• 21-03-2025

Суперкомпьютерді тізгіндеген

Былтыр Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верси­тетінің 90 жылдық мерейтойы аясында Орталық Азияның қуатты суперкомпьютері осы оқу орнына орнатылды. Базаргүл Мәткерімқызы – осы құрылғыны емін-еркін меңгеріп, оның қыры мен сырын студенттерге үйретіп жүрген білікті оқытушының бірі.

Оның айтуынша, бұрын ғылыми есептеулердің өнім­ділігін шетелдік суперкомпьютерлерде тестілеуден өткіз­се, енді бұдан былай атал­ған университеттің су­пер­компьютерінде жұмыс істеуге мүмкіндік туып отыр. Отандық суперкомпьютер күрделі тап­сырмаларға ар­налған жоғары есептеулерді жүргізу арқылы еліміздің ғылы­мы мен экономикалық дамуына зор үлес қоспақ.

Базаргүл Мәткерімқызы Қазақ ұлттық университетінің Компьютерлік ғылымдар ка­федрасында аға оқытушы және компьютерлік ғылым­дар зертханасында жетекші ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. Оның негізгі ғылыми зерттеу бағы­ты: жоғары өнім­ді есептеу машиналарында, яғни супер­компьютерлерде есептеуге қажетті ғылыми есеп­теу­лер­дің параллельді бағдарлама қосымшасын жобалау және өңдеу.

Суперкомпьютер – жо­ғары есептеу қуаты мол құ­рал. Сондай-ақ мұнда ғы­лы­ми және күрделі инже­нер­лік есептерді шешеді. Бұл миллиондаған есеп­теу ба­рысын небәрі секунд ішін­де орындайтын қабілет­­ке ие. Суперкомпьютерлер әдет­те ауа райын болжау мен кли­маттық мо­дель­­дер құ­­ру, ғылыми зерт­теу­­­­­лер (молекулалық ди­на­­ми­­ка, квант­тық физика, биоинформатика), инженер­лік симуляциялар (авиация, автокөлік, ғарыш техникасы), жасанды интеллект және машиналық оқыту, үлкен деректерді талдау, болжау секілді күрделі тапсырмаларды шешуге қолданылады.

Біздің кейіпкеріміз ғы­лыми зерттеу жобаларына 2009 жылдан бастап, белсене араласып, осы жылдар аралығында 15-тен астам ғылыми жобаға қатысқан. Қазіргі таңда 2024–2026 жыл­дарға арналған екі бір­дей ғылыми жобаның жетек­шісі атанды. Оның бірі – гранттық қаржыландыру жобасы. Аталған жобаның мақсаты – суперкомпьютерлерде есептеуге бағытталған түрлі үлгідегі ғылыми есеп­теулердің бағдарламалық қосымшаларының кодын арнайы жобалап, моделін құру.

Өз саласына дендеп кіріс­кен маман осы жобасында суперкомпьютерлерде есептеуге бағытталған ғылыми есептеудің бағдарламалық кодтарын құруды автогене­рациялау технология­сын қолдану арқылы зерт­теу­шілердің жұмысын оңтай­ландыруға күш салып отыр. Ал екіншісі – жас ға­лым­дарды гранттық қар­жы­ландыруға арналған жоба. Оның мақсаты – жасанды интеллектіні пайдаланып, МРТ сканерлеуін жіктейтін және сүт безі обырын дәлірек анықтайтын ең тиімді те­рең оқыту моделін жасау. Ұлт­тық ғылыми онкология орта­лығы мамандарының мәлім­деуінше, елімізде сүт безі обырына шалдық­қандардың са­ны кейінгі он бес жылда күрт көбейген. Сон­дық­тан ға­лым осы ғылыми зерттеу ба­ғыты бойынша сүт безі обы­ры­на шалдыққан әйелдерді ерте анық­тау арқылы олардың денсаулығын сақтауды армандайды.

Бұдан бөлек, Б. Мәткерім­қызы компьютер­лік ғылым­дар білім беру бағдар­лама­сы (БББ) бойынша студент­тер­ге магистранттар мен докто­ранттарға жоғары өнімді ғылыми есептеуге қатысты пән­дерден дәріс оқиды. Сонымен қатар үш деңгей бойынша компьютерлік ғылымдар БББ-ның кординаторы ретіндер қосымша міндетті де атқарады. Ол – атал­ған БББ-ны жыл сайын заман талабына сай жаңартып, жетілдіріп отыратын жауап­ты маманның бірі. Кейінгі жаңартулар бо­йынша осы БББ-ға жасанды интелект бағытын қосып сәйкес оқу пәндерін кірістіргенін айтады.

Ба­заргүл Мәткерімқызы ақ­параттық технология саласында білікті мамандар­ды даярлауға атсалысып жүр­ген оқытушы ғана емес, көп­балалы ана. Үлкен әулеттің келіні. Иә, біздің елімізде осын­дай бір қолымен бесік тер­бе­­тіп, екінші қолымен ғы­лым­ды дамытуға үлес қо­сып жүрген білікті мамандар көп.