• 15-03-2025

Қайырымдылық күні: «Игі істер» марафоны аясында жас спортшылар игі іс жасады

Бүгін, 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн тек мейірімділік пен жанашырлықтың белгісі ғана емес, сонымен қатар көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созудың маңыздылығын еске салатын ерекше күн. Осыған орай, Республикалық мамандандырылған олимпиада резервінің мектеп-интернат-колледжінің ұстаздары мен оқушылары «Игі істер» марафоны аясында қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, үш отбасыға материалдық және моральдық қолдау көрсетті.

Бұл қайырымдылық шарасына мектептің көптеген оқушылары белсене қатысты. Солардың бірі – волейболдан спорт шеберлігіне кандидат, 16 жастағы Абдраимова Дана.

Бүгін 15 наурыз, Қайырымдылық күніне орай біз осылай әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмегімізді көрсетіп жатырмыз, — дейді Дана.

Алғашқы сапар – Жаңғалық Расулдың үйіне

Қайырымдылық шарасының алғашқы нысаны – 5 жасар Жаңғалық Расулдың үйі болды. Ол герпетикалық энцефалит дертімен күресіп келеді. Баланың күнделікті өмірі ерекше күтімді қажет етеді, ал оның ата-анасы үшін бұл оңай сынақ емес. Интернат ұжымы отбасыға азық-түлік, қажетті тұрмыстық заттар мен балаларға арналған ойыншықтар әкеліп, оларға моральдық демеу берді.

Мен, Телибаева Айдана 6 баланың анасымын, ерекше балам бар. Ораза айы қабыл болсын, осы Ораза айында жасап жатқан жақсылықтарыңыз Алладан еселеніп қайтсын, барлығыңызға рахмет! Жақсылық жасаудан ешқашан қалыспаңыздар, — дейді анасы.

Байкенұлы Жәнібек: ерекше балаға ерекше қамқорлық

Келесі сапар аутизм диагнозы қойылған Байкенұлы Жәнібектің үйіне арналды. Ерекше бала ерекше назарды қажет етеді. Жәнібек қоғамнан оқшауланбауы үшін ата-анасы барын салып, оны дамытумен айналысады. Спортшылар отбасыға қажетті заттар сыйлап, жылы көңілдерін білдірді.

Менің балам да спортпен шұғылданатын. Кішкентай кезінде жол көлік оқиғасына тап болғаннан кейін әкесі қайтыс болып, ол сөйлей алмай қалған болатын. Одан кейін денсаулығы орнына келгеннен кейін бассейнде жүргенде құлап, жарақат алды, нәтижесінде денсаулығы нашарлап кетті. Сіздерге рахмет!, — дейді Жәнібектің анасы.

Кәлпен Ерсұлтан: өмірге құштар жүрек

Қайырымдылық шарасының соңғы нүктесі – Кәлпен Ерсұлтанның отбасы. ДЦП диагнозымен өмір сүріп жатқан балаға ерекше күтім мен тұрақты қолдау қажет. Қонақтар Ерсұлтанға түрлі ойыншықтар мен қажетті заттар сыйлап, оның отбасы мүшелерімен әңгімелесіп, оларға қолдау білдірді.

Көп рахмет сіздерге! Жастардың игі іс жасауға қатысқаны жақсы. Алладан қайтсын, барлығымыз аман болайық!, дейді Ерсұлтанның анасы.

Қайырымдылық – адамгершіліктің биік шыңы

Олимпиада резервінің мектеп-интернат-колледжі ұйымдастырған бұл қайырымдылық шарасы қоғамдағы жанашырлық пен мейірімділіктің айқын көрінісі болды. «Игі істер» марафоны аясында жүзеге асқан бұл шара бір күндік акция болып қана қоймай, адамдардың бір-біріне деген жанашырлығын күшейтіп, көмекке мұқтаж жандарға үміт сыйлайды. Қайырымдылық күні тек осы күні ғана емес, әрдайым жалғасатын игі дәстүрге айналса игі.