы команда қажеттіліктеріне 10 млн еуро жұмсалған. Сарапшылардың пікірінше, осы қаражат көлемі сақталуы мүмкін. Ал чемпиондардың биылғы табысын есептеп білуге болады. Мысалы, чемпиондар лигасының негізгі іріктеу кезеңіне қатысқаны үшін қазақстандық клуб кем дегенде 20,2 млн еуро табыс тапқан. Сонымен қатар Дастан Сатпаевты лондондық «Челсиге» сату барысында 2,4 млн еуро көлемінде қосымша бонус алған.

Бұған билет сатылымдарынан түскен ақшаны, клубтық атрибутика, матчтардың трансляция құқықтары және басқа да қосымша табыс көздерін қоссақ, «Қайрат» командасы табыс көзіне айнала алатынын дәлелдеді.

«Астана» футбол клубы квазимемлекеттік сектор есебінен қаржыландырылады. Команданың бас демеушісі спорт саласындағы бюджеттен тыс қаражаттарды бөлетін бірыңғай оператор «Sport Qory». Сондықтан нақты жұмсалған сома тек келесі жылдың көктемінде белгілі болады. Алдымен қор өткен кезеңнің есебін жариялауы керек.

Өткенге көз салсақ, елордалық клуб жыл сайын 5,3 млрд теңгеге жуық қаражат алады. Алайда биыл ең атақты команда ел чемпионатында тек күміс жүлдемен шектелді.

Қостанайдың «Тобылы» асып-тасып жатқан жоқ, бюджеті шағын. Десе де, маусымды үздік үштікте аяқтады. 2025 жылы клуб аймақтық бюджеттен 1,907 млрд теңге алған.

Семейлік «Елімай» чемпионат кестесінде төртінші орынға табан тіреді. Бұл клуб үшін үлкен жетістік, өйткені келесі жылы ол алғаш рет өз тарихында УЕФА Конференциялар лигасында ойнайды. Биыл облыстық бюджеттен 2,773 млрд теңге жұмсалған.

«Ақтөбе» ФК бесінші орынға жайғасты. Биыл «қызыл-ақтар» Қазақстан Премьер-лигасындағы ең қомақты мемлекеттік қаржыландыруға ие болды: 4,430 млрд теңге. Ең жоғарғы нәтижені қыздар көрсетті. Олар алғаш рет ел чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.

Сонымен, 2025 жылы еліміздің элиталық футбол клубтары өңірлік бюджеттерден жалпы 26,658 млрд теңге ($49,56 млн) алды. Егер «Астана» клубына жұмсалатын «Sport Qory» қорының шығындарын қоссақ, жалпы сома 31,958 млрд теңгеге ($59,42 млн) жетеді.

Келесі жылы Қазақстан Премьер-лигасындағы командалар саны 14-тен 16-ға дейін көбейеді. Турнирден түркістандық «Тұран» кетеді, ал элитаға Ақтаудың «Каспийі», Павлодардың «Ертісі» және Өскеменнің «Алтайы» қайта оралады. Аталған үш клуб Бірінші лигада жақсы қаржыландыруға ие болған. Сондай-ақ, легионерлерден бас тартып, тек өз күштерімен ойнаған:

– «Каспий» – 1,650 млрд теңге ($3,07 млн)

– «Ертіс» – 1,332 млрд теңге ($2,48 млн)

– «Алтай» – 1,086 млрд теңге ($2,02 млн).

2025 жылы Қазақстан Премьер-лигасы клубтарының өңірлік бюджеттерден алған қаражаты:

— «Ақтөбе» – 4,430 млрд теңге ($8,24 млн)

— «Ордабасы» – 3,546 млрд теңге ($6,59 млн)

— «Елімай» – 2,773 млрд теңге ($5,16 млн)

— «Қызылжар» – 2 млрд теңге ($3,72 млн)

— «Жеңіс» – 1,935 млрд теңге ($3,60 млн)

— «Қайсар» – 1,918 млрд теңге ($3,57 млн)

— «Тобыл» – 1,907 млрд теңге ($3,55 млн)

— «Атырау» – 1,9 млрд теңге ($3,53 млн)

— «Оқжетпес» – 1,8 млрд теңге ($3,35 млн)

— «Жетісу» – 1,755 млрд теңге ($3,26 млн)

— «Тұран» – 1,2 млрд теңге ($2,23 млн)

— «Қайрат» – 750 млн теңге ($1,39 млн)

— «Ұлытау» – 744 млн теңге ($1,38 млн)

— «Астана» – 0 (шамамен 5,3 млрд теңге / $9,85 млн).