Еуроодақта адамның өмір сүру ұзақтығы артты
Испания. 24kz 2023 жылы Еуроодақта орташа өмір сүру ұзақтығы 81 жастан асып, рекордтық көрсеткішке жеткен. ...
Бүгін елімізде «Шаңырақ күні» атап өтіліп жатыр.
Наурызнаманың 10 күндігі аясында ұлықталған мерейлі мерекенің әр отбасы үшін маңызы ерек. Айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлының шаңырағы да осынау айтулы датаны елеусіз қалдырмайды. Ұлттық құндылықтарды үзбей жаңғыртып келе жатқан шағын мемлекет үшін бұл тек бір күндік шаттық емес.
Ақ шаңқан киіз үй, төрінде домбыра, төбесінде шаңырақ. Әз-Наурызға әзірлік емес бұл. Сіз бен біз үшін тек мерекеде көретін көрініс болуы мүмкін. Ал Дәулеткерей Кәпұлының отбасына үйреншік дүние. Ақынның ауласында киіз үй 1 күн емес жыл 12 ай тігіліп тұрады. Оның да өзіндік маңызы ерек.
Дәулеткерей Кәпұлы, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Кешегі көшіп жүріп өркениет жасаған тың дүниесін өзімнің қалауыммен жасағым келеді. Және өзімнің бала-шағама көрсеткім келеді. Өйткені біз шаңырақ деген нәрсені қазір төрт бұрыш үйді де шаңырақ дейміз. Негізгі шаңырақ киіз үйдің шаңырағы. Кереге, уық, есік сынды төрт бөліктен тұрады ғой. Жазды күні осындамыз. Қонақтарымыз осында келеді. Қыста да осында күтем ортада пеш бар.
Көне салтты дәріптеп, қазақылықтың қаймағын бұзбаған әулеттің мәуелі бәйтерегі Егеухан Мұқамәдиқызы. Ғасырға жуық ғұмырында қарт ана сырмақ сырып, ою-өрнектен бір сәт алыстамаған. Көнекөз абыз ананың өнегесі қыздары мен келін, немерелеріне үлгі. Ізін жалғаған ұрпағы да қолөнерден құр алақан емес. Қазақ үшін бірліктің бейнесі болған шаңырақ біздің отбасында да ерекше құрметке ие дейді.
Егеухан Мұқамәдиқызы, ақын, «Құрмет» орденінің иегері:
- Қазір енді қалыс қалған қазақтың өнерін ортаға әкеліп жатқан жағдай. Ежелгі қазақ мына киіз үйді қыстың ішінде қыстай қыстап отырған. Қазір де аяз бар, үй жылы. От жанып тұр, ешкім тоңбайды. Ежелгі қазақ осылай өмір сүрген. Қазір біраз ұмыт болып, кей адамдар киіз үйді білмей қалып.
Отбасының ұл-қыздары да қазақы тәрбиемен сусындап келеді. Тұлымдылары ат жалын тартып мінсе, бұрымдысы іскерлікке жақын. Үйдегі абыз ананың да қалауы осы. Өлмейтін, өшпейтін өнегені ұрпақ жадында жаңғырту.
Кәмшат Мұхамеджан, Ғалымжан Әбділахат