
Өткен жылы Тобыл өңіріндегі Қарасу, Қостанай аудандарында жарияланған төтенше жағдай режімі күшін әлі жойған жоқ. Облыстық ТЖД мәліметін ше, биыл көктемде тағы 57 елді мекенге тасқын судан қауіп бар.
Былтыр өңірде су тасқынынан төнетін қауіп деңгейін азайтудың арнайы жоспары бекітіліп, қысқа уақыт ішінде 111 шараны жүзеге асыру міндеттелген еді. Бүгінге дейін соның 96-ы орындалды. Мысалы, бір шеті Тобыл өзеніне тиіп жатқан Тобыл қаласындағы қорғаныс дамба күрделі жөндеуден өтіп, нығайтылды. Арқалық қаласына қарасты Северный ауылының айналасына жиналып қалатын еріген қар суы далаға ағып кететін ұзын арық қазылды. Өңірде төрт көпір, екі суқоймасы, бір бөгет, алты дамба жөндеуден өтті. Өзен-көлдердің бойындағы 30 шақырымнан астам жағалау бекітіліп, үйінді бөгеттер тұрғызылды. Бес көлік жолы қалыпқа келтіріліп, былтыр көктемде құлап қалған 693 электр бағаны жаңартылды. Күре жолдардың бойына жаңадан 14 су өткізу құбыры орнатылып, 40 шақырымға жуық жол шетіндегі арықтар жөнделіп, тазартылды.
«Облыс аумағын әуеден бақылауға қажетті қаражат бекітілді. Су тасқынының алдын алу, оның зардаптарын жоюға жанармай қоры, инертті материалдар, құм салынған қаптар дайындалды. Зардап шеккен тұрғындарға азық-түлік жеткізу бойынша келісімшарттар жасалды», дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев.
Өңірде су тасқыны бола қалған жағдайда тұрғындарды орналастыратын 104 эвакуациялық пункт дайын тұр. Бұл орындарға он екі жарым мыңнан астам адам жайғаса алады. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына 2 815 адам тартылып отыр. 392 техника, 123 жүзу құралы, 336 мотопомпа бар. ТЖД-ның жеке құрамы күшейтілген қызмет тәртібіне көшкен. Кезекші топтар екі ауысымдық режімде жұмыс істеп жатыр.
«Қостанайдан Арқалық қаласына, Жангелдин, Амангелді аудандарына 3 арнайы топ жіберілді. Топ құрамында 77 қызметкер, 28 техника бар. Құтқарушылар жағдайды бақылауда ұстап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ арық-сайларды, каналдар мен аулаларды қар-мұздан тазарту жұмыстарын атқарады. Мұның сыртында, Семей қаласынан келген инженерлік техникасы бар әскери бөлім жауынгерлері Қарасу ауданында Жамбыл ауылының маңайына құм толтырылған қаптарды қалап, қорған жасап жатыр», деді Ө.Тұтқышев.
Өткен жылы дүйім елді дүрліктірген алапат тасқында мал шығыны, мүлік шығыны көп болды. Сондықтан облыстың ауыл шаруашылығы, ветеринария басқармалары да ерте қамданып, ауыл, қыстауларды аралап, халыққа түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде көктемгі су тасқыны кезеңіне арнайы 644 мың тонна шөп, 217 мың тонна сабан, 243 мың тонна қоспажем дайындалған. Қажет болған жағдайда бұл мал азығы су басып қалған елді мекендерге жеткізілетін болады.
«Арқалық қаласына қарасты 4 ауыл, 14 қыстауға, Амангелді ауданына қарайтын 8 ауылдық округ пен 77 қыстауға, Жангелдин ауданына қарасты 6 ауылдық округ пен 32 қыстауға қызыл судан қауіп төніп тұр. Алдын ала дайындалған жемшөп осы аталған елді мекендер мен қыстауларға жеткізілетін болады. Сонымен қатар су тасқыны бола қалған жағдайда малды айдап апаратын қауіпсіз қырат, дөңес жерлер анықталып, халыққа түсіндіру жұмысы жүргізілді», дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхаметов.
Ветеринар мамандар да малды ауылдарды аралап, биыл туған жаңа төлді жаппай сырғалау, таңбалау, чиптеу жұмысын атқарып жатыр. «Негізгі шаралардың бірі – мал басын 100% сәйкестендіре отырып, малды түгендеу. Бұл міндетті нормаға айналуға тиіс. Мұндай түгендеу төтенше жағдайда малдың саны мен жағдайын дәл бақылауға мүмкіндік береді, су тасқыны кезіндегі шығындарды азайтуға, эвакуацияны жеделдетуге, төрт түлікті аман сақтап қалуға көмектеседі», дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Төлеген Иманбаев.
Төтенше жағдай вице-министрі Рамил Камаловтың қатысуымен өткен оқу-жаттығу жиыны барысында облыстағы құтқару қызметтерінің, қала-аудан әкімдіктерінің алдағы су тасқынына дайындығы тексеріліп, азаматтық қорғаныс күштері мен техникалық құралдардың көктемгі су тасқынына дайындығы пысықталды. Төтенше жағдай қызметіне қарасты техниканың көктемгі су тасқынына дайындығы тексерілді. Тәжірибелік жаттығу жұмыстары өтті. Оқу-жаттығу барысында қала шетіндегі арықтарды, су өткелдерін, құбырларды тазалау, елді мекендер аумағынан қар шығару жұмысы жүргізілді. Алдағы уақытта өңірдің 7 ауданында мұз жару жұмысын жүргізу жоспарланған.
Қостанай облысы