• 19-03-2025

Сарапшы: Салық реформасын көпке созбау керек

Қоғамда көптен бері талқыға түскен тақырып – салық реформасы .

Бұл мәселеге Ұлттық құрылтайда Президент те тоқталды.

Мемлекет басшысының айтуынша, саладағы шикіліктің салдарынан бюджет тапшылығы туындайды. Сондықтан жеделдетіп олқылықты жою қажет.

Қазір елде екі млн-нан астам кәсіпкер тіркелген. Бірақ олардың саны бұдан да аз болуы мүмкін. Бурабайдағы құрылтайда Мемлекет басшысы салаға тиісті талдау жасалмағанын айтты. Соның салдарынан заңды айналып өтетіндер көбейіп тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанда түрлі салық режимі, көптеген жеңілдіктер мен преференциялар бар. Оның бәрі елімізде салық офшоры сияқты ахуал қалыптастырды. Кәсіпкерлердің екі негізгі тобы пайда болды. Олар заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, салық салынатын табысын өзі үшін азайтып көрсететіндер және барлық салықты адал төлейтіндер. Кәсіпкерлердің осы екінші тобы бәсекеге төтеп бере алмай жатыр. Үкімет салық төлеуден жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндердің әрекетіне орынды назар аударды. Өкінішке орай, мұндай жағдай жаппай белең алған.

Осы орайда Мемлекет басшысы заңнамаға жедел түзету енгізуді тапсырды. Яғни Үкімет пен Парламент бұл іске білек сыбана кірісуге тиіс. Экономист Сапарбай Жобаевтың пайымдауынша, салық реформасын көпке созбау керек. Әлеуметтік мемлекет үшін әрбір тиын маңызды дейді маман.

Сапарбай Жобаев, экономист:

- Салығы өте төмен мемлекеттер қатарындамыз. Ал салығы төмен мемлекет болғанна кейін оның шығындары, бәрібір біз әлеуметтік мемлекет дегеннен кейін шығындарымыз көп болады да біз ұлттық қордың ақшасынан алуға мәжбүр болып тұрмыз. Осы мәселені шешу үшін экономистер де, Үкімет те, барлығы осы, Президент те кезінде осы салықты көбейтіп, бюджеттің жаңағы 115 трлн болса, еш болмаса 20-25 трлнын жинау керек.

Корпоративтік табыс салығын ұлғайту қажет дейді сарапшы. Бүгінде квазимемлекеттік сектор мемлекетке салық төлемей, керісінше қаржы алуға ынталы. Бұлардың бюджеттің қомақты бөлігін толтыратын әлеуеті бар.

Сапарбай Жобаев, экономист:

- 20 пайыздық корпоративтік табыс салығы мына квазимемлекеттік кәсіпорындар үшін өте аз. Соның өзін төлеместен жеңілдіктер алып жүргендер бар деді. Соны 20-25-ке шығару үшін, кейін қалғандарын төлету үшін деген еді, ол да үш-төрт жыл жабулы қазан жабулы қалды. Соларға енді неге төлемейді, неге төлемейсің десе, ой олар көлеңкеге кетіп қалуы мүмкін, анау-мынау дейді жаңағы жеке табыс салығы мен корпоративтік табыс салығын айтсаң. Біздің квази мемлекетітк кәсіпорындар көлеңкеге кетеді ма?

Салық кодексінің жаңа жобасында бірнеше салық түріне өзгерту көзделген. Мәселен, қосымша құн салығының сараланған тарифі енгізілмек. Базалық мөлшерлеме 12 пайыздан 16 пайызға көтеріледі. Тек медицина саласына 10 пайыз мөлшерінде белгіленсе, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер салықтан босатылады.

Жазира Мыңбаева, ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің бас сарапшысы:

- Корпоративтік табыс салығына келетін болсақ, бізде Парламентке алдыңғы жылы 28 тамызда енгізілген жаңа салық кодексі шеңберінде корпоративтік табыс салығының сараланған мөлшерлемесі бойынша ұсыныс енгізілген. Ол жерде базалық мөлшерлеме ретінде 20 пайыз қалса, мынау банктік салаға және оның ішінде ойын бизнесіне жоғарылатылған 25 пайыз мөлшерлеме ұсынылып отыр. Ал мынау әлеуметтік салаға, яғни медицина саласына, білім саласына 10 пайыздық мөлшерлеме ұсынылып отыр.

Қазіргі таңда заң жобасына қатысты қоғам тарапынан көптеген ұсыныс түсіп отыр. Бұл ұсыныстардың барлығы ескеріледі дейді министрлік өкілі. Яғни заң жобасы жан-жақты сараптамадан өткен соң қабылданады.

Нұрқанат Қанапия, Руслан Әлиев, Абдулхамит Бөлекбаев