• 15-03-2025

Бес қазақстандық боксшы әлем чемпионатының финалына өтті

olympic.kz

Қазақстандық Виктория Графеева бокстан Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалында жеңіске жетті, деп хабарлайды olympic.kz.

Графеева финалға шығу үшін сербиялық Наталья Шадринаны жеңді.

Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті 4:1 есебімен қазақстандық боксшыға берді.

2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай бокстан Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының финалына шықты.

Спортшы 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын сәтті қорғап келеді.

Жартылай финалда Қызайбай солтүстіккореялық Хон Кён Рёнды жеңді.

Осылайша, Назым Қызайбай әлем чемпионатының финалына жолдама алды.

Бокстан Қазақстан құрамасының спортшысы Алуа Балқыбекова (50 келіге дейін) Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалдық жекпе-жегінде жеңіске жетті.

Спортшы Солтүстік Корея құрамасының атынан сынға түскен Ан Кум Бёлге қарсы кездесуді сенімді өткізді.

Балқыбекова шаршы алаңда шебер өнер көрсетіп, жақсы қорғана білді. Сонымен қатар оның шабуылдары дәлдігімен ерекшеленді.

Аида Әбікеева бокстан Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының финалына шыққан төртінші қазақстандық спортшы атанды.

63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Әбікеева жартылай финалдық жекпе-жегінде айтарлықтай қиындық көрген жоқ. Ол ресейлік Елена Бабичеваға қарсы кездесуді сенімді өткізді.

Аида жекпе-жек барысында басымдыққа ие болып, нәтижесінде төрешілердің шешімі бойынша 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Бокстан Қазақстан құрамасының спортшысы Елдана Тәліпова Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының финалына шықты.

Спортшы 81 келіден жоғары салмақ дәрежесінде алтын медаль үшін күреседі.

Жартылай финалда Тәліпова Молдова өкілі Дарья Сазонованы жеңді.

Осылайша, әлем чемпионатының финалында бес қазақстандық боксшы сынға түседі. Финалдық жекпе-жектер 16 наурызда өтеді.