• 19-03-2025

Жарыс күнделігі

Жапонияның Наоми қаласында спорт­тық жүрістен Азия чемпионаты аяқталды. Доданы еліміздің құрамасы қос жүлдемен қорытындылады. 20 шақырымдық қашық­ тықты 1 сағат 13 минут 07 секундта жүріп өткен Георгий Шейко күміспен күптелсе, әйелдердің сайысында Жасмин Тоқсанбаева қолаға қол жеткізді. Оның көрсеткіші – 1:33:11.

  • 18-21 наурыз аралығында Швейцарияның Энгадин шаһарында фристайл-могулдан әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Альпі тауы етегіндегі жарыста еліміздің намысын Юлия Галышева, Анастасия Городко, Юлия Феклистова, Павел Колмаков, Антон Бондарев, Фёдор Бугаков, Максим Емельянов сынды спортшылар қорғайды.
  • Теннистен командалық әлем чемпио­натының іріктеу кезеңінде D тобында өнер көрсететін еліміздің әйелдер құрамасы Аустралия, Колумбия командаларымен күш сынасады. 10-11 сәуірде Аустралияның Брисбенінде өтетін жарыста Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Зарина Дияс, Анна Данилина, Жібек Құламбаева сынды ойыншыларға сенім артылып отыр.
  • Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) плей-оффында ойнайтын командалар толықтай анықталды. Батыс конференциясынан «Локомотив» (Ярославль), «Динамо» (Мәскеу), «Спартак» (Мәскеу), ЦСКА (Мәскеу), «Динамо» (Минск), «Северсталь» (Череповец), СКА (Санкт-Петербург), «Торпедо» (Төменгі Новгород) сондай мүмкіндікке ие болса, Шығыс конференциясында «Трактор» (Челя­бинск), «Салават Юлаев» (Уфа), «Авто­мобилист» (Екатеринбург), «Металлург» (Магнитогорск), «Ақ Барс» (Қазан), «Авангард» (Омбы), «Адмирал» (Владивосток), «Сибирь» (Новосибирск) клубтарының асығы алшысынан түсті. Өкінішке қарай, Гагарин кубогі үшін таласатындар қатарына Астананың «Барысы» қосыла алмады.
  • Ски-альпинизмнен еліміздің құрамасы Оңтүстік Кореяның Пхенчханында өткен Азия кубогінде жеті жүлде олжалады. Тік көтерілу жарысында Әсем Назырова мен Шыңғыс Байқашев жеңімпаз атанды. Нияз Жанұзақов күміс алса, Денис Власов қоланы қоржынға салды. Спринтте Денис Власов пен Әсем Назырова алдына жан салмады. Нияз Жанұзақов екінші орынды еншіледі.
  • Майамиде өтіп жатқан АТР турнирінің іріктеу сынының жартылай финалында Ми­хаил Кукушкин аустралиялық Адам Уол­тонға 1:6, 4:6 есебімен есе жіберді. Александр Шевченко Лукаш Клейнді қапы қалдырды – 6:3, 7:6. Енді ол аргентиналық Тьяго Агустин Тирантемен кездеседі. Александр Бублик жарыстың негізгі бөлігінің алғашқы айналымында Аргентинаның тағы бір өкілі Себастьян Баеспен сайысқа түседі.