• 19-03-2025

Әкім су тасқыны қаупі бар аймақты әуеден бақылады

Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаев, Төтенше жағдайлар департаментінің және "Қазселденқорғау" ММ филиалының басшылығымен бірлесіп Жетісу Алатауы тауларына аэровизуалды тексеру жүргізді.

Алдымен Көксу, Көктал, Қоғалы, Биен, Ақсу, Сарқан, Ағынықатты, Лепсі, Кіші және Үлкен Басқан өзендерінің бассейндерінің қазіргі жағдайына назар аударылды.

Әуеден бақылау барысында су тасқынының алдын алу мақсатында таулы өңірлердегі қар жамылғысы деңгейі мен қардың еру процесіне зерделеу жасалды, деп жазады inbusiness.kz сайты Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сондай-ақ аудан, қала әкімдері жергілікті жерлерде селдің алдын алу бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.

Облыстық Төтенше жағдайлар депарматентінің мәліметінше, бүгінде теңіз деңгейінен 1500-2000 м биіктіктегі қар жамылғысының қалыңдығы 30 см-ден 70 см-ге дейін, өзен арналарында жиекмұздар, кептелістер жоқ, судың өтуі кедергісіз. Мореналық көлдер қысқы режимде. Төменгі Жасылкөл үйінді көлінің көлдің жағалау бойындағы акваториясы біртіндеп мұз бен қардан босатылуда.

Әуеден бақылау барысында өзен бассейндеріндегі гидрологиялық жағдай маусымдық ауа райына сәйкес екені анықталды.

Облыс әкімі су тасқыны жағдайын болжау мен талдауға мүмкіндік беретін мұндай мониторингілеу жұмыстарын жүйелі негізде жүргізу керектігін атап өтіп, су тасқыны қаупінің алдын алуды қамтамасыз етудің кешенді шараларын күшейтуді тапсырды.

2025 жылғы су тасқыны кезеңіне алдын ала дайындық шеңберінде өткен жылы 34 іс-шара атқарылды. Ал биыл бұл мақсатқа

1,9 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл қаражатқа бірқатар магистралды каналдарды жөндеу, су тасқыны қаупі бар 2 өзенде нығайту, тереңдету жұмыстары және профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі.