• 21-03-2025

Президент реформалары: сын-қатерлерді еңсеру кезеңі

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, күн тәртібінде негізінен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын іске асыру барысы талқыланды . Мәжіліс депутаттары Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген қарар қабылдады.

Саяси векторды түбегейлі өзгерткен Жолдау

Мемлекет басшысы ел тізгінін қолына алған сәттен бері жүзеге асырып келе жатқан саяси реформалар – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов баян­дап берді. Палата спикері осыдан тура үш жыл бұрын, дәл осы залда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа тарихи Жолдауын жариялағанын атап өтіп, ол уақыт әлем үшін де, еліміз үшін де алмағайып та күрделі сынақтардың кезеңі болғанын еске салды.

– Пандемия індеті дүрбе­лең туғызды. Жаһандық және аймақтық қақтығыс­тар, санкциялық соғыстар белең алды. Біздің елге де оңай тиген жоқ. Науқаншылдықтан, жасандылықтан қажыған қоғамның өзі екіұдай көңіл күйде болды. Тіпті мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығына қатер төнген сәттерді бастан өткердік. Алдымызда күрделі жол, күрмеулі таңдау тұрды. Соның бәріне қарамай, сын сағатта Президентіміз елмен бірге болып, қиындықтарды абыроймен еңсердік. Мемлекет басшысының үш жыл бұрынғы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халық­қа Жолдауы сын-қатерлерге берілген кесімді әрі нақты жауап болды, – деген Е.Қошанов бұл Жолдау елдің еңсе­сін көтеріп, рухын оятып, ұлтымызды ұйыстырғанын атап өтті.

л

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Палата спикері шын мәнін­де, Жаңа, Әділетті Қазақстан қол жетпес арман емес еке­нін айтты. Бұл хал­қы­мыз­дың талап-тіле­гінен, қоғамның сұра­ны­сынан туындаған қажеттілік, өмірдің шындығы екенін жеткізген Е.Қошанов реформалар заңды өзгерту ғана емес, тұтас мемлекет пен қоғамның бол­мыс-бітімін жаңарту, жаңғырту екеніне айрықша тоқталды.

– Әлемде жетістікке жетудің әмбебап моделі жоқ. Жалпыға ортақ принциптер ғана бар. Бұл – әділдік, еркіндік және даму. Президент қолға алған реформалардың да түпкі мәні – осы. Біз қазір мүлде жаңа, өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Сол тарихи үдерістердің куәгері әрі қатысушысы бола тұра оның маңызын әрдайым терең сезіне бермейміз. Оны үйреншікті, күнделікті жағдай сияқты көреміз. Ал шын мәнінде, кез келген тарихи, тағ­дырлы оқиғаларға өз уақытында, ла­йықты баға берілуі керек. Сондықтан Мемлекет басшысының Жолдауын еліміздің бүгіні мен болашағына тигізер ықпалы тұрғысынан дұрыс әрі жан-жақты зерделеп, саралау аса маңызды. Ол азаматтарымыздың да елдегі реформаларды жете түсініп, қабылдауына септігін тигізеді. Бүгінгі пленарлық отырыс осы мақсатқа арналып отыр, – деді Ерлан Жақанұлы.

Суперпрезиденттік басқару келмеске кетті

Мәжіліс төрағасы өз сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы сол кездегі қалыптасқан жағдай мен ел тағдырына қатысты ой-пайымдарын бүкпесіз, егжей-тегжейлі жеткізгенін айтты.

– Мемлекет басшысының сол тарихи Жолдауында айтылған әр сөзі бәріміздің жадымызда. Президент пен қоғамның арасында бұрын-соңды болмаған ашық, риясыз диалог халықтың билікке деген үмітін оятты, сенімін нығайтты. «Халықпен бірге» қағидасы Президент саясатының негізгі өзегіне айналды. Реформалардың қоғамның қолдауына ие болуының басты кепілі де – осы. Ел тарихында тұңғыш рет Конституцияның үштен біріне демократиялық принциптерге сай түбегейлі өзгерістер енді. Үш жылдың ішінде билік тармақтарының бәрі толықтай жаңарып-жаңғырды. Конституциялық референдум, Пре­зидент және Парламент сайлауы өтті. Жалпы, бұл өзгерістер президенттік инс­титуттан басталды. Суперпрезиденттік басқару жүйесі шектелді. Президент енді ешқандай партияға мүше болмайды. Жақын туыстарының жоғары лауазымды қызмет атқаруына ты­йым салынды. Мемлекет басшысының жеке бастамасымен Конституцияға бір реттік, жеті жылдық мерзім қағидасы енгізілді. Бұл болашақта биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермейтін заңды тетік болды. Айта кету керек, мұндай тәжірибе әлемнің санаулы мемлекеттерінде ғана бар. Осының бәрі ел мүддесі, мемлекет болашағы үшін жасалған батыл да табанды қадамдар екені сөзсіз, – деді Е.Қошанов.

Ауыл әкімдері сайланбалы жүйеге көшті

Сонымен қатар ол түрлі деңгейдегі өкілді органдардың құрамы қайта жасақталғанына да тоқталып, аудан, ауыл әкімдері сайланбалы жүйеге көшкенін атап өтті. Сондай-ақ елдегі саяси ұйымдардың, азаматтардың белсенділігі арта түсіп, бұл қоғамды жұмылдырып қана қоймай, есейте түскенін тілге тиек етті. Көз алдымызда халықтың ой-санасы өзгеріп, құндылықтары жаңарды.

– «Елу жылда ел – жаңа, жүз жылда – қазан» дейді дана халқымыз. Басқаша айтсақ, ондаған жылдар бойы нәтижесін беріп келген жүйе өз жұмысын тоқтатады деген сөз. Отыз жыл бойы Қазақстанда суперпрезиденттік басқару формасы қолданылды. Алайда уақыт өте келе, ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген модель үлкен саяси дағдарысқа алып келді. Бұған негізінен мемлекетімізге бір ғана адам үстемдік етіп, елдің бар байлығын санаулы адам иеленуі себеп болды. Бұл жайт қоғамның ашу-ызасын туғызды және елдің дамуын тежеді. Сондықтан үш жыл бұрын саяси жүйені жаңғырту үдерісін бастаудың маңызы зор еді. Бүкіл биліктің бір қолда шоғырлануына мүмкіндік беретін жүйеден бас тарту қажет болды, – деген Е.Қошанов мұны да Мемлекет басшысының батыл шешіміне балады.

пр

Яғни палата спикерінің айтуынша, әлемде болып жатқан жағдайлардың көп­теген елде жоғарғы билікті басқа саяси институттарға беру және табыстау әлі күнге дейін түрлі дау мен пікірталасқа ұласатынын көрсетіп отыр.

– Біздің елімізде Президент, кері­сін­ше, өзінің жеке бастамасы бойынша өкілеттіктердің бір бөлігін қайта бөліп, бір реттік жеті жылдық мерзімді енгізді. Осылайша, суперпрезиденттік басқару моделінің дәуірі аяқталды. Яғни елімізде бұрынғы саяси құрылым мен елді басқарудың қолданыста болған прин­циптері түбегейлі өзгерді. Билік тар­мақтары арасында оңтайлы тепе-теңдік сақталатын, мемлекеттік-саяси құры­лым­ның мүлде жаңа моделі қалыптасты. Енді Президенттің жанында жаңартылған, қажетті өкілеттіктері бар және қоғамның сеніміне ие болған Парламент, Үкімет, Конституциялық Сот және саяси партиялар пайда болды. Әр іс-әрекеттен заң мен тәртіпке деген құрмет көрініп тұратын әлеуметтік мемлекеттің айшықты бейнесі айқындалып келеді. Осы сәттен бастап Әділетті Қазақстан жай ғана ұран емес, нақты мүмкіндікке айналды. Бұл жағдайда заң шығарушы органның өкілеттіктері едәуір күшейіп, функциялары кеңейе түсті, – деп атап өтті Мәжіліс төрағасы.

Парламенттің қағидатшыл ұстанымы нығайды

Осылайша, палата спикері жаңа Пар­ламентке принципшіл, жаңа көзқарас ұста­натын, заман талабына сай заң шыға­ру­шылар қажет болғанын жасырмады. Ал реформаларды іске асырудың бастапқы қадамы сайлау заңнамасын ырықтандырудан басталғанын айтты.

– Ол партиялар мен қоғамдық бірлес­тіктерден бастап барша қарапайым азаматтарға дейін күшті серпін берді. Еліміздің саяси өміріне барлық адамның араласуына нақты әрі тең мүмкіндіктер пайда болды. Біздің қоғам үшін маңызды жаңалық – партиялық тізімдер мен бір мандатты округтер бойынша аралас сайлау жүйесін енгізу болды, – деді Е.Қошанов.

Ол осы арқылы қоғам еңсесін көтеріп, болашаққа деген сеніммен белсенді түрде жаңа көшбасшылар іздей бастағанын жеткізді.

– Мәселен, тек елорданың өзінде бір мандатты округтер бойынша бір орынға алпысқа дейін адам үміткер болды. Бәсе­келі және әділ сайлау қорытындысы бойын­ша еліміздің түбегейлі жаңа өкілді органы құрылды. Мәжіліске өткен алты партия тәжірибесіне қарамастан, мандаттарға ғана емес, палатада басшылық лауазымдарға орналасу құқығына ие болды. Бұл – өз сайлауалды тұғырнамалары мен міндеттемелерін іске асыру үшін үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар бір мандатты округтерде қатаң бәсекелестіктен өткен жаңа депутаттар қатарға қосылды. Депутаттық корпус түбегейлі жаңарды. Заң шығару ісіне партиялар мен сындарлы оппозициялық топ өкілдері келді. Бұған дейін Мәжіліс тек партиялық тізім бо­йынша қалыптасып, оның басым бөлігін жүйелі түрде бұрынғы шақырылымның депутаттары құрайтын. Олардың дені мемлекеттік қызметтегі немесе мем­­ле­кет­тік қызметтің айналасындағы адамдар болатын. Жаңа Мәжілісте депутаттық корпустың 70%-ы жаңарды, – дей келе Ерлан Жақанұлы депутаттардың бәрі әртүрлі саладан келген жаңа тұлғалар екенін атап өтті.

Заң шығарушы органның жаңаруы Мемлекет басшысының «Күшті Пре­зидент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын іс жүзінде толықтырып отырғанын айтқан палата спикері парламенттік бақылау ұғымының мән-маңызы арта түскеніне тоқталды. Енді депутаттар халықтың еркін білдіріп қана қоймай, атқарушы билік саясатының халық мүддесіне толық сәйкес келуін қадағаламақ.

– Бұл – билік тармақтары арасындағы классикалық тепе-теңдік жүйесінің айқын көрінісі. Қазір сайлауда жеңіске жеткен партия Премьер-министрдің кандидатурасын ұсынады. Президенттің бұл шешімі Мәжілістің өкілеттігін айтарлықтай күшейтті. Парламентте заң шығару үдерісінің сипаты түбегейлі өзгерді. Бір ғана мысал. Бұрын заң жобаларының көбі Үкіметтен түсетін. Қазір депутаттар бастамашы болған заңдардың саны артып келеді. Ең бастысы, олар – азаматтардың дәл қазіргі сұранысына, талап-тілегіне жауап беретін заңдар. Қоғамды алаң­дат­қан барлық өзекті мәселе Мәжіліс қабырғасында ашық талқыланып, ше­шімін таба бастады. Көптеген күрделі түйткіл бойынша маңызды заңнамалық шешімдер әзірленді. Олардың бәрі қандай қызу пікірталастардан кейін қабыл­данып жатқанын көріп отырсыздар. Құмар ойынға тәуелділік, есірткі мен вейп, тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күрес және халықтың қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша аса маңызды заңдар қабылданды. Бұл қоғамның қолдауына ие болды. Зиянды әрі қауіпті өндірісте жұмыс істейтін мыңдаған жұмысшының талап-тілегі орындалып, заңнамамен реттелді, – деді Мәжіліс төрағасы.

Барлық заңға арқау – «әділеттілік идеясы»

Баяндамада Ерлан Жақанұлы кейінгі жылдары қабылданған барлық заңға Президенттің «әділеттілік идеясы» арқау болғанын атап өтті. Жердің астындағы және үстіндегі қазына-байлық халықтың меншігі деген норманы Конституцияға шегелеп жаза алғанымызды жеткізді.

– Қазір бұл принцип «Ұлттық қор – балаларға» заңы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бұған қоса жаңадан ашыл­ған ірі кен орындарының 50 пайыз­дан көбі мемлекетке тиесілі болады. Жер мәселесі де – депутаттардың үнемі назарында. Тікелей Президенттің пәр­мені­мен, жұртшылықтың атсалысуы­мен заңсыз алынған активтерді қайтару туралы заң қабылданды. Соның нә­ти­жесінде, 2 трлн теңгеге жуық актив елге қайтарылды. Осының бәрі – Пре­зидент реформаларының жемісі. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге бағыт­тал­ған батыл қадамдар, – деп атап өтті Е.Қошанов.

ае

Мәжіліс төрағасы депутаттық корпус қатыспаған бірде-бір қоғам саласы қалмағанын да жеткізді. Айтуынша, бірлескен күш-жігер арқылы депутаттар Мемлекет басшысы көтерген көптеген әлеуметтік маңызды мәселені шешуге қол жеткізіп жатыр.

– Айталық, мұғалімдердің, дәрігер­лер­дің жалақысы, студенттердің стипендиясы өсіп жатыр. Дарынды балаларға, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарға қатысушыларға төлемдер заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етілген. Ел тарихында алғаш рет жалпы денсаулық сақтау шығындары ішкі жалпы өнімнің

4 пайызына жетті. Дәрігерлерді ауылда жұмыс істеуге ынталандыру жүріп жатыр. Олар 9 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алады. Онкоскринингтерді тегін медициналық көмекке қосу үлкен жетістік болды, ол 3,5 млн адамды қам­тиды. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады, – деді Ерлан Жақанұлы.

Сындарлы талқылау мәдениеті қалыптасты

Баяндамашы Президент рефор­ма­ла­рының тағы бір жеңісі – халықты мазалайтын мәселелер көшеде емес, Парламент қа­быр­ғасында талқылана бастағанын да айрықша атап өтіп, мазмұнды, конс­труктивті талқылау мәдениетін қалып­тас­тырып жатқандарын жеткізді. Тіпті Қаңтар оқиғасы бойынша екі рет арнайы парламенттік тыңдау өткізілді.

– Ашық талқылау барысында тергеу амалдарының мәліметтері бүкпесіз жарияланды. Оған Бас прокуратура, құқық қорғау органдары, құқық қорғаушылар және сол күндері ауыр шығынға ұшыраған кәсіпкерлер шақырылды. Елдің көкейіндегі көптеген сауалға жауап берілді. Сондай-ақ Мәжіліс жанынан құрылған Қоғамдық палатаның жұмысын да ерекше атап өтер едім. Қазір Қоғамдық палата үйлестіруші алаңға, негізгі заңнамалық бастамаларды тәуелсіз, кәсіби сараптау орталығына айналды. Осылайша, біз қоғаммен диалогтің жаңа форматына көштік. Бұл да Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру идеясымен толық үндесіп жатыр, – деген Е.Қошанов жаңартылған Парламентпен қатар басқа да маңызды мемлекеттік институттарға тоқталды.

Мәселен, Конституциялық соттың құ­рылуы сот төрелігі мен азаматтар құқық­тарын қорғауда жаңаша қуатты құралға айналды. Бұл – құқықтық мемлекетті ны­ғайту мен әділеттілікті қамтамасыз ету жо­лындағы маңызды қадам болғанын жет­кізді.

– Аталған институт жаңа құқықтық архитектурада маңызды орын алады. Конституциялық сотқа жүгінетіндердің дені, әрине, қарапайым халық, олардан 9 мыңнан аса өтініш түскен. Азаматтар бұл институтты «әлсіздердің қорғаны және шындықтың жаршысы» деп қабылдайды. Бүгінгі таңда Конституциялық сот құқықтық дау­лар­дың төрешісі ретінде ғана емес, сонымен қатар Мемлекет басшысының реформаларын демократиялық бақылау мен қорғаудың маңызды элементі болып отыр, – деді ол.

Палата төрағасы адам құқықтары, мүгедектігі бар адамдар мен кәсіпкер­лер­ді қорғау жөніндегі уәкілдер туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша, Париж қағидаттарына сәйкес жұмыс істейтін дамыған Еуропа елдерінде адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтына конституциялық мәртебе берілді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының атынан азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау ісіне мүгедектігі бар адамдар мен кәсіпкерлерді қорғау жөніндегі уәкілдер қосылды.

Омбудсмен институты жаңа деңгейге көтерілді

– Балалар омбудсменінің жұмысы біршама жаңартылды. Уақыттың өзі көрсеткендей, Президенттің омбудсмен институтын тікелей қолдауы халықты құқықтық тұрғыдан қорғауды сапалы жаңа деңгейге көтерді. Президент жария еткен заң мен тәртіп үстемдігі әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі ре­тінде қоғамда сындарлы ахуал қалып­тас­тыруда. Ал заң мен тәртіп идеологиясы адамдардың санасына бекем орнығып, қазақстандықтардың өмір салтына ай­на­лып келеді, – деп атап өтті Ерлан Жақанұлы.

Мәжіліс төрағасы жергілікті атқарушы билік жүйесінде де ауқымды өзгерістер жасалғанына тоқталды. Ұзақ жылдар бойы қоғам тарапынан көтеріліп келген азаматтардың да мемлекетті бас­қару ісіне тікелей араласуына қатысты мәселеге Конституциялық реформа нүкте қойғанын жеткізді. Яғни егемендік тарихында тұңғыш рет елімізде аудан мен ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті.

– Бұл қадам мемлекеттік аппараттың жұмысына жан бітірді. Қарапайым азаматтар үшін сайланбалы қызметтерге жол ашылды. Мұның өзі жергілікті жердегі сая­си өмірді жандандырып, азаматтардың шешім қабылдау ісіне белсене араласуына кең мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта тұрғындардың сайланған әкімдерге деген сенімі анағұрлым артты. Жергілікті билік пен қоғам мәселелерді бірлесіп шешуге қол жеткізді. Бүгінгі таңда электоралдық науқандар еліміздің түкпір-түкпірінде үнемі жүйелі түрде өткізіліп жатыр. Сайлау қалыпты, үйреншікті жағдайға айналды. Ең бастысы, әртүрлі саланың өкілдері әкім болып сайланып жатыр. Олардың бәрі – мүлде жаңа тұлғалар, Жаңа Қазақстанның жаңа басқарушы элитасы. Ендігі кезекте сайланған әкімдердің құзыреті мен өкілеттігін, қаржылық мүмкіндіктерін кеңейту керек. Алдымызда оларды заңмен, бюджетпен жұмыс істеуге бейімдеу, оқыту міндеті тұр, – деген Е.Қошанов қазір «Amanat» партиясы Үкіметпен бірге осы мәселелермен айналысып жатқанын айтты.

Реформалар халықаралық беделімізді арттырды

Палата төрағасы жүргізіліп жатқан реформалар елімізді халықаралық қаты­нас­тар жүйесінде де жаңа деңгейге шығарғанын атап өтті. Оның айтуынша, білікті де тәжірибелі дипломат саналатын Мемлекет басшысының басқаруындағы Қазақстан жаһандық саяси процестердің маңызды қатысушысы болып отыр.

– Еліміз бірден бірнеше беделді халықаралық ұйымда лайықты төрағалық етіп, өзін әлемдік диалог орталығы ретінде көрсетті. Халықаралық сарапшылар Қазақстанды «өңірдегі адал келіссөз жүргізуші» деп атай бастады. Қазақстанның үлкен жетістігі – БҰҰ Бас Ассамблеясының Алматы қаласын Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты Даму Мақсаттары бо­йынша Біріккен Ұлттар Ұйымының өңірлік орталығы ретінде бекітуі. Бұл халықаралық аренадағы жауапты әре­кетімен және уақыт талабына сындарлы көзқарасымен ерекшеленетін еліміздің орта держава ретіндегі рөлін бекемдей түседі. Еуропадағы аса беделді неміс ғылыми-талдау орталығы – «Ғылым және саясат қоры» (SWP) елімізді орта державалар тізіміне енгізіп, Қазақстанды өңірдегі негізгі ойыншы деп көрсеткенін атап өткен жөн. Мұның бәрі – Мемлекет басшысының халықаралық аренадағы мақсатты күш-жігерінің маңызды нәтижесі. Енді біздің алдымызда өз ұлттық мүддесі бар, жетілген мемлекет ретіндегі миссиямызды, өркениеттік кодымызды, мәдениетіміз бен тарихымыздың маңызын әлемдік қоғамдастыққа жеткізу міндеті тұр. Президент жуырда өткен Ұлттық құрылтай отырысында алдымызға дәл осындай міндет қойды, – деді палата төрағасы.

Ұлттық құрылтай – алуан пікір алаңы

Ерлан Жақанұлы аз ғана уақытта алуан пікір алаңына айналып үлгерген Ұлттық құрылтайға қатысты да пікір білдіріп, бұл жиынның халық ерекше ықыласпен күтетін жағдайға жеткенін атап өтті.

– Бүгінде Ұлттық құрылтай жай ғана форум емес, ықпалды қоғамдық-саяси институтқа айналды. Ол – алуан пікір алаңы, ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтардың бас қосатын ортасы. Бас­тап­қыда мұнда мәдени-гуманитарлық мәселе­лер көптеп талқыланатын. Ал қазір саяси, экономикалық даму мен инфра­құрылымдық өзгерістерден бастап, елді толғандырып отырған барлық жайтқа ерекше мән беріліп жатыр. Ұлттық құрылтайдың әр отырысында Мемлекет басшысы ел дамуының маңызды кезеңдерін қорытындылап, алдағы міндеттерді айқындауды игі дәстүрге айналдырды. Президенттің көтеретін мәселелері – тек мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық жоспарлар ғана емес, әр азаматтың, әр отбасының өміріне тікелей әсер ететін нақты шаралар. Сондықтан да халық бұл жиын­­ды ерекше ықыласпен күтетіні бекер емес. Осы жолы да Президент аса маңызды, өткір мәселелерге тоқталып, мақсат-міндеттерді айқындап берді. Мәселен, Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз күре жолын салуды тапсырды. Оған қоса Арқалықтағы әуежай қалпына келтіріліп, жаңа аэровокзалдың құрылысы басталады, – деген Мәжіліс спикері жұртшылық бұл жаңалықтарды ерекше ықыласпен қабылдап жатқанын айтып өтті.

Айтуынша, осы отырыстың алдында ғана депутат Берік Бейсенғалиев келіп жолығып, өзіне Торғай, Арқалық өңірінің мыңдаған тұрғыны хабарласып, Мемлекет басшысына ризашылығын жеткізуді сұрағанын айтты.

Е.Жақанов құрылтайда цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік транзиті, атом энергетикасы, агроөнеркәсіптік секторға баса мән берілгеніне де назар аударды.

– Ең бастысы, Мемлекет басшысы адам капиталы орнықты дамудың негізгі факторы болып қала беретінін қадап айтты. Соның ішінде бізге жүктелген шаруалар да аз емес. Олардың қатарында салық реформасы, деструктивті діни ағымдармен күрес, сондай-ақ депутат­тар­дың бастамасымен әзірленген шекаралық аймақтарды дамыту туралы заң жобасы бар. Бұл бағыттар елдің дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шешуші рөл атқарады. Бір сөзбен айтқанда, құрылтайда Мемлекет басшысы жалпыұлттық іс-қимыл жоспарын айқындады. Бұл – ұлы мұраттарға бастайтын, халыққа сенім мен рух беретін бұлжымас бағдар, – деді Палата төрағасы.

Баяндамасын қорытындылай келе, Ерлан Жақанұлы мүлде жаңа, сәт сайын құбылып, өзгеріп жатқан тарихи дәуірде өмір сүріп отырғанымызға тоқталды.

– Тарихта екінші мүмкіндік деген болмайды. Халық, ұлт ретінде соны түсінуіміз керек. Өткеннен сабақ алып, сараптап, болашаққа сеніммен қадам басу – нағыз жасампаздықтың белгісі. Жарқын болашақ дегеніміз – тағдырдың жай ғана сыйы емес. Біздің адал еңбегіміздің, төккен теріміздің өтеуі болатынын жадымыздан шығармайық. Бұл жолда ұлт болып, жұрт болып жұмылып, бірге жұмыс істеуіміз керек, – деді Е.Қошанов.

Саяси дамудағы батыл қадамдар

Мәжіліс төрағасының баяндамасына бірқатар депутат пен шақырылған қонақтар үн қосты. Алғаш болып сөз алған Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев елімізде ғылым саласына айрықша көңіл бөлініп, маңызды бастамалар мен реформалар іске асырылып жатқанын айтты.

– Қасым-Жомарт Кемелұлының екі ерлігін айтқым келеді. Біріншіден, 2022 жылы үлкен сын келді. Қазақ мемлекетінің шаңырағы шайқалды, бірақ құлаған жоқ. Алматы өртке оранды... Тоқаев сертінен таймады. Туды құлатпады, берік ұстады. Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірінші ерлігі. Екіншіден, Ұлттық ғылым академиясы 1946 жылы құрылған, яғни кеңес одағының қиын кезеңінде іргесі қаланды. Академияның тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев орасан жұмыс атқарған. Сол кезде ашылған кен орындары бүгінгі қазақ қазынасына 90 пайызын беріп тұр. Аталған кезеңде салынған электр стансалары әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Бұл өз кезегінде ғылым мен білімнің не екенін адамзатқа көрсетіп отыр. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Қасым-Жомарт Тоқаев құлаған академияны қайта тұр­ғызды. Академия кезінде «мемлекет ішіндегі мемлекет» болған. Енді ғылым академиясының бұрынғы әлеуетін қалпына келтіру керек. Яғни академия жұмысының жаңа принципін орнатуымыз керек. Ол үшін қаржыландыру мен ғылыми институттар құру мәселесін толыққанды шешу маңызды, – деді А.Жұмаділдаев.

Үш жыл бұрын елімізді шарпып өткен Қасіретті қаңтардан кейін нақты әрі батыл қолға алынған тағы бір өзгерістің бірі – сайлау жүйесі. Бұл – тәуелсіз кандидаттардың Парламентке өтуіне мүмкіндік берді. Осылайша, Мәжілісте мажори­тарлық мандатпен келген де­путат­тардың бір шоғыры пайда болды.

– Мен – 25 жылдық оппозициялық қоғамдық қызметтен кейін мемлекеттік биліктің бір өкілетті бұтағына сайлау арқылы келген адаммын. Бұл арадағы негізгі тірек тіркес – сайлау арқылы. Бұдан 20 жыл бұрын жойылған бір мандатты мажоритарлық сайлау және сайлану мүмкіндігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен реформаның арқасында қайтадан қалпына келгені даусыз. Біз бұл сайлау жүйесінің мүмкіндігін дамыта түсуіміз керек, – деді депутат Ермұрат Бапи.

Осы орайда ол Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадамдарды атап өтті.

– Президенттің Әділетті Қазақ­станды қалыптастыру мақсатында жылыстатылған активтерді елге қайтару бастамасын бірінші кезекте айту керек. Бұл Мемлекет басшысының өз сайлаушыларына, яғни Қазақстан халқына берген президенттік уәдесі ғана емес, ең бастысы, перзенттік парызы деп түсіну керек. «Ескі жүйеде» есесі кеткен халықтың қазынасын толтырудың қамымен кейінгі екі жылдың ішінде 2 трлн теңгеге жуық актив қайтты деген ақпарат бар. Басқасын қайдам, сол 2 трлн-ның тең жартысын екі олигарх қана қайтарған екен. Ал Президенттің тілімен айтқанда, «ел қазынасының жартысын иеленіп алған олигархаттан қайтарылуға тиіс активтер қайда? Елде баяу болса да, қадау-қадау жүзеге асып жатқан реформалар турасында айтқанда, Президенттің тікелей өкімімен құрылған Ұлттық құрылтайды да ауызға алмауға болмайды. Ел дамуының болашақ стратегиялық перс­пективасын анықтауға септігін тигізетін бұл құрылым қоғам мен мемлекеттік билік арасындағы диалогтік алаңға айналғанын жуықта ғана өткен Бурабай құрылтайы тағы да дәлелдеді. Жергілікті әкімдердің сайланып қою жөніндегі Президенттің тағы бір реформалық бастамасын тілге тиек еткім келеді. Иә, бұл мемлекеттік басқару вертикалын демократияландыруға бастайтын батыл қадам болғаны даусыз, – деп сөзін түйіндеді Е.Бапи.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның айтуынша, елімізде үш жыл­­дың ішінде іргелі өзгерістер жасалды. Жалпы­ха­лықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Пар­­ламенттің ықпалы артып, есеп беретін Үкі­метке жауапкершілік жүк­телді. Конс­­ти­ту­ция­лық сот құрылды. Жаңарған ауыл әкімдерінің 72 пайызының үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған жаңа адамдар. Демек жаңа леп келді.

– Аудандар мен облыстық маңызды қалалардың 45 әкімі сайланды. Ал биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайды. Халық сайлаған әкім халық алдында есеп береді, яғни қарқынды қайрат көрсетуге ұмтылады. Өткен отыз жылдық биліктің орасан зор зардабы өтіп кеткен ел түбегейлі өзгерістердің тез және қарқынды да ауқымды жүргенін қалайды. Бірақ өмірдегі өзгерістерді бір нүктені басып қалсаң, бәрі бірден өзгеріп кететін ертегідегі ғажайыппен шатастырмау керек. Дегенмен отыз жыл сірескен сеңді үш жылда қозғап жіберген нақты өзгерістер көз алдымызда өтіп жатыр. Әділетті Қазақстанның бәріне бірдей «Заң мен тәртіп» қағидаты болмаса, қазіргі өзгерістер болмас еді. Дәл осы қағидат Президенттің басты жеңісі саналады. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған, биыл төртінші рет өтіп, төрт құбыламызды түгендеп жатқан Ұлттық құрылтай да жалпыұлттық диалог алаңына айналып үлгерді. 2022 жылы жаңадан Абай, Ұлытау және Жетісу облыс­тары ашылды. Бұл үш облыстың ашылуы осы аймақтардың дамуына күшті серпін берді. Өңірлерге жанданған өмір келді. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер едәуір артты, инвестиция келе бастады. «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң қабылданды. Түркістанға ерекше мәртебе беру мәдени бірегейлікті нығайтып, қаланы Түркі әлемінің рухани астанасына айналдырады, – деді «Ақ жол» фракциясы мүшесі Қ.Иса.

Мемлекет жүйесіндегі ауқымды реформалардың тағы бірі – мүгедектігі бар жандардың қоғамдағы интеграциясы. Президенттің батыл қадамы арқылы Конституцияда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың Мәжіліс пен мәслихаттардағы орны арнайы квотамен шегеленді.

– Бұл өте ауқымды әрі дер кезіндегі проактивті шешім болды. Осының арқасында Мәжілісте 6 саяси партиядан менімен тағдырлас 6 мүгедектігі бар азамат депутат болып сайланды. Кейінгі 30 жылдық тарихымызда мұндай болады деп ешкім ойлаған жоқ. Жалпы, елімізде 737 мың мүгедек жан болса, оның 38%-ы ауылдық жерде тұрады. «Ауыл» партиясы бұл азаматтарға ерекше назар аударып отыр. Еліміздегі әр азаматтың мүддесі өте маңызды. Осыны ескере отырып, депутаттардың бастамасымен Мәжіліс жанынан инклюзивті топ құрылды. Инклюзивті топтың негізгі бағыты – мүгедектігі бар азаматтардың құқығын қорғау жолындағы тиісті нормаларды, заңнамаларды жетілдіру. Бұрын әкімшілікке, жергілікті органдарға мүгедектігі бар бір азамат қызметке барса, қуанатын едік, ал Парламент мінберінде мүгедектігі бар азаматты көру үлкен арман болатын. Бұл арманның жүзеге асуын қамтамасыз еткен – осы реформалардың нәтижесі. Инклюзивті Парламент тобының бастамасымен мүгедектігі бар азаматтардың білім мәселесі, спорт мәселесі, жоғары білім алуы, ғылыммен айналысуы қамтылған тиісті нормалар ұсынылды. Арнайы бейімделген көлік шығару бойынша келіссөз жүргізіліп, тиісті бағыттар көрсетілді. Қазіргі таңда әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға «Наурыз» бағдарламасы енгізіліп, мүгедектігі бар жандардың жеңілдікпен үй алуына болады. Дегенмен біз сияқты жандарға бұл пайыздың өзі – үлкен ауыртпашылық. Бұл мәселені қайта қарауды, яғни мүгедектігі бар жандарға пайыздық мөлшерлемені едәуір түсіруді сұраймыз, – деді депутат Таңсәуле Серіков.

Тұрақтылық – басты құндылығымыз

Елдегі реформалардың қазіргі жағдайына экономист Жақсыбек Құлекеев өз бағасын берді. Ол ең үлкен өзгеріс ретінде жеке монополистердің үстемдігін шектей отырып, әділ нарық­тық бәсекелестіктің дамуына жол ашуға ба­ғытталған саяси-экономикалық ше­шім­дерді атады.

– Кезінде заңсыз жекешелендірілген біраз актив қайтарылып, шағын және орта бизнестің дамуына оңтайлы жағдай туды. Соның нәтижесінде шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 37 пайыздан асып, олардың ел экономикасына инвестиция салуға қызығушылығы арта түсті. Аталған саяси реформалар кейінгі жылдары экономиканың тұрақты дамуына ықпал етіп отыр. Соның нәтижесінде жалпы ішкі өнім өткен жылдың қорытындысы бойынша 288 млрд долларға жетіп, адам басына шаққанда 14 мың доллардан асты. Шетелдік инвесторлар өңдеу өндірісіне молынан инвестиция тарта бас­тады. Соның нәтижесінде елімізде жаңа өндіріс салалары пайда болып, өңдеу өндірісі қарқынды дамып келеді. Мысал ретінде Атырауда полиэтилен өндіретін Орта Азиядағы ең қуаты үлкен зауыттың іске қосылғанын, автомобиль өндірісінің тұрақты қарқынмен өсуін атап өтер едім. Ауыл шаруашылығында да жасалып жатқан реформалар нәтиже бере бастады. Бұған айғақ ретінде былтыр жиналған 27 млн тоннаға жуық астықты айтуға болады. Сондай-ақ ел экономикасының инфрақұрылымы жақсара бастады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа теміржол, автомобиль жолдары салынып, коммуналдық қызмет көрсететін нысандардың тозығы жеткен желілері жаңартылып жатыр. Әрине, мұндай оң өзгерістер қоғамның барлық саласында орын алып отыр, – деді Ж.Құлекеев.

Саяси шолушы Ғазиз Әбішев 2022 жылғы 16 наурыздағы Президенттің Жолдауы Қазақстанның дамуы үшін қажетті саяси реформалар негізін қала­ғанын айтып берді.

– Реформалар белгілі бір топтардың ықпалын болдырмауға, шынайы саяси бәсекелестікті қалыптастыруға жол ашты. Осылайша, жаңа саяси күштерге мүмкіндіктер берді. Қазақстанның сыртқы саясаты прагматикалық болуға тиіс. Қытай, Үндістан және Түркия секілді елдердің тәжірибесіне сүйеніп, популизм мен шетелдік пропаганданың әсеріне ұшырамауы керек. Сондықтан әлемдік аренадағы күштер балансын айқын бағалап, өзіміздің ұлттық мүдделерімізді ескеру қажет, – деді Ғ.Әбішев.

Түйіні тарқамаған түйткілдер

Президенттің саяси реформаларын іске асыру тақырыбын талқылау кезінде депутат Бақытжан Базарбек заңсыз беріл­ген ауыл шаруашылығы жерлерін мем­лекет меншігіне қайтару бағытында атқа­­рылып жатқан жұмыстарға тоқтал­ды.

– Қазіргі таңда 12,1 млн гектар жер қайтарылған, оның ішінде 4,9 млн гектары халық арасында бөлініп берілген. Бұл тек құрғақ цифрлар емес. Біріншіден, шешімнің артында нақты адамдар тұр, олар өз тәжірибесінде әділдіктің бар екенін және мемлекет оны қалпына келтіру үшін шын мәнінде күресіп жатқанын дәлелдеді. Екіншіден, қоғам санасында және саяси тәжірибеде жердің сатылмайтыны туралы түсінік орнығып жатыр. Президент атап өткендей, «Жер – біздің басты байлығымыз. Онсыз біздің мемлекет те болмайды». Үшіншіден, жер мемлекет меншігіне қайтарылып, тек заңды түрде бөлініп беріліп жатыр. Төртіншіден, жер тақырыбында саяси ұпай жинап, халықтың сенімін алуға және оны монетизациялауға тырысқан түрлі популистер мен псевдоактивистер әшкереленді, – деді депутат.

Ол жақында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының көптеген елге халықаралық ұйымдардың туы астында жалған демократиялық құндылықтар таңылып келгенін айтқанына тоқталды.

– Бұл ұйымдар миллиардтап келісім­­шарт­тар алған, оларды еш жерде жария­ламай, өз мүдделерінде еркін пайдаланып келеді. Либералды құнды­­­лықтар мен «демок­ратиялық мақсат­тарға» сілтеме жасап, кейбір қазақстандық ұйымдар, бел­сенділер мен құқық қорғаушылар халықаралық қорлардың ақшасына елі­міз­дегі кез келген оң өзгерістерді сынап, Қазақстан әрқашан үшінші әлем елдерінің бірі болып қалады, яғни «банандық рес­пуб­лика» деп пікір таратып отырды. Бұдан бөлек, бұл үкіметтік емес қорлар мен ұйымдар ішкі істерімізге ашық араласып, жүйелі түрде ақпараттық шабуыл­дар ұйымдастырып, халықты адастыру мақ­сатында популистік ұрандармен «прог­ресс пен демократия үшін» деп жасы­рын науқандар жүргізді. Біз айқын түсінуі­міз керек, еліміздегі барлық маңызды реформаның негізі – заң мен тәртіптің үстемдігін мүлтіксіз сақтау, – деген Б.Базарбек сот жүйесінде шешімін таппай отырған бірқатар мәселені атап өтті.

– Соттардың заңды күшіне енген шешімдері орындалмай келеді. Себебі баршаңызға белгілі. Ол үшін заңнаманы әлі де жетілдіруіміз қажет, кем тұстарын қоғамның бүгінгі сұраныстарына сай өзгерту маңызды. Мәселен, өзім Мәжі­лістің қабылдау бөлмесінде бір күнде 160-тан аса азаматты қабылдадым. Бұл Парламентке деген сенім болғанымен, жергілікті жерде шешілуге тиіс мәселелер тиісінше жүзеге аспай, орталыққа дейін жетіп жатыр дегенді білдіреді. Бұлай болмау үшін жергілікті органдардың жауапкершілігі мен жұмысын күшейту керек. Сот – әділдіктің, ақиқаттың, ең бастысы, адамның құқықтарын жан-жақты қорғайтын институтқа айналуға тиіс. Әзірше бұл толығымен іске аспай отыр. Тағы бір түйткіл – қоғамда мәселе шешкіш делдалдардың, яғни «помо­гай­ка­лардың» көбейіп кетуі. Бұл бойынша да әділ шешім қабылдап, оларға заңмен тосқауыл қойған жөн, – деді депутат.

Ал депутат Асхат Аймағамбетов Президенттің әлеуметтік саладағы заманауи саясатының жаңашылдықтарын тізбектей келе, уақыт күттірмей шешуді қажет ететін әлі де проблемалар барын еске салды.

– Осыдан алты жыл бұрын, мұғалім­дер­дің жалақысы екі есеге өседі, бас­тауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі, Ұлттық қордың қаражаты барлық баланың шотына ауда­рылып, қарапайым жұмысшы мамандары Ақордада мемлекеттік наградаларды алады десе, бұған сену тұрмақ, көпшілік бізді орындалмайтын арманды айтты деп сөгер ме еді? Бірақ заман өзгерді. Қазір бұл бастамаларға таңғалмақ түгілі қалыпты жағдай, норма ретінде қарайтын болдық. Әрқашан бәрі осылай болғандай қабылданып, тіпті уақтылы орындалмаса, проблема ретінде көтеретін болдық. Әрине, жасалған істер жетерлік, дегенмен әлі атқаратын ауқымды әрі түйткілді проб­лемалар да бар. Мысалы, МӘМС бо­йынша әлі шешілмеген сұрақтар көп. 3,5 млн МӘМС-пен қамтылмаған азаматтар, сапалы медициналық көмекке қолжетімділік, реттелмеген тарифтер проблемалары. Бұл мәселелерге Мемлекет басшысы арнайы тоқталып, тиісті тапсырмаларды берді. Тағы бір үлкен сұрақ – жүздеген мың азаматтық қызметкерлердің жалақысының төмен­дігі мен 500 мың мүгедектігі бар жан­дардың, бүгінгі нарық пен бағаларға сай келмейтін жәрдемақы мәселесін де бола­шақта шешуіміз қажет, – деді депутат.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Алматы қаласының эколо­гия­лық ахуалын жақсартудың жолын ұсынды.

– Мәжіліс қабылдаған «Аквамәдениет туралы» заң жобасының жұмыс тобына жетекшілік еттім. Алматыдағы экологиялық қатерге тағы да назар аударғым келеді. Шаһарда ауа сапасының нашарлағаны соншалық, алматылықтар мегаполистің қасіретіне назар аударту үшін қаланы шаңсорғышпен «тазалап» жатыр. Меніңше, қаладағы бұл мәселені электромобильдердің көмегімен шешуге болады. Мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік секторды электромобильдерге отырғызу керек. Алматы әкімдігіне электр қозғалтқышы бар қоғамдық көліктің үлесін арттырған абзал. Бүкіл такси мен автокөліктерді электр желісіне ауыстыру қажет, – деді ол.

Ұлттық болмысты сақтаудың кілті

Бүгінде елімізде Мәжіліс пен мәс­ли­хаттардың қарым-қатынасы одан әрі нығая түсті. Бұл байланыстың қою­лануына «Amanat» партиясы өткізіп келе жатқан «Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумы» тікелей әсер етті деуге болады. Жалпы отырыста халық қалаулысы Ринат Зайытов аймақтағы депутаттармен бірге атқарушы биліктің де қатары жаңарып, күшейе түскенін, бірқатар проблемалар ашық түрде тал­қы­ланып жатқанына баса назар аударды.

– Көтерілмей қалған мәселе, айтылмай қалған ой жоқ. Осылайша, қоғамды толғандыратын көптеген мәселе шешімін тауып, елдің іргесі беки түсті. Әрбір игі іс жүзеге асқан сайын халықтың билікке деген сенімі артып келеді. Халықтың үні, тағдыры мен болашағы, өмірі мен өзегі, бұл – Парламент. Ендігі сөзімді жеткен жетістіктерге емес, 30 жылда кеткен кемшіліктерге бұрғым келеді. Өйткені біз оған бүгін назар аудармасақ, ол ертеңімізге апат болып келуі әбден мүмкін. Өкінішке қарай, қазіргі қазақ қоғамы өте үлкен жылдамдықпен рухани дағдарысқа ұшырап барады. Күн сайын еліміздің әр түкпірінде бір отбасы бұзылып, бір оқушы зәбір көріп, бір адам кісі қолынан қаза тауып, біреу пара алып, біреу өзіне қол жұмсап, біреу алаяққа жем болып жатады. Мұндай мысалдар тау­сылмайды. Бүгінгі қазақ қоғамы туғанға тасбауыр, жақынға жау, досына дұшпан болып кетті. Қоғамның қатыгез бола бастауына не себеп болды десеңіздер, бірден жауап беру қиын. Өйткені оның себебі біреу емес. Тұрмыстағы таршылық, тәрбиенің жоқтығы, жеткіншектерге үлгі болатын тұлғалардың құбыжыққа айналуы, материалды байлықтың бірінші орынға шығуы, әлеуметтік желідегі белгілі тұлғалардан бастап әртүрлі дін мен ұлт өкілдерінің өзара ашық соғысы, т.с.с. осының бәрі адамның рухани тозып, қатыгез болуына әкеліп соғып жатыр. Тәрбие талбесіктен дегендей Қазақстандағы мультфильмнен киноға, балабақшадағы тақпақтан романдарға дейін адамдардың бойындағы мейірім мен бауырмалдықты, мемлекетшілдік пен әділдікті насихаттауы керек. Сонда ғана біз Қазақ мемлекетінің байрағын құлатпай, мәртебесін асқақтататын ұрпақ өсіре аламыз, – деді Мәжіліс депутаты.

Қазіргі уақытта елімізде қабылданып жатқан әрбір шешім – ертеңгі ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатқан маңызды қадам. Сондықтан реформаларды тиімді жүзеге асыру, оның халық өмірінде нақты нәтижесін көру міндет саналады. Осы ретте Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Ата заңымызға енгізілген өзгерістер өте ауқымды әрі оңтайлы екенін айтып сендірді.

– Мен 60 мемлекет мүше болып табылатын Еуропа кеңесі жанындағы Венециялық комиссия құрамында 8 жыл жұмыс істедім. Сондықтан әлем елдерінің конституциялық бақылау органдары жұмысын салыстырып, талдап айта аламын. Бүгінде әлемнің 119 елінде конституциялық бақылау органы жұмыс істейді. Кейбір елдерде оны сот билігі жүзеге асырады. Кейбіреулерінде Парламент қабыл­да­ғанға немесе қол қойылғанға дейін заңдардың Конституцияға сәйкес­тігін тексерумен, яғни алдын ала бақылаумен ғана шектеледі. Басқа елдерде конституциялық бақылау органдары қолданыстағы заңдарға қатысты кейінгі бақылауды жүзеге асырады. Енді келесі бір елдерде конституциялық бақылау үлгісі алдын ала және кейінгі бақылау элементтерін біріктіре отырып, аралас сипатқа ие. Ал Қазақстанда көптеген елде тараған үшінші үлгі енгізілді. Бұл жүйе қазірдің өзінде тиімділігін дәлелдеп отыр. Яғни адамдар Конституциялық сотқа тікелей жүгініп, өзінің азаматтық құқығын қорғай алады. Конституциялық сот өмірімізге енгелі, ел азаматтарының сот жүйесін бағалауы байқалып, белсенділігі артты. Оны нақты цифрдан да байқауға болады. Мәселен, Конституциялық сот өндірісіне 9 мыңнан аса өтініш түскені – соның айқын дәлелі. Венециялық комиссия мүшесі, француз Клер Бази Малоридің пікірінше, Конституциялық әділ соттың қазақстандық моделі еуропалық модельге етене жақындаған, – деді Ү.Шапақ.

Қазақстан қазір ауқымды саяси өзгерістер дәуірін бастан өткеріп жатыр. Елдің даму бағытын айқындау үшін өткен тарихқа көз жүгіртіп, саяси үдерістерді саралау маңызды. Жиында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров 90-жылдардың басында демократия мен плюрализмге бағытталған нақты қадамдар жасалғанын, Парламент пен атқарушы билік арасында белгілі бір тепе-теңдік сақталғанын сөз етті.

– 2010 жылдан бастап елдегі саяси дағдарыс ашық түрде өршіді. Жер реформасына қарсылық, халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеуіне наразылық ретінде кейбір әлеуметтік топтардың бас көтеруі орын алды. 2019 жылы дәл осындай күрделі кезеңде Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келіп, «Қазақстанда саяси реформалар жасамай, еліміздің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес» деп мәлімдеді. Саяси реформаларды жоспарлау мақсатында Ұлттық кеңес құрылып, онда Президент өкілеттігін Парламентке беру, оппозиция рөлін арттыру және Конституцияға өзгерістер енгізу мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ 2022 жылғы референдум нәтижесінде Президенттің бір ғана жеті жылдық мерзімге сайлану тәртібі енгізілді. Қысқа уақыт ішінде еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Қазіргі жаһандық саяси үрдістер Қазақстанға да әсер етеді. Сондықтан Тәуелсіздігіміз бен территориялық тұтастығымызды сақтау – басты мәселе, – деді депутат.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша депутаттар сөз сөйлеген соң Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов еліміздің барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерін Мемлекет басшысының төңірегінде топтасуға және Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негіз­делген қарар қабылдауды ұсынды.

Депутаттар бірауыздан қабылдаған құжат Қазақстанның осыдан үш жыл бұрын таңдаған жаңғыру мен әділетті қоғам құру жолына негізделген. Яғни Мемлекет басшысының байыпты бағдарының арқасында реформалар мызғымас сипатқа ие болып, әділеттілік, ашықтық және жауапкершілік қағи­дат­тары ел дамуының жаңа моде­лін қалыптастырды. Тоқетерін айтсақ, Мәжіліс Президенттің бағытына қол­дау білдіріп, ел азаматтарын басты да мызғымас мақсатымыз болып отыр­ған Әділетті Қазақстан құру жолында жұдырықтай жұмылып, бірігуге шақыр­ды.

Сонымен қатар жалпы отырыс кезінде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Қазақстан Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің

ҚАРАРЫ

Қазақстан үш жыл бұрын жаңғыру мен әділетті қоғам құру жолын таңдады. Президент көпшіліктің өзгерістерге деген сұранысын іске асыра отырып, мемлекетті нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасына бастамашылық етті.

Бүгін біз сол трансформацияны қорытындылап отырмыз: мемлекет күштірек, халық белсендірек бола түсті. Қоғам өмірінің барлық саласы мен саяси мәдениет түбірімен өзгерді.

Президенттің байыпты бағдары арқасында реформалар мызғымас сипатқа ие болып, әділеттілік, ашықтық және жауапкершілік қағидаттары ел дамуының жаңа моделін қалыптастырды.

Жаңа саяси философия

Президент елді басқарудың қоғаммен келісімге бағытталған жаңа моделін негіздеп берді:

  • Халық үніне құлақ асатын мемлекет – өз шешімдерін айтып қана қоймай, қоғамның сұраныстарына негіздеп, халыққа құлақ асатын билік.
  • Әділеттілік – заң барлығына бірдей және мүмкіндіктер баршаға қолжетімді болатын жағдай.
  • Күшті институттар – «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» формуласы бойынша билік тармақтары арасындағы оңтайлы теңгерім.

Құқық үстемдігі – тұрақты даму кепілі

Конституция – біздің ортақ келісіміміз және оның принциптері мызғымайды:

  • Халықпен бірге шешім қабылдау – мемлекет үшін стратегиялық мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға әрбір азамат қатыса алады.
  • Саяси бәсекелестік – көппартиялы болуының және аралас сайлау жүйесінің арқасында Парламент халық үніне айналады.
  • Конституциялық Сот – азаматтардың құқықтарын қорғаудың және институттардың тұрақтылығының кепілі.

Күшті институттар – тұрақты реформалар негізі

Елдің дамуы – тең диалог, өзара жауапкершілік және шешімдерді бірлесіп іздеу негізінде мемлекет пен қоғамның ортақ миссиясы.

  • Президент реформалар мен жаңғыртудың кепілі бола отырып, ел дамуының стратегиялық бағытын белгілейді.
  • Үкімет қоғамның қажеттіліктеріне назар аудара отырып, экономикалық, әлеуметтік реформаларды әзірлейді және жүзеге асырады.
  • Парламент заңдарды қабылдап қана қоймай, сонымен қатар мүдделер теңгерімін қамтамасыз ете отырып, бастамаларды қоғамдық талқылау алаңы ретінде қызмет етеді.
  • Азаматтық қоғам биліктің барлық тармағымен өзара іс-әрекет ету және қоғамдық бақылауды күшейту арқылы шешім­дер қабылдау процесінің белсенді қатысушысына айналады.

Азаматтық өзара іс-әрекет принциптері

  • Ашықтық – өз халқы үшін ашық мемлекет.
  • Есеп беру – мемлекеттік саясатты іске асыру үшін халық алдында жауап беретін билік.
  • Шоғырландыру – барлық негізгі шешімдер ортақ пікір негі­зінде және қоғамдық мүдделердің кең ауқымын ескере отырып қа­былданатын ел.

Әділетті болашақ жолындағы бірлік

Қазақстан – адал еңбек табысқа жетелейтін, заң тұлға­лар мен мәртебеден жоғары тұратын, ал болашағы халықпен бірге құрылатын ел.

Мәжіліс Президенттің бағытына қолдау білдіріп, бас­ты мақсатымыз – Әділетті Қазақстан құру үшін барлық азаматтарды бірігуге шақырады.

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»