• 11-12-2025

Елде мемлекеттік сервистерге қолжетімділік қиындай түсті: Министрлік себебін түсіндірді

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп мемлекеттік онлайн-сервистерге кіру ережелерін күшейтті. Шаралар телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алуға бағытталған, деп жазады Egemen.kz.


Бұған дейін бірқатар ақпараттық жүйелерге қол жеткізу үшін азамат тек телефон нөмірін енгізіп, 1414 қысқа нөмірінен келген бір реттік СМС-кодты пайдалана алатын. Бұл сызбаны қылмыскерлер өз пайдасына жиі қолданғаны анықталған. Олар жәбірленушінің нөмірін біліп, жүйеге кіру әрекетін бастап, растау кодын түрлі тәсілмен қолға түсіріп отырған.

Министрліктің мәліметінше, енді мұндай ықшамдалған кіру формасы толықтай өшірілді. 2025 жылғы желтоқсаннан бастап 1414 шлюзін пайдаланған барлық ақпараттық жүйелерге қауіпсіз аутентификация әдістерін енгізу міндеттелді. Талапты орындамаған сервистер жүйеден ажыратылған.

Қазіргі уақытта 1414 нөмірін қолданған жүйелерге кіру үш қауіпсіз тәсіл арқылы ғана мүмкін:

• FaceID арқылы биометриялық аутентификация,
• Электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ),
• Арнайы eGov QR-коды.

Бұл өзгерістер телефон нөмірі арқылы рұқсатсыз кіру ықтималдығын толығымен жоюға және азаматтардың жеке деректерін қорғауға бағытталған.

Министрлік халықты ақпараттандыру шараларын да жүргізіп жатыр. eGov Mobile қосымшасында басты бетке ақпараттық баннерлер орналастырылған. Онда алаяқтық схемаларды тану, киберқауіпсіздік ережелерін сақтау және цифрлық сервистерді дұрыс пайдалану жөнінде ұсынымдар берілген.

Жүзеге асырылып жатқан барлық шаралар «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында іске асырылады және цифрлық ортадағы құқықтық тәртіпті нығайтуға, сондай-ақ мемлекеттік онлайн-қызметтерге деген сенімді арттыруға бағытталған.